«Адалдықты ту еткен Ар-аға»

«Адалдықты ту еткен Ар-аға»
ашық дереккөз
«Адалдықты ту еткен Ар-аға»
Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ұйымдастыруымен қоғам қайраткері, публицист, ақын-драматург, аудармашы Арғынбай Бекбосынды еске алуға арналған «Адалдықты ту еткен Ар-аға» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шара Жамбыл журналистикасында өшпес із қалдырған А.Бекбосынның рухына тағзым етіп, айтулы қаламгерді бір минуттық еске алумен басталды. Жиынға жергілікті зиялы қауым өкілдерімен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан да журналистер мен зерттеуші ғалымдар онлайн қатысып, сөз сөйледі. – Арғынбай Бекбосын – шын мәнінде көсемсөздің зергері. Ол жұмысын қарапайым тілшіліктен бастады. Оның сол ізденісі оны ұлт жоқтаушысына айналдырды. Ол әдебиеттің әр саласында елеулі еңбек еткен тұлға. Алайда оның поэзиясы мен прозасын және драматургиясы мен аудармасын біз әлі күнге жеке-жеке ғылыми айналымға енгізе алмай отырмыз. Оны философия тұрғысынан да, саяси тұрғыдан да жеке-жеке зерттеуіміз керек, – дейді Алматы қаласынан онлайн қатысып отырған Қазақ Ұлттық университетінің докторанты Дәрмен Смайыл. Сонымен қатар ол биыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Журналистика және саясаттану» факультетінде «Арғынбай Бекбосынның ұлттың рухани жаңғыруына қосқан үлесі тақырыбында магистрлік диссертация қорғалғанын айтып, алда тағы да Арғынбай аға туралы дипломдық жұмыстар жазылса деген ұсынысын ортаға салды. Келесі кезекте жазушы Елен Әлімжан замандас ағасының қайталанбас тұлға екенін сөз етіп, оның әрбір ісіне тоқталды. Арғынбай Бекбосынның өмірі және еңбек жолы әңгімеге арқау болған басқосуға «Астана ЭКСПО» Ұлттық компаниясының бас менеджері Шайдолла Шолақов, «AULIEATA MEDIA» ЖШС-ның бас директоры Оралхан Дәуіт, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиұлы, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Филология және журналистика» факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашов, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, ақын Үміт Битенова және тағы басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Шапағат ӘБДІР.

Ұқсас жаңалықтар