Табиғат байлығы талауға түсуде
Аймақта балық шаруашылығы жаңа дамып келеді. Бірақ табиғатқа зиянын тигізуші қаскөйлердің өзен-көлдердегі балыққа қырғидай тиюі азаяр емес. Өңірімізде олардың пайдалануға тыйым салынған полиамидті, мототалшықты синтетикалық тор, қолдан жасалған шанышқы сияқты құрал-саймандар қолданып, тиісті рұқсат қағазынсыз балықты қырып жоюы жалғасуда. «Әсіресе браконьерлер тарапынан қылмыстық іске жататын электрқармақ салу ісі балықтар дүниесіне едәуір зардабын тигізіп отыр», дейді Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Жамбыл инспекция бөлімінің бас маманы Бақытбек Жүнісбеков. Ең өкініштісі, электрқармақ пен синтетикалық торлардың тасымалдануына тиісті мекемелер тарапынан тыйым салынбауда. Соның салдарынан табиғат қорғаушылары мен полиция қызметкерлері көліктерінен мұндай құрылғылар табылған азаматтарға қандай да бір шара қолдануға да қауқарсыз. Ал электроқармақтың алуан түрі Ресей мен Қытай мемлекеттерінен шекара асып, жасырын жолмен жеткізілуде. Тіпті мұндай құралдарды қолдан жасап, өткерушілер де бар көрінеді. Табиғат байлығына ашкөздікпен қарайтын адамның ойына не келмейді десеңізші?
Бүгінгі таңда облысымыздағы өзен-көлдерде осы құрылғыны қолданып, балық аулап жүргендер аз емес. Шу-Талас облысаралық бассейндік инспекциясыныңбасшысы Болат Асамбековтің айтуынша, жыл басынан бері облыста өзен-көлдерге ау салған 40 оқиға тіркеліп, барлығына әкімшілік айыппұл салынған.
– Табиғатқа, қоршаған ортаға зиянын тигізушілер әлі де азаймай отыр. Биыл облыста электроқармақпен Жуалы мен Меркі аудандарында екі адам ұсталды. Оның бірі Билікөл көлінде орын алса, екіншісі Аспара өзенінде болды. Билікөлде ұсталған күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал Аспара өзенінде электрқармақпен балық аулаған азаматқа әкімшілік жаза тағайындалды. Бұл жазамен біз келіспей отырмыз. Оның айыппұлмен құтылып кетуіне жол бермеуіміз керек. Оның электрқармақпен балық шаруашылығына тигізген зияны
көп, – дейді ол.
«Бір өкініштісі электрқармақтан аман қалған балықтар бұдан кейін уылдырық шаша алмайды. Бұл біркүндік қана пайданы көксегендердің қаперіне кіріп те шықпайды. Жоғары қуатты электрлі құрылғылар пайдаланылған кезде сол тұстағысуасты микроорганизмдері түгелге жуық жойылып та кетеді. Бұл – суасты тіршілік иелеріне келген зауал, балық атаулы нәр қорегінен айырылды деген сөз», дейді инспекция басшысы.
Инспекция қызметкерлері тарапынан жыл сайын тұрақты түрде рейдтік тексерулер ұйымдастырылып келеді. Облыстық ішкі істер департаменті, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық көліктік бақылау инспекциясы бірлескен іс-шараларды ұдайы жүзеге асырып та отырады. Браконьерлердің басынуына жол бермеудің тағы бір амалы – инспекция мамандары мен табиғатқа жанашырлық таныту топтары тарапынан ауыл тұрғындары арасында тиісінше түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көрінеу қаскөйлікке қарсы күреске жергілікті тұрғындар мен еріктілерді көптеп тарту болып табылады. Бұл істе сәтімен үйлестірілу үстінде.
«Табиғат – біздің болашақ ұрпақтарымызға қалдыратын басты байлығымыз. Осы ретте қалай болғанда да түн жамылып көл кезген жырындылардың жолын кесудің барлық амалын жасап бағуымыз керек-ақ. Әйтпеген күнде табиғатты тонау есебінен оңай табыс табуды діттейтіндер «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» талай көлдің түбіне жетері анық», дейді инспекция басшысы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді