Білімдіні қолдау – болашақты ойлау

Білімдіні қолдау – болашақты ойлау
ашық дереккөз
Білімдіні қолдау – болашақты ойлау
Еліміздің ертеңі – білімді, зейінді ұрпақ. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Бүгінде елдің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағы. Ал енді ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген шақта бұл топқа қалай қолдау білдіріп, қандай көмек қолын созып отырмыз?! Халықаралық Тараз инновациялық институтының дәл осы жолда үлкен жұмыс атқарып, үдеден шығып отырғанын айтқымыз келеді. Енді Халықаралық Тараз инновациялық институтын экономика ғылымдарының докторы Марат Баяндин басқарады. Жаңа ректормен таныстырған бұрынғы басшы Ерболат Саурықов оқу орнындағы орын алған өзгерістер мен жақсы жаңалықтарды да жария етті. «Институт ең алдымен түрлі әлеуметтік санаттағы студенттерге қолдау көрсету жұмыстарында үнемі ашықтық принципін ұстанады. Осыған дейін әр оқу жылы барысында түрлі сала бойынша жоғары жетістіктерге жеткен және әлеуметтік жағынан аз қорғалған студенттерге әлеуметтік қолдау көрсетіп келеміз. «Әртүрлі санаттағы студенттерге әлеуметтік жеңілдік беру» Ережесіне сәйкес соңғы оқу жылында 400-ге жуық студентке жеңілдіктер тағайындалған. Әлеуметтік аз қамтылған студенттердің тұрмыс жағдайына байланысты оқуларының төлемақысына жеңілдіктер жасадық. Бұл шараға 35 миллион 994 мың 250 теңге бөлінді. «Біз осы уақытқа дейін түрлі санаттағы 9-10 оқушыға жоғары оқу орнына дайындалуы үшін қаржы бөліп қарастырған болсақ, биылдан бастап 100 студентке ректор грантын тағайындап отырмыз. Мысалы, оқуды өте үздік бітірген, бірақ белгілі бір себептермен оқу грантын ұтып ала алмай қалған мықты оқушылар үшін арнайы тегін оқу грантын бөлдік. Олар біздің оқу орнының мақтаныштары болады деп сенемін», – дейді Ерболат Байұзақұлы. Бұған дейін де студенттердің білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыру, бастамаларын қолдау мақсатында және жоғары жетістіктерге жеткен студенттерге ректордың білім гранты тағайындалып келген. Университетте ғылым, өнер, спортпен айналысатын дарынды жастардың өзін өзі дамытуына, сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі студенттерге жеңілдікпен оқуға жағдай жасалған. Қай кезде де саналы, салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу ел дамуындағы аса маңызды фактор дер едік. Өз кезегінде еліміздің дамуына ерекше серпін беретін жастарға деген үлкен қамқорлық көрсетіп отырған оқу орнының бұл қадамы қуантарлық жағдай.

Ақбота ӘЛІМ.

Ұқсас жаңалықтар