«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүз пайыз қаржымен қамтылса да, жұмыстың жартысы ғана орындалған

Жүз пайыз қаржымен қамтылса да, жұмыстың жартысы ғана орындалған
ашық дереккөз
Жүз пайыз қаржымен қамтылса да, жұмыстың жартысы ғана орындалған
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков облысқа сапары барысында Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, жұмысымен танысты. Ең алдымен Айша бибі көшесінің соңындағы көпір мен айналма жол мәселесімен танысқан депутат нысандарды аралаудағы басты мақсатын атап өтті. – Сапарымыздың ең басты мақсаты – облыс бойынша қандай проблемалық нысандар бар, соны зерделеу. Өйткені алдағы қыркүйек-қазан айларында республикалық бюджетті нақтылау болған кезде біз өз тарапымыздан ұсыныс дайындауымыз қажет. Сондай-ақ республикалық бюджеттен 2022-2024 жылдарға Жамбыл облысына қосымша 47 миллиард теңге бөлініп берілген болатын. Бүгінгі таңда сол қаражат қай деңгейде, қалай игеріліп жатыр, соны бақылау. Ал келесі кезекте бізді қолдап дауыс берген азаматтармен кездесіп, солардың сауалдарына, ұсыныстарына назар аудару. Бұл мақсатта аудандарды аралау жоспарлануда, – деді Бекболат Серікбекұлы. Келесі кезекте Сенат депутаты «Арай» алқабында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Өткен жылдың шілде айында басталған құрылыс нысаны биылғы оқу жылында пайдалануға берілмейтін түрі бар. Жүз пайыз қаржымен қамтылса да, жұмыстың тек жартысы ғана орындалған. Мердігер «БазисДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері нысанды тек қараша айында аяқтайтындарын айтады. Оқушылар бірінші қыркүйекте жаңа мектепке баруы үшін мердігер барын салып жұмыс істеуі керектігін ескерткен Бекболат Орынбеков алдағы тамыз айында да бұл нысанға қайта айналып соғатынын айтты. Сенатор барған келесі нысан – «ТаразЭнергоОрталық» АҚ-ға қарасты төртінші қазандықтың жұмысы болды. Аталған қазандық осыдан 33 жыл бұрын салынып, бүгінде мүшкіл халде тұрғанын айтады мамандар. Сенатор да бұл мәселемен бұрыннан таныс екенін, сондықтан бұл қазандықтың қасынан қосымша тағы біреуін салғызу үшін барынша ойласып, жан-жақты қолдау білдіретінін жеткізді. – 2016 жылы құны 1,7 миллиард теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған болатын. Арнайы жер бөлінді. Оған тағы бір қазандық қойылуы керек болатын. Оған облыстан 80 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылды. Бірақ аяқталмады, – деген депутат оны алдағы уақытта қалайша іске асыруға болатынын талқылады. Бұл қазандықтар жаңартылып, іске қосылған жағдайда Тараз қаласындағы 15-ықшамауданын жылумен толыққанды қамтуға мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ Бекболат Орынбеков 15-ші ықшамаудандағы тұрғын үй құрылысымен, облыстық онкологиялық диспансердің, 14-ықшамауданында орналасқан мүгедектерді оңалту орталығының, «Барысхан» алқабындағы мектептің құрылысымен, Талас өзені жағалауын нығайту жұмысымен танысты. Аталған нысандардағы кем-кетіктерді ескертіп, сапасына назар аударуды айрықша атап өтті.

Маржан РАҚАЙ

Ұқсас жаңалықтар