«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұста

Ұста
ашық дереккөз
Ұста
(Деректі әңгіме) Ауылдағы көп, өте көп құрылысты көрген сайын Шоқан еске түседі. Тек құрылыс ғана емес, біреу домбыра шертсе де, шөп орса да, доп тепсе де, балық ауласа да көз алдымда Шоқан тұрады. Жаны ізгі, адал адамдардың барлығы осынау асыл ағамдай болып елестейді. Шоқан бізден үш сынып қана жоғары оқыды. Бірақ, басқаны қайдам маған ол тым үлкен болып көрінетін. Бекен ағамның сыныптасы еді, әрі екеуі араларынан қыл өтпейтін жан достар болатын. Шоқан өте сезімтал еді. Әкесінен ерте айырылғанынан болар, ерте есейді. Ауылдастардың айтуынша, әкесі Нұрман он саусағынан өнер тамған ұста болған деседі. Ауыл тұрғындарының талайының құтханасына, сарайына сол кісінің еңбегі сіңген. Талай құрылыста Нұрман ұстаның саусағының ізі қалған. Сондықтан бұл есімді ауыл тұрғындары ауыздарынан тастамай айтып отырады. «Ой, дүние-ай, десеңші, ондай шебер ұста жоқ қой, жоқ!» – дейді. Сол кезде біздің көз алдымызда Нұрман ұста баяғының ержүрек батырларындай, аңыздардың кейіпкерлеріндей асқақтап кетеді. «Мен өскенде ұста боламын, Нұрман көкем сияқты», – дейді ондайда Мұрат құрдасым әдемі әсерге беріліп. Бәріміз де тамаша сезімге берілеміз. Шоқан – сол Нұрман ұстаның баласы еді. Әкесіне тартқан шебер, елгезек десек те, табиғаты жуас жігіт болатын. Ешкімге өздігінен ұрынбайды, бірақ өзіне тиіскендерден есе қайтармай тынбайтын. Ауылдың барлық жұмысы Шоқанның қолынан келеді. Оқушы кезінде қолына домбыра ұстап, бір апталықтың аясында өткен кеште ән салғаны да бар. Әшейінде мектеп өнерпаздарының қатарында жоқ болатын, сол жолы ән айтты. Ән болғанда да әке туралы еді. Әкетайын сағынып жүрген болар. «Сол күнді еске алсам, Әкеммен бірге болған. Әкемнің сол бейнесі, Елес боп өтер алдан. Өмірде не болмайды, Жақсыны жер қоймайды. Әкешім бір өзіңді, Балаларың ұмытпайды», – деген жолдар бар әлгі әнде. Ол кезде мектебімізде оқушы да, мұғалім де көп. Шоқанның тағдыры бәрімізге белгілі. Айтылған ән мұңды, оны орындап тұрған Шөкең де мұңды. Ән аяқталды, басынан бекініп шыққан шығар, Шоқан көзіне бір түйір жас алған жоқ. Жұрт алдында жасымады. Есесіне біздер көзімізге жас алдық, мұғалімдер де сондай күй кешті. Бала болсақ та «Әке» дегеннің қастерлі есім екенін, аяулы екенін, қымбат адам екенін ұғындық. Оны бізге Шоқан ұғындырды. Менің Бекен ағамның досы, сыныптасы – Шоқан. Шоқанның болмысы, міне, осындай еді. Сабағы орташа болғанымен, адамгершілігі мен досқа адалдығы өте жоғары болды. Жұрттың балалары сияқты үлкен қалаларға оқуға баруға да ұмтылған жоқ. Ауылда жүрді. Дәл сол жылдары елдегі еңбекке Шоқан секілді қажырлы жігіттер керек еді. Көктем болса кетпенін арқалап егіс басында су суғарып жүретін де – Шоқан. Жаз болса, шөпте, қой қырқынында жүретін де – Шоқан. Күздегі жиын-терінге де Шоқан белсене қатысады. Сосын қазанның соңы мен қарашаның басында біздің ауылда тағы бір үлкен науқан басталатын. Ол – отын мәселесі. Ауыл жаппай баялыш түсіру науқанына кіріседі. Сол жылдары ғой, әйгілі айтыскер Мұхамеджан Тазабековтің Таразда облыстық кітапхананың фойесінде менен жөн біліп, қайда жүргенімді сұрайтыны. Мен «Сол баяғыша ауылдамын. Баялышқа барып жүрмін» – дегенмін. Сонда Мұқаңның: «Атқарғаным баяғы іс, Түсіргенім баялыш. Сөйтіп, ата-анама, Болып жүрмін таяныш» – дейтіні. Шоқан үй-ішіне, анасына ғана емес ауылға таяныш еді. Көмір жағатын үй бір тележка, көмір түсірмейтін үйлер екі тележкадан баялыш түсіріп алады. Мұндайға да мықты жігіттер керек. Мұндай жерге де Шоқан керек. Күн сайын баялыштан қалмай, қызу науқанның ортасында Шоқан жүреді сонда. Ол отынды бәрі шабады, бәрі айырмен тележкаға әпере алады. Бірақ, ең қиыны тележкаға әперілген баялышты басып, сыйдыру. Ондайға Шоқан шебер. Жұрттың бәрі отынға барарда Шоқанға таласатыны сондықтан. Ол бәлсінбейді, ақы сұрамайды, бара береді. Ауылдастарға көмектесуден тартынған емес. Сөйтіп, тынымсыз ауыр жұмыста жүргенде денсаулыққа да мән бермеген болар. Бір жолы «Есеке, ауылдағы жұмыс деп денсаулықты біраз жоғалтып алдым ғой», – дегені бар еді. Ол үлкен қалаларға көп барған жоқ. Облыс орталығы Тараздың өзіне беталды келе бермейтін. Ауылда жүрді. Барлық қабілетін, қолынан келетін шеберлігін елмен бөлісті. Бекен ағамның жан досы болатын. Күніне бір жолығып тұрмаса екеуіне де ас батпайтын. Араларынан қыл өтпеді. Екеуі егіске де, киноға да, қыдыруға да, балық аулауға да бірге баратын. Бекен ағамның одан үйренгені көп. Екі достың бір-біріне үйреткен жақсы істері аз болмады. Шоқан 26 жасында үйленді. 2000 жылдың жазында. Азанмен өзі қуанып үйге келіп тұр. «Есеке, ағаң үйленіп жатқанда үйіңде жүргенің қалай? Бекен де сол жерде. Жүрсеңші, жеңгеңнің бетін сен ашпағанда кім ашады?» – дейді. «Ағажан, қазір барамын, үйдегі тірліктерді сәл реттеп алайын деген едім», – деп ақталған болдым. Негізі Шоқанның уәжі орынды. Бардым. Жаңа жеңгемнің аты – Зейнеп екен. Көп жұрт беташарға жиналды, жеңгемнің бетін өлеңдетіп өзім аштым. Екеуі тату отбасы болды. Екі ұл-қызға ата-ана болды. Арада біраз жыл өткенде уақыт ырғағымен жұмысымды Таразға ауыстырып, облыстық газетке қызметке тұрдым. Бұл 2005 жылдың қазан айы. Арада үш айдай уақыт өткенде аз ғана ауырып Шоқанның қайтыс болғанын естідім. Үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Ойыма осыдан жеті-сегіз жыл бұрынғы «Есеке, ауылдағы жұмыс деп денсаулықты біраз жоғалтып алдым ғой», – дегені оралды. Осылай Шоқандай асыл ағамыз да бақилық болды. Зейнеп жеңгем жарады. Шоқаннан қалған қос перзенттен үміт күтіп, тұрмысқа да шыққан жоқ. Әйтпесе жап-жас. Қандай шешім қабылдаса да оған ешқандай кінә жоқ еді. Бұл күнде Бекен ағам да арамызда жоқ. Екі дос бізге беймәлім басқа әлемде тату ғұмырларын жалғастырып жүргендей.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар