«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алуан тіршілік «Ақ жолдың» назарында

Алуан тіршілік  «Ақ жолдың» назарында
ашық дереккөз
Алуан тіршілік «Ақ жолдың» назарында

13Биылғы баспасөзге жазылым науқаны бойынша жер-жерде өткізіліп жатқан «ақжолдықтардың» оқырманмен кезекті кездесуі Талас ауданында жалғасын тапты. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен сан сала өкілдерінен және бірқатар ауыл тұрғындарынан жиналған қалың оқырманмен жүздесуге газеттің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, жауапты хатшы Әділбек Баққараұлы, компьютер орталығының меңгерушісі Жанна Бейсенқұлова, фототілші Ақәділ Рысмахан және осы жолдардың авторы келді.

«Ақ жол» аймақтың бас басылымы болғандықтан облыстың барлық өңіріне теңдей қарап, кез-келген аудан өміріндегі өзгерістер мен жағымды жаңалықтарды мүмкіндігінше жедел жеткізуге тырысып келеді. Демек, басылыммен жаңалығын бөлісуден Талас ауданы да тыс қалған емес. Ондағы өндіріс ошақтары мен ауыл шаруашылық құрылымдарындағы, аудан орталығы Қаратау қаласындағы қайнаған тіршілік қашанда «Ақ жолдың» қалам ұстаған қызметкерлерінің қырағы назарында. Кездесуді ашып, жүргізген аудан әкімі Болат Рысмендиев Талас тынысын да талмай жазып келе жатқаны үшін аймақтың бас басылымына алғысын білдірді.

– «Ақ жол» газеті талай қазақ зиялылары еңбек еткен басылым. Басқа да талантты журналистердің қаламын ұштап, шығармашылық қабілетін шыңдады. Бұл қарашаңырақта маңдайалды қаламгерлердің қолтаңбасы қалған айшықты із бар. Газет қазақ сөзінің көркемдік деңгейін арттыруға үлес қосып, облыстың тыныс-тіршілігін үнемі жариялап келеді. Аудан бойынша газетке жазылу соңғы екі жыл қатарынан 100 пайызға орындалды, – деген Болат Қанатбайұлы 2015 жылға жазылым жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілетінін жеткізе келе алғашқы сөз кезегін басылымның бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлына берді. 

– «Ақ жол» газеті оқырманымен мықты, оқырманымен айбынды, тек оқырмандарымен ғана асқақтай береді. Барлықтарыңыз білесіздер, баспасөз – бұқара мен билік арасындағы алтын көпір, дәнекер, – дей келе бас редактор біраз уақыттан бері газет басшылығы мен тілшілері­нен құралған топтар барлық ауданды аралап, елдегі оқырманмен кездесулер өткізіп келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, газеттің бұрынғы өткен жетістіктерін де шолып шығып, газеттің бет-бейнесі мен мақалалардың сапалық әлеуетін, дизайнын жақсарту бағытындағы соңғы 6 айда қолға алынған қомақты істерді де оқырмандар­мен бөлісті. Атап айтсақ, газет ішіндегі «Тылсым дүние», «Шөкеңнің шошаласы» және «Маздақ» сияқты басқа да арнайы беттердің оқырмандар тарапынан үлкен бағасын алып жатқанын жасырмады. Сонымен қатар ғаламтор арқылы да оқырман жинап отырған газет сайтының ерекшеліктерін айтып өтіп, басылымның алдағы жоспарларын да жария етті. Осылайша, «Ақ жолдағы» қым-қуыт тіршілікті әңгімелеп берген бас редактор өз ой-пікірімен бөліскісі келіп отырған оқырмандарды да тыңдады. Олардың сұрақтарына жауап беріп, өтініштеріне құлақ асты. Ең бірінші болып мінбеге көтерілген аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Тыныс Сейдуанов «Ақ жолды» сонау «Сталиндік жол», «Еңбек туы» кездерінен бастап оқып келе жатқанын айтып өтті. – Газетте, облыс өміріндегі мәдениет, әлеуметтік-экономикалық, білім салаларының жаңалықтары барынша қамтылып келеді. Одан бөлек, газеттің түр-түсі де, сапасы да өзгерді. Әсіресе, мына кейінгі ұрпаққа үлгі, тәрбие болсын деп қарттар өмірі мен тарихи тұлғалар жайлы деректер де үнемі жарияланып отырады, – деді. Енді газеттің алдағы жоспарларынан да бұл үрдіс қалып кетпесе деген тілегін тілге тиек етті. Ал аудандық кәсіптік гуманитарлық-техникалық училищенің директоры Доғдырбек Мәселбеков «Ақ жолдың» ауданның әр үйінде бар екенін мақтанышпен айтып өтті. – «Ақ жолдың» еңбегі ерекше. Мәселен, 1999 жылдары «Амангелді газ» кен орнының ашылуын үзбей жарияласа, Қаратаудағы өндіріс ошақтарының қайта жаңғыртылуын, ондағы өндіріс қарқынын үнемі назарда ұстап отырды. Қай кезде болсын газет – қоғамның айнасы, үгіт-насихат құралы. Дегенмен, бүгінгі кәсіптік-техникалық мамандықтарға деген сұраныс артып келе жатқан тұста жастарды осы өндіріс пен технология саласы мамандықтарына тарту үшін нағыз жұмысшыны суреттеп беретін жақсы мақалалар шықса деген ұсынысым бар. Себебі, өздеріңізге белгілі қазір ауыл жастарының жұмысшы мамандықтарына келуі өте төмен деңгейде. Ал есесіне өндіріс ошақтары көбейіп келеді. Маман тапшылығы сезілуде. Бұл мәселе Елбасының «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында да өте орынды айтылған. Қазір елімізде индустрияландырудың екінші кезеңі басталып, үлкен жобалар қолға алына бастады. Көптеген жұмыс орындары да ашылып жатыр. Сол жұмысшылардың арасында өзіміздің қаракөздер тым аз, – деп, училище директоры мұны жасырудың қажеті жоқтығына айрықша тоқталды. Керісінше кәсіптік-техникалық білім беру ошақтарының мәртебесін көтеріп, оны баспасөз беттерінде жиі насихаттап тұруды сұрады. Өз кезегінде газет басшысы директордың ұсыныстары бойынша аудандағы меншікті тілші Сәулембай Әбсадықұлына тапсырма жүктеді. Алдағы жоспарларда бұл ұсыныстарды ескертіндерін айтты. Бұдан соң, Өмірзақ Дүйсенбиев, Мырзабек Елсымақов, Орынбасар Айтуов, Сабыр Рысбаев сынды оқырмандар да сөз алып, батаға бергісіз тілектерін айтты. Газеттің бетінде сын материалдарының жиі беріліп жүргеніне ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, Орынбасар ақсақал иман мен тәрбие тақырыптары да алдағы уақыттарда жүйелі жарияланып тұратынына сенім білдірді. Сонымен қатар, аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов ауруханада емделіп жатқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жапар Шариповтың беріп жіберген хатын оқып берді. Хатта кеңес төрағасы газет мақалаларының мазмұны өзгеріп, қаймағының қоюлана түскенін баса айтқан. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жасөркен Жақсылықов және аудандық «Талас жастары» КМК директоры Нұркен Мырзаев та өздерінің газет жайлы жылы пікірлерін көпшілікпен бөлісіп, редакция ұжымына деген бір ауыз тілектерін жеткізді. Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі осындай тамаша басқосуға мұрындық болған газет ұжымына алғысын айтып, қызығы мен шыжығы мол еңбектеріне табыс тіледі.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар