«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЕР ЕЛІНЕ СҮЙЕНЕДІ

ЕР ЕЛІНЕ СҮЙЕНЕДІ
ашық дереккөз
ЕР ЕЛІНЕ СҮЙЕНЕДІ

67Бақытжан ЕРТАЕВ, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант, Парламент Мәжілісінің депутаты.

Адамға барлық қасиет туған жердің топырағынан, ананың сүтінен даритын болуы керек. Жуалыны көпшілік батырлар, генералдар елі деп айтады. Бұл пікірге келіспеске болмайды. Батырлық та, елдік те туған жерден дариды. Жуалының төсінде өскен, адалдық пен батылдықтың тәжіне айналған Бауыржан Момышұлымен жерлес болғанымды мақтаныш етемін. Туған жерден алыстағы ауған, неміс жерінде болғанда да мен бір сәт Әулиеатаның ақ теректерін, жайдары халқын, Жуалының биік жоталарын бір сәт ұмытқан емеспін. Ауған жерінде аузыма Алланы алғызған, кәлимаға тілімді келтірген, пұштындармен сөйлесуіме, ақыры ортақ тіл табуыма көмектескен менің туған жерімнің киесі екенін жақсы білемін. Генерал болдық, оқалы погон тақтық. Бойыма қуат берген туған жерге тағы да, тағы да, сан мәрте табындым. Елбасының қолынан генерал погонын алғанымда: «Бар саналы ғұмырымды Қазақстан атты қасиетті Отанымды көздің қарашығындай қорғауға арнаймын» деп ант бердім. Сол антымды басыма қандай қиындық түссе де бұзған емеспін. Жамандықты еске алғым келмейді. Адал адам азбайтындығын түсіндім. Елбасы кеудеме Халық Қаһарманы жұлдызын қадап тұрғанда жүрегім жарылып кетерліктей қуандым. Қуанышты анаңмен, туған елмен бөлісу қандай бақыт. Сол күні тұлпарға мініп, жер жәннәті Жуалыға шауып кеткім келді. Оның сәті түспеді. Сол екі арада Түрік еліне барып келдім. Еліміздің Қарулы Күштерінің Бас штабын басқарып тұрған кезімді жиі еске аламын. Зерделеп қарасам, сол кезде елдің бүкіл Қарулы Күштері шығысымызда шоғырланған екен. Сондықтан да мен кеңес кезеңінің ойлауынан арылып, жаңаша құруды Бас Қолбасшыға дәлелдедім. Бас Қолбасшы Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының орталығы қайда болатынын сұрады. Мен Таразда болуы тиімді екенін айттым. Президент жылы жымиып: «Ауылыңа жақындатып алыпсың ғой», – деді. Одан кейін картаға төне түсіп, Жуалы ауданының аумағына қадалған кішкентай жалаушаны көріп: «Мынау не?» – деді. Мен бұл жерде тауда ұрыс жүргізуге бейімделген атты шолғыншы батальон орналасатынын айттым. Бас Қолбасшы күліп жіберді де: «Үйіңе кіргізіп алыпсың ғой», – деді. Осы бір оқиға есіме түскен сайын Елбасының ерекше сергектігіне, аңғарымпаздығына таңқалам. Менің кішкентай болса да туған жерге қарай бұрып тұрғанымды іштей сезіп, соны мақұлдағандай рай танытуы ол кісінің кеңпейілдігі деп түсіндім. Елбасы кеудеме Халық Қаһарманы Алтын Жұлдызын тағып жатқанда көңілім босады. Мен бүкіл болмысыммен халқыма, Президентіме қарыздар екенімді түсіндім. Менің азаматтық жүгім бұрынғыдан да ауырлай түскенін білдім. «Қазақстанның өркендеуі жолында алып атан түйеге жүк болар кез-келген ауыртпалықты көтеруге және оны абыроймен атқаруға, елім үшін жанымды қиюға әрқашанда дайынмын!» – деп, Отаныма ант бердім. Бұл құр бекерге айтыла салған лепірме сөз емес. Бұл менің жан сырым, жан толғанысым! Меніңше әрбір әскери Отаны үшін жанын пида етуге әрқашанда дайын болуы керек. Маған берілген атақта бүкіл ауған соғысы ардагерлерінің үлесі бар. Елбасының алдында мәңгі қарыздармын. Мәртебелі қызметтерді сеніп тапсырды. Адалдығыма сенді. Елбасының, ел-жұртыңның сенімінен артық ешнәрсе жоқ. 60 жасқа толғанымда ағайын, дос-жараның, туған халқымның менімен қуанышымды бөліскенін көргенде көзіме қуаныштың ыстық жасы келді. Мұның бәрі сенің арқаң, туған жер, айналайын Әулиеата!

Ұқсас жаңалықтар