Байыпты байқаудың лайықты нәтижесі

Байыпты байқаудың лайықты нәтижесі
ашық дереккөз
Байыпты байқаудың лайықты нәтижесі
Жарық көргеніне 100 жыл толған облыстық «Aq jol» газеті өзінің шежірелі жылдарында қазақ поэзиясы мен прозасына қанат қаққан әрбір жастың қанатына демеу болғаны шежіреден белгілі. Ғасыр бойы бұқара мен биліктің алтын көпірі болып келе жатқан өңірдің бас басылымының ғасыр тойы аясында ұйымдастырылған шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деп қазақ рухының марғасқасы Міржақып Дулатов айтқандай, қазіргідей ақпарат ғасырында отандық баспасөздің орны орасан. Күні кеше ғана БАҚ қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Бұл – барша отандасымыздың алдында тұрған маңызды міндет. Сіздердің мақалаларыңыз бен сюжеттеріңіз, журналистік зерттеулеріңіз осы бастамаға үлес қосары сөзсіз. Сондықтан нағыз кәсіби мамандардың еңбегін лайықты бағалаудың символдық мәні бар» деп айрықша атап өткені бар. Осы ретте ел аумағында ғасыр жасаған басылымдар бір қолдың саусағымен санарлық екені әмбеге аян. Биыл жарық көргеніне 100 жыл толып отырған қазақ ұлысының іргетасы Әулиеата тынысы – «Aq jol» газеті – аймақ айнасы» тақырыбында үздік мақалалар байқауын және «Адалдықты ардақ тұтқан «Aq jol»-ым» атты жыр мүшәйрасын ұйымдастырған болатын. Аталмыш байқау сөз жанашыры, қаламы қарымды ақындар мен қаламгерлердің, ел перзенттерінің кіндік қанына қайнар бұлақ болған киелі өлке Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің демеушілігімен өз мәресіне жетті. Кеше жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Шараны «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев те ізгі тілегін арнап «Сіздер мәселені біржақты емес, көпжақты қарайтын кәсіби мамансыздар. Шындықтың айналасында бұқаралық ой қалыптасады. Сондықтан сіздердің ізденіс-ойларыңыз тереңдей берсін. «Aq jol»-дың мерейі үстем болсын», – деді. Айта кету керек, мақалалар байқауы мен жыр мүшәйрасына көптеген туындылар түсіп, қазылар алқасының шешімімен үздіктер сараланды. Атап айтқанда, үздік мақалалар бойынша 35 жасқа дейінгі авторлар арасынан Гүляфрез Сейітжанова 1-орынды иеленсе, Ботагөз Бақдәулетқызы мен Инабат Бақытқызы екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал Айзада Абдуллаева ынталандыру сыйлығына лайық деп танылды. 35 жастан жоғары қаламгерлер арасында Амангелді Әбіл 1-орыннан көрінсе, 2-орын Құралай Сейсенбекқызына бұйырды. Жанат Сейітова 3-орынға қол жеткізсе, Нұржан Әлішке ынталандыру сыйлығы табысталды. Ал «Адалдықты ардақ тұтқан «Aq jol»-ым» атты жыр мүшәйрасында Жұлдыз Бейсек 1-орынды жеңіп алса, Байтанағали Төлентаев екінші, Нұржан Қадірәлі үшінші орындарды қанағат тұтты. Шапағат Әбдір ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар мен Алғыс қаттар табысталды.

Айсана Нұрбап.

Ұқсас жаңалықтар