Бір шаңырақ астында

Бір шаңырақ астында
ашық дереккөз
Бір шаңырақ астында

Облысымызда бірнеше ұлт өкілі тату-тәтті бір шаңырақ астында мекендеп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланған 2015 жыл да жақындап қалды. Сондықтан оған дайындық мәселесі де қазіргі таңда өзекті болып тұр. Облыс әкімдігінде облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында осыған байланысты сұрақтар пысықталды. Оған кеңес мүшелері, басқармалар мен мекеме басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн режімде қатысып отырды. 

Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, өңірдің дайындығы биылғы маусым айынан басталған. Этномәдени бірлестіктермен өткен отырыстарда мерекелік жылға дайындықтың негізгі кезеңдері талқыланған, оны ұйымдастыру, өткізу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы ұсынымдар берілген. Ассамблея жылын өткізу және дайындық жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Атаулы жылды атап өтуге 80 миллион теңгеге жуық қаржы қаралыпты. Жұмыс жоспары бойынша өткізілетін шаралар негізгі бес бағытқа бөлінген. Атап айтқанда, ұйымдастыру-әдістемелік, ақпараттық-түсіндіру, ғылыми-сараптамалық, халықаралық сипаттағы және көпшілік шаралары. Олардың әрбірі бойынша облыс әкімдігінің басқармаларынан, аудан, қала әкімдерінен жауапты адамдар бекітілген. Қазіргі уақытта, жоспар жобасы Үкіметтің қарауына жіберіліпті. Ол қабылданып келген соң, арнайы комиссия отырысында барлығына нақты тапсырмалар берілмек. «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы да дайындық барысында жүзеге асырылуда. Ассамблея өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері облыстың барлық аудандарын аралап, елуге жуық іс-шара өткізіп, тоқсан адамға қайырымдылық көмек көрсеткен. Аудан тұрғындарымен кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі түсіндіріліп, «Үйден үйге» акциясы барысында ол туралы толық ақпарат жазылған парақшалар таратылыпты. Ал қараша айында өңіраралық ғылыми-практикалық конференция өткізілмек. Жалпы алғанда, бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылса, алда әлі қыруар шаруа күтіп тұр. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Лариса Лысова облыс ассамблеясының ХVІІ сессиясы мен кеңейтілген отырысында қала, аудан әкімдеріне берілген тапсырманың орындалуын баяндады. Облыс басшысы Жуалы, Т.Рысқұлов аудан әкімдеріне онлайн байланыс арқылы неліктен ассамблеяға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбегендігін сұрады. Аудан әкімдері келер жылы бөлуге уәде берді. Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында берген тапсырмасы бойынша «Тілдер туралы заңның» орындалуы туралы, ал Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев, Меркі ауданының әкімі Бахтияр Көпбосынов аудандағы этномәдени бірлестіктердің жұмыстары жайлы баяндады. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласында ағылшынша атаулардың көбейіп кеткендігіне қынжылыс білдірді. «Бүгінгі күннен бастап «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясындағы жұмыстарды елді мекендерде, аудандағы еңбек ұжымдарында жандандырыңыздар. Тапсырма біреу ғана, ол – халықты бірлікке бастаудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін көрсету. Бұл жұмыстарды 2015 жылдың бірінші ақпанына дейін аяқтаңыздар. Ассамблея жылы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығын өткізу жөніндегі Ұлттық жоспарда көзделген шараларды өз деңгейінде өткізу үшін дайындықты сапалы жүргізіңіздер», – деді облыс басшысы. Жиын соңында, ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Тұрдиеваға, «Мейірім» медициналық орталығының бас дәрігері Гүлчехра Маметоваға, облыстық тері-венерологиялық диспансердің бас дәрігері Данияр Әбдусәметовқа Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Украина, Қазақстан халықтық бизнес рейтингі Одағының марапаттары тапсырылды.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар