«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сарысуда сан саланың дамуында серпіліс бар

Сарысуда сан саланың дамуында серпіліс бар
ашық дереккөз
Сарысуда сан саланың дамуында серпіліс бар
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Алдымен аймақ басшысы «Qazaq soda» кальцийленген сода өндіру зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде Сарысу ауданында еліміздегі алғашқы кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Жоба «Yildirim Holding» түрік компаниясының еншілес кәсіпорны «Qazaq Soda» ЖШС-на тиесілі. Нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі. Жоба 1 300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Нысан құрылысына 400 миллион АҚШ долларын инвестициялау жоспарланып отыр. «Yildirim Holding»-тің бас директоры Исмаил Джейлан мұнда қалдықсыз өнім өндірілетінін атап өтті. И.Джейлан қызметкерлерге арналған жатақхана салу, кәсіпорын төңірегінде жасыл аймақ құру жоспарлары бар екенін де айтты. Бас директордың айтуынша, мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында электр желілері жүргізілген, енді су құбырын тартып, теміржол инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстарын жүргізу көзделуде. Облыс әкімі жекелеген мәселелер бойынша аудан басшылығына орталық атқарушы органдармен бірлесіп шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов кәсіпорында жергілікті мамандардың да жұмыс істеуі керектігін атап өтті. – Бұл тек Сарысу ауданының ғана емес, облыстың дамуына септігін тигізетін аса маңызды жоба, – деді аймақ басшысы. Мұнан кейін Нұржан Молдиярұлы Жаңаталап орта м ектебіне ат басын бұрды . Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Темірлан Абдраевтың айтуынша, білім ошағында 165 оқушы білім нәрімен сусындауда. Жалпы округте 1 902 тұрғын тату-тәтті ғұмыр кешуде. Мектеп ауласында аймақ басшысымен кезде скен ауыл ақсақалдары мемлекеттік қолдаудың арқасында халықты толғандырған мәселелер шешімін тауып жатқанын айта келіп, бірқатар мәселелерді ортаға салды. Жаңаталап ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Пернебеков спортзал мәселесі көптен бері көтеріліп жүргенін, бірақ әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отырғанын тілге тиек етті. – Ауылдағы әлеуметтік мәселелер жыл санап шешіліп, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Газ тартылып жатыр, ауыз су кіргізілуде, жолымыз жөнделген. Енді мектепке спортзал, асхана, мәжіліс залы салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс әкімі болған Асқар Исабекұлының кезінде қатып қалған сең қозғалды. Білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда спортзалдың сызбасы дайын болмағандықтан кейінге шегерілді, – деді О.Ізтай.  width= Ал Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Нұралиев аудан бойынша төрт мектепте спортзал, асхана жоқ екенін мәлімдеді. Жаңаталап орта мектебіне спортзал құрылысының жобасы әзірленіп, эксперттік сараптама қорытындысы алынған. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Осылайша жағдайға жан-жақты қаныққан Н.Нұржігітов мектепті аралап көрді. Келесі кезекте облыс әкімі «Игілік» өндірістік кооперативінің тыныс-тіршілігіне қанықты. Жалпы кооператив 1995 жылы құрылған. Мал азығы өнімдерін дайындаумен айналысатын кооперативтің бүгінде 162 мүшесі және 9 386,7 гектар жері бар. Кооператив төрағасы Аслан Қайратұлының сөзіне сүйенсек, ауыл тұрғындары да жеке ұсақ шаруашылықтарға қарағанда іріленген шаруашылықтың беретін пайдасының мол екендігін түсіне бастаған. – Егер ұсақ шаруашылықтар бірігіп жұмыс істесе халықтың да табысы артып, жағдайы жақсарады. Осы орайда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасын да атап өту керек. Пилоттық жобаға алғашында Сарысу ауданынан Саудакент ауылы енді. Биыл да ауданнан бір ауылдық округті жобаға енгізуді жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылы әр ауданнан бес-алты округті енгізу жоспарымызда бар. Жалпы жарқын жобаны жалғастыруға ешқандай кедергі жоқ. Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Несиені қайтаруда да ешқандай мәселе жоқ. Сондықтан жамбылдықтар алдағы уақытта да жобаның жемісін көретін болады, – деген Нұржан Нұржігітов мал азығын дайындауға аса мән беруді тапсырды.  width= – Өткен жылы қысқы мал азығы үшін 101 мың тонна шөп дайындау керек болғанбыз. Бірақ біз 200 мың тонна шөп дайындап, жоспар артығымен орындалды. Әрі қыс жылы болып, жиналған шөптің 20-30 пайызы ғана пайдаланылып, көп бөлігі сол күйі тұр. Биыл да шөп бітік шықты. Сондықтан мал азығын дайындауда ешқандай мәселе туындамайды. Артығымен жинап қоюға күш салып жатырмыз, – деді Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев. Нұржан Молдиярұлы «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальт зауытында да болды. Серіктестіктің Сарысу ауданындағы өкілі Жұмәлі Орымбаевтың айтуынша, зауытта құрылыс құмы, қиыршық тас, құм аралас қиыршық тастар өнделіп, қиыршық тастың оңтайлы қоспасы және асфальт дайындалады екен. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт өткен жылы 50 мың тоннадан аса өнім өндірген. Сарысу және Талас ауданын өніммен қамтуда. Жұмәлі Орымбаев өз сөзінде зауытқа газ және ауыз су тартуға көмектесуді сұрады. Нұржан Молдиярұлы жобалық-сметалық құжаты дайындалса, қолдау көрсетілетінін айтты. Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапары «Соляная компания «Асыл тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасты. Ас тұзын өндіретін жобаның жалпы құны 710 миллион теңге болса, 70-тен аса адам жұмыспен қамтылған. Жоба басшысы Әділбек Ақназаров зауыт жылдық қуаттылығына жете алмай келе жатқанын айтып, қолбайлау болып тұрған мәселелерді ортаға салды. Осы орайда аймақ басшысы кен орындарының басшыларымен, өзге де құзырлы мекеме басшыларымен кездесіп, аталған мәселелерді шешу үшін қолдау көрсететінін айтты. Сонымен қатар Нұржан Молдиярұлы Жаңатас қаласының орталық жылыту қазандығын табиғи газға ауыстыру жобасымен, «Жаңатас» жел электр стансасының, «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның фосфор ұнтағын өңдіру зауытының жұмысымен танысты. Нұржан Нұржігітовтің жұмыс сапары аудан активімен өткен жиында қорытындыланды. Басқосуда аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Кездесуде аудан тұрғындары да сөз алып, елді мекендерді газдандыру, халықты жұмыспен қамту, жол, құрылыс, экология, басқа да сан саладағы өзекті мәселелерді жеткізді. Жиында сөз алған Нұржан Молдиярұлы көтерілген мәселелер назарда екенін, кезең-кезеңімен шешімін табатынын мәлімдеді. – Ауданда атқарылған жұмыстар аз емес. Бірақ кемшіліктер де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Халықты толғандырған мәселелер баршылық. Алайда барлық мәселені бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. Мәселен, тек Сарысу ауданын газдандыруға көңіл бөліп, Мойынқұмды ұмыт қалдыра алмаймыз. Сондықтан бізге уақыт беріңіздер. Жоспар бойынша сіздер көтерген әрбір мәселе оң шешімін табатын болады. Осы орайда айрықша айтып өткім келетіні – барлық жауапкершілікті жергілікті атқарушы органға артып қоюға болмайды. Әкімдік пен халық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ауызбіршілікте жұмыс істесек қана кез келген қиындықты еңсере аламыз. Бір жылда аудан әкімі аймақтағы барлық мәселемен жіті танысып шықты деп ойлаймын. Енді сол мәселелерді шешуге күш салу керек, – деді Нұржан Нұржігітов.

Талғат НҰРХАНОВ. Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар