«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Химия саласының жаңа өндірістері құрылады

Химия саласының жаңа өндірістері құрылады
ашық дереккөз
Химия саласының жаңа өндірістері құрылады

28Алмас Мәдиев, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы.

Облысымызда 2014 жылы инвестициялар тарту, арнайы экономикалық аймақ­тар құру және экспортты ынталандыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Аймақта Ресей, Франция, Чехия, Италия, Германия, Түркия, Иран, БАӘ, Қытай және Жапониядан шетел инвесторларының қатысуымен 5 миллиард АҚШ долларынан астам қаржыға 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімі К.Көкірекбаевтың ұйытқы болуымен ағымдағы жылы 24-26 мамыр аралығында облыс делегациясы ҚХР-дың Шэньси провинциясының Сиянь қаласында Ұлы Жібек жолы бойындағы Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық аясында өткен көрмеге қатысты. Онда облыстың инвестициялық мүмкіншіліктері, инвестицияны қажет ететін жобалар және облыс өнімдері назарға ұсынылды. Сонымен қатар, экономикалық ынтымақтастық туралы 3 меморандумға қол қойылды. Тұрақты түрде отандық және шетелдік инвесторлармен (Қытай, Иран, БАӘ, Оңтүстік Корея және тағы басқа) кездесулер мен келіссөздер өткізілуде. Қазақстанның Индустрияландыру картасы аясында облыстағы ең ірі «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС инвестициялық жобасын іске асыру жоспар­лануда. Инвесторы Ресей болып табылатын бұл жоба бойынша жылына 1400 мың тонна минералдық тыңайтқыш өндіретін, құны 356,6 миллиард теңге тұратын зауыт салынбақ. Кәсіпорында 2000 жаңа жұмыс орнының ашылуы күтілуде. «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын (АЭА) дамыту аясында титан диоксиді және кремний диоксиді, сұйытылған газ, метанол, синтетикалық аммиак және карбамид, ароматты көмірсутегі, лак бояу өнімдерін өндіру бойынша инвестициялық жобалары бар әлеуетті инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. АЭА жоғары тиімді технологиялар негізінде химия өнімдерінің жаңа өндірістерін қалыптастыру мақсатында құрылады. Жобаны іске асыру үшін Шу ауданының аумағынан 505 гектар жер бөлініп отыр. Инвестициялық кезең 2013-2018 жылдар аралығына белгіленген. Бірінші кезең шеңберінде 4 жоба іске асырылады. Олар – глифосат, калий сульфаты, натрий цианиді, каустикалық сода және хлор, үш хлорлы фосфор өндірістері. Ағымдағы жылдың қараша айында инвесторларды тартуға бағытталған «Taraz Invest-2014» халықаралық инвестициялық форумын өткізу жоспарлануда.

Ұқсас жаңалықтар