«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халықтың қаржысы ма, МӘМС-тің қаржысы ма?

Халықтың қаржысы ма, МӘМС-тің қаржысы ма?
ашық дереккөз
Халықтың қаржысы ма, МӘМС-тің қаржысы ма?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырыла бастағалы басынан дау-жанжал, айқай-шу бір толастамай-ақ қойды. Бастапқыда жұртшылық тарапынан түрлі түсініспеушіліктер болып, дүмпуі министрлік пен Президентке дейін жетіп жатты. Естеріңізде болса, 2015 жылы «Елімізде медициналық сақтандыру мақсатында арнайы қорға ақша аудару міндеттеледі екен» деген сөз шыға бастады. Ал қорға алғашқы жарна 2017 жылдан түсе бастады. Ол кезде 1,3 миллионнан аса тұрғын ғана аударым жасаған болатын. Ал МӘМСҚ-ке әрбір азамат өз жалақысының 2 пайызын аудару 2020 жылы міндеттелді. Онсыз да әлеуметтік жағдай мен жалақының аздығына, түрлі салықтар мен төлемдердің қымбаттығына, сол кезде өршіп тұрған коронавирустық инфекцияның салдарына, медициналық қызметтің сапасына, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне наразылық танытып, абдырап жүрген жұртшылыққа бұл тағы бір күтпеген соққы секілді еді. Бірақ АҚШ сынды озық елдердің тәжірибесінде бар бұл жүйеге ерте ме, кеш пе келетініміз анық еді. Бастысы, ол өзінің тұрғындарға кепілдік беріп отырған медициналық қызметін көрсетсе болғаны. Бірақ қор құрыла сала, оның басшылығында тұрған тұлғаның аста-төк өмірі халық тарапынан тағы сынға алынды. 2020 жылы «Әлеуметтік  медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқармасының бұрынғы төрағасы болған Айбатыр Жұмағұлов күдікке ілініп, оның үстінен іс қозғалғанын ұмытпаған боларсыздар. Аталған жайттан кейін Мемлекет басшысы оны орнынан түсіруді бұйырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі қордың қаражатын ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастаған болатын. Жалпы, қор жұмысының басықасында жүрген азаматтарға қатысты түрлі келеңсіздіктер орын алып, гу-гу әңгіме желдей ескенімен, азаматтар саналы түрде медициналық сақтандыру үшін өз қаржыларынан аударым жасап жатыр. Әлбетте, әлі де өз саулығы үшін соқыр тиын аудармаған азаматтар да жетерлік. Бірақ көш жүре түзелетіні бар ғой. Бастысы, қорға деген халықтың көзқарасы түзеле бастады. Ендігі мәселе – МӘМСҚ мен медициналық мекемелер арасындағы түсініспеушілік. Нақтырақ айтқанда, екеуара «қырғи қабақ соғыста» болып тұр. Рет-ретімен баяндап шығайық. Мысалы, еліміздің әрбір азаматы өзінің денсаулығы үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша аударады. Сөйтеді де, тиесілі ем алу үшін өзі тіркелген емханаға, қажеттілік туындаса ауруханаға жүгінеді. Бірақ, ол мекемелер тұрғындарды өздері күткендей құшақ жая қарсы алмайды. Баяғы жартас – сол жартас. Осыдан кейін ашуға булыққан азаматтар: «Мен сапалы ем алу үшін мемлекетке ақша төлеп жатырмын. Ай сайын! Оған қоса мемлекет тарапынан да кепілдендірілген қаражат аударылады. Ал медициналық көмекке жылына бір-ақ рет жүгінуім мүмкін. Соншама ақша аударылып жатыр, бірақ медициналық көмектің сапасы мынау. Бұл қалай болғаны? Мақтаулы МӘМС-терің қайда?» демей ме?! Ал елге ем-дом жасап, ауруларды айықтырумен тікелей айналысатын, тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап, аса ауыр дерттен айықтыруға дейінгі кезеңде тұрғындармен етене жүретін дәрігерлердің де өз шағымы бар. Соның ішінде, халықтың сақтандыру қорына аударып жатқан қаржысының тікелей емхана, ауруханаға түспейтіні, оны алудың сан салалы машақаты болып тұр. Яғни, ел емделу үшін қорға ақша аударады, ал дәрігерлер көрсеткен қызметі үшін сол қордан тиесілі ақшаны алуы тиіс. Бірақ, осы ортада МӘМСҚ делдалдыққа түседі. Қазақтың «күріштің арқасында күрмек су ішіпті» дегеніндей ғой. Елдегі медицина саласының «күйіп тұрған» бұл мәселесін жуық арада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова көтерген болатын. МӘМСҚ проблемалық мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел отырысына қатысқан ол жалпы қор жұмысына қатысты көптеген шикіліктерді атап өткен ол, тіпті оған қатысты аудиторлық тексеріс жүргізетін уақыт жеткенін жеткізді. Депутаттың сөзі мынадай: «Бүгінгі таңда денсаулық сақтаудағы басты мәселе – медициналық ұйымдарды толық қаржыландырмау. Денсаулық сақтау министрлігі және Қордың ақпараты бойынша бюджеттен қаражаттың жеткіліксіз бөлінуіне байланысты. Алайда вице-министр Т. М. Савельеваның ақпараты бойынша ақша бөлінді. Мәселе басқаша – олар қалай бөлінді, олар науқастарға, оларға қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға жете бермейді. Бұл туралы, менен басқа, дәрігерлермен де, пациенттермен де медициналық ортада жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктердің сарапшылары Т.К. Рахыпбеков, И. А. Пивоварова, Е.Нұрпейісов те айтты. Мәселе ертең емес, бүгін шешілуі керек. Медициналық қоғамдастық бүгінде қор ұстанатын ұстаным — жеткіліксіз қаржыландыру, төмен тарифтер, айыппұл санкциялары кезінде бұл мәселені шешу мүмкін емес деп санайды. Мәселе тікелей қойылады: не Қордың осындай саясатын өзгерту керек, не қор мүлде керек пе, оның филиалдары бар үлкен штаты бар, соны шешу керек. Әдеттегідей, әріптестер нақты өмірден, нақты жағдайларға негізделген көптеген сұрақтар қойды. Тағы да, жауап ретінде жалпылама немесе «қарастырайық» сияқты жауаптар айтылды. Менің мәселелерімнің бірі оңалтуға қатысты болды және Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше миллиардтардан тұратын үлкен сандарға сілтейді. Иә, жалпы сан әсерлі естіледі. Бірақ бұл соманың 3/4 бөлігі бірнеше ірі орталықтарға бөлінген болуы әбден мүмкін, ал басқа облыстар, соның ішінде Жамбыл облысы тағы да тиындарды алады. Мұндай жағдайда қандай оңалту туралы айтуға болады?! Мен қаржы вице-министрі Т. М. Савельевамен келісемін – ашықтық қажет. Есеп комитетіне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, ең алдымен, азаматтардың игілігі мен қызметінің ашықтығы жолындағы жұмыс екенін еске сала отырып, Қордың қызметіне аудиторлық тексерумен шұғылданатын уақыт жетті деп санаймыз». Осылай деп мәселе көтерген депутаттың сөзі бүгінде көптеген медициналық мекемелер тарапынан қолдау тауып, қоғамдық резонанс тудыруда. Бұл мәселеге қатысты қор басшылығының пікірін де білген едік. Міндетті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облыстық филиалының басшысы Ләззәт Алимова бұл пкірге келіспейтінін дәлелдеп бақты. Ол қор құрылғаннан бергі атқарылған жұмыстарды толық баяндап, бүге-шігесіне дейін түсіндірді. Филиал басшысының мәліметінше, 2017 жылдан бері осы жылдың 31-ші мамырына дейін қорға 37 миллиард 969 миллион теңге қаржы түскен. Оның ішінде, азаматтар биылғы жыл басынан бері 8 миллиард 656 миллион теңге аударған. Облыс бойынша бүгінгі таңда азаматтардың 79,1 пайызы сақтандырылған екен. Сақтандырылмаған азаматтар саны – 240 364. Саланың көптеген жұмысы мен жетістігін, жоспары мен бастамасын тілге тиек еткен Ләззат Барлықбайқызы депутаттың «ашықтық қажет» деген сөзін де жоққа шығарады. «Біз бәріне ашықпыз. Қордың кез келген қаржылық мәселесін арнайы сайттан, жүйеден көруге болады» дейді ол. Дейтұрғанмен, біздің «Ашықтық туралы сөз болған екен, ендеше айтыңызшы, қор халықтан жиналған ақшадан облыстағы медициналық мекемелердің қайсысына қанша қаржы аударды?» деген сауалына нақты жауап бермеді. «Ол біздің қауіпсіздік қызметімен бекітілген құпия» дейді облыстық қор басшысы. Сонда елден жиналған ақшаны өзіндік құпия ету қаншалықты заңды? Тіпті мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалған әрбір тиынына дейін бақылауға, білуге құқығы бар халық, өз қаржысының қайда, қанша көлемде бөлінгенін білуге неге хақысы жоқ? Маржан РАҚАЙ

Ұқсас жаңалықтар