Ғылымға жіті көңіл бөлінеді

Ғылымға жіті көңіл бөлінеді
ашық дереккөз
Ғылымға жіті көңіл бөлінеді
Биыл М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басшылығы оқу жүктемесін 680 сағатқа дейін қысқарта отырып, педагогикалық қызметкерлердің жалақысын 42 пайызға арттырған. Бұл жаңашылдық оқу ордасының профессор-оқытушы құрамының ғылымға ден қоюына барынша ықпал етеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы – ректоры Талғат Ешенқұлов баспасөз мәслихатында оқу жылының қорытындысы жайында кеңінен баяндады. Былтыр М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқу жылы табысқа толы болыпты. Білім ордасының тәуелсіз халықаралық аккредиттеуден өткені оқу жылында қол жеткізген үлкен жетістіктердің бірі болды. Осындай оң нәтижелер жайында баяндаған Талғат Ілиясұлы 2027 жылға дейін 5 жылға білім беру қызметін жүзеге асыру, сондай-ақ студенттерді, магистранттарды және докторларды даярлау үшін институционалдық аккредиттеу сертификатын алғаны туралы айтты. Түсінгенге осы жетістіктің өзі бір төбе. – Былтырғы оқу жылындағы қабылдау науқанының нәтижелі жұмысының арқасында білімді, үздік талапкерлерді оқуға қабылдап, студенттердің үлкен контингентін қалыптастыра алдық. Бұл университет үшін маңызды көрсеткіш. Университетке 5165 студент қабылданды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 503 білімгерге көп. Атап айтқанда, күндізгі оқу бөліміне 3261 студент қабылданды. Оның ішінде 915-і республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарының иегері болса, 49-ы алтын белгі иегері, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтағы отбасылардың үміт еткен ұл-қыздары бар. Тағы 17-сі жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік грант иегері атанған, – деді Талғат Ілиясұлы. Әр жылы университет студенттері қор, мемлекеттік ұйым, бизнес құрылымдардан еңбегіне лайық Президенттік шәкіртақы немесе оқу гранттарын алатыны белгілі. Соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша Дулати университетінің 243 студенті Президент шәкіртақысына ие болды. Сондай-ақ KAZENERGY қауымдастығынан техникалық дайындық бағыты бойынша 137 студенттің грантқа ие болғанын атап өткен жөн. «Білім алушылар контингенті құрылымының сапалық құрамын қалыптастыру бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылды. Өзгерістер білім алушылардың жалпы санындағы күндізгі бөлім үлесінің 8,6 пайызға, сондай-ақ грантта оқитын білім алушылар санының 305 адамға артқанын атап өткен жөн, бұл мамандарды неғұрлым сапалы даярлау үшін қажет десек болады. Бұл жұмыс қазір де жалғасуда», – деп атап өтті университет ректоры. Жаңа оқу жылында Дулати университетінде өңір үшін әзірленген 172 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Атап айтсақ, бакалавриаттың 88, магистратураның 73, докторантураның 10 білім бағдарламасы әзірленген. Былтыр әзірленген бағдарламаның бәрі өзектендіріліп, жаңартылған. Соның нәтижесінде тиісті министрлікте 16 жаңа бағдарлама тіркелген-ді. Жалпы алғанда биыл университет басшылығы ғылымға басымдық беріп, жас зерттеушілердің ғылыми жобаларын қаржыландыру, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында қыруар шаруа атқарғанын айту керек. Университетте халықаралық байланыстарды арттырып, жас ғалымдардың тәжірибе алмасуы, тағылымдамадан өтуі секілді мәселелер де оңтайлы шешімін тапқан.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Ұқсас жаңалықтар