Батырлықтың үлгісі – қайран Бекжан
Редакцияға, менің кабинетіме бірде алпыс жастың үстіне шыққан кісі келді . Таяққа сүйенген азамат бірден «Менің атым – Аралбек. Сендер осы ең керек дүниені жазамыз дейсіңдер ғой. Батыр Бекжан Тіленшиев туралы неге жазбайсыңдар? Жазсаңдаршы», деді. «Жазамыз» деп уәде бердім. Ертеңіне жаяу-жалпылап тағы келіп, мені Тараздағы «Арай-2» шағын ауданында тұратын әпкесі Жеңіскүлдің үйіне алып барды. Жеңіскүл үйінде екен. Шағын дастарқан жайып қойыпты. Мен әлі ештеңе түсінер емеспін. Оны жасырмай айтып едім, Жеңіскүл де: «Аха, ештеңе түсініп тұрмағаныңыз көрініп тұр», деді. Сөйтсем, мен 2016 жылы 24 сәуірде қоғам тыныштығын сақтауда ерен ерлік көрсеткен, тұрғындардың тыныштығы жолында тапқан жарақаты салдарынан кейінірек қайтыс болған полиция қызметкері, ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Бекжан Тіленшиевтің шаңырағына, өмірінің соңғы күндерін өткізген пәтеріне келіп тұр екенмін. Сол бір ғана оқиға болмағанда... Өңірімізде ержүрек полицейлердің қатары кемімес еді. Сол бір ғана оқиға болмағанда бір әулет бозым баласынан айырылып қан жұтып, қара жамылмас еді. Сол бір ғана оқиға болмағанда бір-бірін құлай сүйген екі жас отау құрып, сүйіспеншілік пен махаббатқа толы берекелі шаңырақтың иесі атанар еді. Бірақ, өкінішке қарай сол бір оқиға түптің-түбінде болды.
2016 жылғы 24 сәуір. Полицей Бекжан Тіленшиев түс ауа кезекшілікте тұрған. Кенет Тараздағы Сейфуллин көшесінде, Бекжанның көз алдында үш қарулы қылмыскер көшеде бір азаматты атып, өздері көлікпен қаша жөнелген. Үш бірдей қылмыскерге жалғыз Бекжан не істей алады? Сол жерде қала берсе де болар еді. Бірақ өйтпеді. «Осы жұмысқа тұрарда Ант бергенмін. Антыма адал болуым қажет», деді де таксиге міне салып, үш қылмыскердің соңына түсті. Олар 6-шағын аудандағы 18-көпқабатты үйге кіріп кетеді. Бұл да жүгіріп артынан кіреді. Жолай учаскелік инспектор Данияр Зәуірбековті қолымен ымдап шақырып үлгереді. Данияр да сонда жетеді. Бұлар барғанда қылмыскердің бірі Бекжанға қару кезеніп тұрады. Бекжан да қаруын кезеніп: «Ақымақ болмаңдар, қаруларыңды тастаңдар», деп бұйырады. Қылмыскер қаруын тастамай, Бекжанға оқ жаудырады. Бекжан да атып үлгереді. Бірақ, қылмыскердің оғы Бекжанның мойын омыртқасына тиеді. Жұлынға да зақым келген екен. Ал қылмыскердің бірі сол оқиға орнында қаза тауып, екеуі кейінірек арнайы жасақтың көмегімен қолға түсті. Ал сол оқиға Бекжанды барлық арманынан алыстатып, мүгедектер арбасына таңып тастады.
Бекжан Мамырұлы кім еді? Қандай арманы бар еді? Енді сол жағын тарқатып көрейік. Бекжан Жуалы ауданы, Шақпақата ауылында 1989 жылы өмірге келген еді. 2007 жылы осы ауылдағы Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектепті, 2010 жылы Алматыдағы бизнес колледжін бітірген болатын. Онан соң әскерге барып келді. Негізгі арманы әскери адам болу еді. Оған әскери оқуға түсудің сәті түспей, жергілікті полиция қызметінің патрульдік бекетіне қызметке тұрған болатын. Төрт жылдан астам уақыт табысты еңбек етті. Полиция қызметінің 25 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталған. Өзге де марапаттары бар еді. Шаңырақ көтеру жағын да ойлап, Арайлым Әзімбаева деген қызбен көңілі жарасып, тәтті армандары бір тілекте, бір жүректе тоғысып еді. Екеуінің махаббаттары кіршіксіз еді. Екі жүрек бір жүрекке айналып келе жатыр еді. Тіпті 31 сәуірге үйленуді де жоспарлап, екі жақ та қызу дайындық үстінде еді. Бар болғаны бір апта ғана уақыт қалып еді ғой... Шераға айтпақшы, «Бір кем дүние...». Арайлым иманды, ибалы, кішіпейіл қыз екен. Бекжан оқыс жағдайға түскенде алғашқы болып жансақтау бөліміне барғандардың бірі – осы Арайлым. Тіпті елордада госпитальда жатқанда да қасында болады. Бекжан: «Арайлым, саған ризамын. Қиын кезде тастамадың. Қазір де қасымдасың. Бірақ, мен арбаға таңулымын. Менің жағдайым не болары белгісіз. Сен жассың. Саған рұқсат етемін. Өмірде талай жақсы, менен де жақсы жігіттер бар. Сен бақытты бол», деп рұқсатын да береді. Бірақ, Арайлым: «Жоқ, Бекжан. Сені мен ешқашан да тастамаймын. Бұл сынақ. Екеуміз бір-бірімізді сүйдік. Қол алыстық. Айырылмасқа уәде еттік. Қиын шақта мен сені тастамаймын. Қасыңдамын. Әлі жазылып кетесің. Бірге боламыз», дейді.
Батыр Бекжан Тіленшиевті емдейміз деп Тараз қаласының бірнеше емдеу орындары, ауруханалар барын салды. Астанадағы мемлекеттік госпитальға да айлап жатып қаралды. Грецияға да барып емделді. Алматыдағы «Шипа мед» медициналық орталығы да үш ай тегін емдеп, көмек қолын созды. Бірақ, аяғынан тұрып кете алмады. Бекжанның жазылып кетуі, қатарға қосылуы үшін ата-ана, бауыр, туысынан, сүйген қызы Арайлымнан бөлек облыстық полиция департаментінің басшылары, полиция қызметкерлері аяғынан тік тұрып атсалысты. Полиция ардагері Аралбек Тоңбаев, Құттыбай Беркімбаев секілді ағалары да барынша жүгіріпті. Амал қанша, оң шипасы болған жоқ. Тіпті осы ағалары ізденіп жүріп «Qazaqstan» Ұлттық арнасындағы марқұм Бейсен Құранбек жүргізген «Қарекет» бағдарламасына да қатысып қайтты. Бекжанға барлық тараптан көмек берілді. Дегенмен адам үшін маңдайға жазылғанынан артығы болмайды екен ғой. «Қарекетке» Бекжан мен Арайлым қатар барды. Эфирге Арайлым Бекжанды арбамен алып кірді. Арайлым ол жерде де бар жылы сөзін айтты. Бұл түсірілімнің «Ерлік пен Махаббат» деп аталуы да бекер емес. Лайықты тақырып. «Қарекеттің» Бекжанды түсірген түсірілімін де тек «You tube» желісінен жақында ғана көріп шықтым. Көріп отырып көзіме ағыл-тегіл жас келді. Оңашада көзімнің жасы көл болды. Өзімді тоқтата алмадым. «Қарекетте» Биғайша Медеуова деген ақын: «Бүгін «Қарекет» қазақ ұлтының кодын тапты. Ол – арудың сүйген жігітіне деген махаббаты, ата-ананың балаға деген махаббаты, қазақ жігітінің батырлығы. Арайлым – осы заманның Айша бибісі. Сен аяғыңа мініп, жүріп кетесің Бекжан» деген сөзі жүректі толқытты. Психолог Ділда Сақтағанова: «Бұл жігіт – батырлықтың үлгісі. Сын сағатта қылмыскерлерді қумай, басының амандығын ойласа да болар еді. Бұл олай етпеді. Ештеңені ойлаған жоқ. Антына адал болды. Сол адалдық жолында денсаулығын берді, осындай күйге түсті. Осындай адал және батыр ұл тәрбиелеген ата-анасына алғыс айтып, басымды иемін», деді. Ал полиция ардагерлері Аралбек Тоңбаев, Құттыбай Беркімбаев та көзіне жас алып жылап отырып сөйледі. Ол эфирде толқып, көзіне жас алмаған адам жоқ. Көзге жас алмау мүмкін де емес.Жүргізуші Бейсен Құранбек, қайран, қазақтың қайталанбас нар Бейсені де көп жылы сөз айтты. Аттай шауып, жүріп кетесің деп Бекжанды әбден үміттендірді. Сонда Бекжан: «Менің бар арманым – жүріп кету. Толық жүрмесем де таяққа сүйеніп жүру», деді. Ал біз өмірде қандаймыз? Зәулім үй, ең қымбат көлік, қызмет, байлық іздейміз. Ал Бекжанға керегі сол кезде – екі аяғына ілініп, жүріп кету ғана болды. Содан үміттенді. Сол үмітке ол шақта бәрі де сенді. Үміт деген – өзі ғаламат сезім ғой. Енді арамызда Бейсен де жоқ, Бекжан да жоқ.
Сол «Қарекетке» түсіп келген соң, Аралбек пен Құттыбай ардагерлер жүгіріп жүріп, ізденіп жүріп, Бекжанға пәтер алып берді. Сол кезге дейін Бекжан пәтер жалдап тұрған. Сол пәтерде Бекжан екі жылға жуық ғана тұрды. Қазір әпкесі Жеңіскүл тұрып жатыр. Жеңіскүл де толғаныс пен сағынышқа қатар беріліп, бауыры жайлы ағыл-тегіл сырларын, ұзақ уақыт жанында болғандағы әсерлерін айтып жатты. Әкесі Мамыр да, анасы Гүлзағира да сонша жүгіріп, жылдап қасынан шықпай Бекжан ұлдарының аяқтан тік тұруын тіледі. Сол жолда ештеңені аяған жоқ. Мұны Жеңіскүл де айтып берді. «Мен ешқашан інім осындай жағдайда бақилық болып, сол інімнің батырлығының арқасында үйлі болайын деп ойлаған емеспін. Бекжан інім – алтыным. Жаны жәннатта болсын», деп көзіне жас алды.
Біздің бас кейіпкеріміз Бекжан 2021 жылдың 5 шілдесінде атыс оқиғасы кезінде алған ауыр жарақатының салдарынан ұзақ уақыт бойы төсек тартып, бақилық болды. Оның жаназасына келген халықтың санында есеп жоқ. Ол кезде облыс әкімінің орынбасары болған, қазіргі өңір басшысы Нұржан Нұржігітов те, сол кездегі облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов те арнайы барып отбасына көңіл айтқан. Бұл батыр жігіттің ерлігіне деген құрмет еді.
Бекжан Тіленшиев өмірде жоқ болғанымен, оның жасаған ерлігі ұмытылмайды. Оның ерлігі мыңдаған жастарға үлгі. Батыр Бекжан Тіленшиевтің ерлігі мәңгілік елімен бірге жасайды.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді