Туған жердің түні де тәтті

Туған жердің түні де тәтті
ашық дереккөз
Туған жердің түні де тәтті

70Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, мемлекет және қоғам қайраткері.

Қайда жүрсең де жүрегіңе ерекше жақын, жаныңа өзгеше ыстық бір жер тұрады. Ол – сенің алтын бесік туған жерің. Мен үшін ол жер – бүгінде жыр алыбының есімімен аталатын Жамбыл облысы мен оның көне де қасиетті Шу топырағы. 71 72Мен осы өңірде дүниеге келдім. Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепте орта білім алдым. Мектепте оқып жүріп, жазғы демалыс кездерінде шаруашылықта жұмыс істеп, алғаш рет еңбектің дәмін таттым. Сөйтіп жүріп, өз қатарластарым сияқты туған жерімді тереңірек танып-білуге, елдің, Отанның қадір-қасиетін сезіне түсуге тырыстым. Менің жаныма Шу өңірінің бала кезден көріп өскен сексеуілді құмы да, басынан көне тарихтың талай зобалаңын өткерген жазық даласы да, қыстағы ызғарлы суығы да, жаздағы аптабы да, жаны жайсаң, еңбеккер, ақжарқын адамдары да – бәрі-бәрі де ерекше ыстық. Алайда, менің мектеп бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдап, маман болып қалыптасқаннан кейінгі еңбек жолым туған жерімнен өзге өңірлерде жалғасты. Есейген шақтағы өмірімнің көп жылдары аяулы Алматыда, комсомол, партия жұмысында және Президент Әкімшілігінде қызметте өтті. Елордамыз Ақмолаға ауысқаннан кейінгі тіршілік баяны бүгінде жаңа елордамыз Астанада жалғасын табуда. Бірақ мен атам мен әжем өмір сүріп, мәңгілік мекенін тапқан, аяулы әкем мен анам бүкіл саналы ғұмырын өткерген, бауырларым дүниеге келіп, өмірдегі өз жолдарын айқындаған, өзім бақытты балалық шағымды бастан өткерген Шу өңірімен байланысымды үзген емеспін. Жас кезімде Шуға еңбек демалысы кезінде, мерекелер тұсында, қолым қалт еткен сәттерде барып жүрдім. Қызметтік іссапармен барған кездерім де болды. Жамбыл облысының қазіргідей көркейіп, кемелденуіне Өмірбек Байгелді, Амалбек Тшанов, Сарыбай Қалмырзаев, Серік Үмбетов, Бөрібай Жексембин, Қанат Бозымбаев, Кәрім Көкірекбаев сияқты басшылардың да көп еңбек сіңіргендігінен жақсы хабардармын. Облыс өмірінен жан-жақты хабардар болып отыруыма осы азаматтармен жиі жүздесіп, облыстың бүгіні мен болашағы туралы кеңінен пікір алысып жүруіміздің де көп ықпалы болды деп есептеймін. Осы өңірде туып-өсіп, кейіннен халқымыздың үлкен тұлғаларына айналған жерлестерім – кешегі өткен қайраткер ағам Қаратай Тұрысовпен, сондай-ақ, өздерінің қаламгерлік қарымымен, ғалымдық дарынымен әрі зиялылығымен қазаққа кеңінен танылған Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков сияқты айтулы азаматтармен сыйластығымды өмірдегі зор рухани байлығым деп санаймын. Өйткені, олармен сұхбаттас болу, ғибратты әңгімелерін тыңдау, тағылымы мол кітаптарын оқудың өзі бір ғанибет емес пе? Олар – халқымызға көне Тараз топырағы тарту еткен, өсе келе бүкіл ұлтымыздың мақтанышына айналған тұлғалар. Мен табиғаты көркем, жері тарихи ескерткіштерге бай, климаты тіршілік үшін қолайлы әрі тоғыз жолдың торабына, ежелгі Жібек жолының бойына орналасқан облыстың келешегі кемел болатынына сенемін. Бүгінде еңсесін тіктеп келе жатқан өндіріс саласын айтпағанның өзінде, облыстың туризмді дамытудағы келешегі де көп үміт күттіреді. Соңғы жылдарда шағын және орта бизнестің кеңінен қанат жаюы, облыс орталығы Тараз қаласынан бастап, барлық елді мекендердің де өңіне қан жүгіре бастауы сол үмітімізді үкілендіре түседі. Жолым түскен сайын облыс орталығы мен ауылдық елді мекендердегі оң өзгерістерді көргенде қуанамын. Жамбыл облысы – халқымыздың ана тілі мен салт-дәстүрі жақсы сақталған, есімдері елімізге кеңінен танымал талай-талай өнерпаздар мен дарын иелері шыққан өлке, ән менен жырдың мекені. Әрине, осындай өлкеде өмірге келіп, ер жетудің өзі бір бақыт, зор мақтаныш. Әрине, жүрегіміз соғып тұрғанда туған жерге деген махаббатымыз бен құрметіміз ешқашан солғын тартпақ емес.

Ұқсас жаңалықтар