ЖАМБЫЛДА ЖАСАМПАЗ ХАЛЫҚ ТҰРАДЫ
Қанат БОЗЫМБАЕВ, Павлодар облысының әкімі. Облыста төрт жыл бір айға жуық әкім болып еңбек еттім. Менің облыс басшылығына келген уақытым Тәуелсіз Қазақстанның алға қарай қарыштап, өсіп-өркендеу кезеңімен тұспа-тұс келді.Қайда барсақ та алдымыздан ақжарқын азаматтар шықты. Үлкендер батасын беріп, жаңа қызметіме жеміс тіледі. Облыс әкімі болып тағайындалғаныма көп уақыт өтпей жатып, Елбасы өңірге жұмыс сапарымен келді. Көне де, жаңарған Тараз қаласының төрінде еліміздің химия өнеркәсібі басшыларын жиып, алқалы жиын өткізді. Сонда облыстың тыныс-тіршілігін баяндап тұрып, Ресейдің «ЕуроХим-Тыңайтқыш» компаниясы Қаратаудың фосфор кенін игерейін десе, Үкімет кеңсесі мен тиісті министрліктер мен ведомстволардан неше түрлі кедергілерге тап болатынын хабарламама сыналап кіргізіп, айтып жібердім. Елбасы бұдан былай Үкіметтегі және министрліктердегі шенді-шекпенділер шетел компаниясының жолына кедергі бола алмайтынын қадап айтты.
Айтқандай сең қозғалды. Қаратау мен Жаңатас қаласының инфрақұрылымын дамытуға компания миллиондаған доллар бөлді. Қаратау қаласының іргесіндегі өздерінің иеліктеріне алған «Сарытас» акционерлік қоғамының жұмысшы-қызметкерлерінің жылдар бойы «мұздатылған» жалақысы мен салыққа қарыз миллиондаған теңгесін қайтарды. Жаңатас және Қаратау қалаларында босап қалған көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуге де қыруар қаржы бөле бастады. Былтыр қараша айында Сарысу ауданының аумағындағы «Көкжон» кенішінде ресейлік компания кеншілерінің жұмысына сәттілік тіледім.
Облысқа әкім болып келісімен қолға алған тағы бір шаруа – аудандық және облыстық мәндегі жол мәселесі. Алдағы жылды облыстағы «жол жылы» деп жариялап жіберіп, көп тірлік тындырдық. Мұндай аса ауқымды жұмыс бір адамның қолынан келмейді. Біздің жұмысымызға облыстық мәслихат өзінің өкілеттігі шеңберінде қолдау-көмегін көрсетіп отырды.
Облыстың 75 жылдық мерейтойына орай сөз алып отырған соң, 2000 жылдық тарихы бар Тараз шаһары туралы әңгіме қозғамай өте алмаймыз. Үкіметтен 25 жыл бойы әртүрлі себептермен бекітілмей келген қаланың бас жоспарын бекіту қажет болды. Сәтін салып, бекітіп алып, іске кірістік. Бас жоспарға сай орталық базар көшіріліп, ежелгі Тараз қаласының орны аршылуы тиіс болды. Мыңдаған адам нәпақасын тауып, күн көріп отырған үлкен сауда орнын көшіру оңайға соқпады, әрине.
Орталық базар қала шеттеріндегі заман талабына сай жабдықталған бірнеше базарға қоныстанды.Қазба жұмыстары алғашқы кездің өзінде нәтижесін берді. Сан ғасырлық құнды жәдігерлер бірінен соң, бірі аршылып жатты. Төле би даңғылының бойындағы қайта күрделі жөндеуден өткен облыстың бас мешіті мен іргедегі медресе де туристер тоқтайтын киелі ордаға айналады. Осы іргелес салынған имандылық ордаларын облыста құрылыс нысандарын жүргізіп жатқан компаниялар орталарынан миллиондап қаржы шығарып, Шығыс сәулетінің архитектуралық ерекшеліктерін пайдалана отырып, көздің жауын алардай күрделі жөндеуден өткізіп, салып берді. Облыс орталығындағы №13 «Бәйтерек» шағын ауданында бірнеше көпқабатты тұрғын үй бой түзеп, балалар ауруханасы мен «Тараз-Арена» спорт кешені есігін айқара ашты. Өндірісті өңір Павлодар облысының тізгінін ұстағанда қалай болар екен деп ойлаған да жоқпын. Өйткені, кие қонып, қасиет дарыған Жамбыл облысынан тамаша мектептен өтіп келдім. Қылшылдаған 40 жастың төрін осында өткізіп, жоғарыда сөз еткендей төрт жылдан аса уақытта жамбылдықтармен бірге болдым. Қамқор аға, қатар- құрбы, сырлас дос, ізетті іні таптым. Екі перзентім осы қасиетті де, киелі өңірде дүние есігін ашты. «Қазақстанның әр өңірі қазақ үшін туған мекен, алтын аймақ» десек те маған Жамбыл облысы өте ыстық...
Той құтты болсын, жамбылдықтар! Тәуелсіз Қазақстан гүлдене берсін! Әр отбасына аманшылық тілеймін.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді