Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала

Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала
ашық дереккөз
Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала

Облыс орталығында өткен жәрмеңкеде 55 миллион теңгенің тауары өткерілді

Қоңыр күздің қазан айы да бел ортадан ауды. Ауыл шаруашылық құрылымдары күзгі жиын-терінді аяқтап келеді. Бұл мезгілде қалалықтар қысқа қамдана бастаса, шаруалар өндірген өнімдерін өткеруге асығады. Осыны ескерген облыстық әкімдік өткен сенбі күні Тараз қаласының орталық «Достық» алаңында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Облыс орталығы мен тоғыз ауданның азық-түлік тауарын өндірушілері ертемен-ақ жәрмеңкені қыздырды. Атап айтар болсақ, 21 тонна ет, 6 тонна сүт, 5 тонна шұжық, 4 тонна макарон, 5 мың дана жұмыртқа, 5 тонна балық, 5 тонна бал, 1 тонна тұз және 161 тоннадан астам көкөніс-бақша және жеміс жидек өнімдері, барлығы 218 тоннадан астам ауылшаруашылық тауары ұсынылды. Жәрмеңкедегі өнімдер базар бағасынан 10-15 пайыз арзан. Таластың етіне, Жуалының картобына, Шудың мақсары майына, Меркінің балына, Сарысудың шұбаты мен тұзына, Жамбылдың алмасына, Қордай, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарының ет, макарон және сүт өнімдеріне деген сұраныс жоғары болды. Астана қаласында өткен жәрмеңкеге қатысқандықтан бұл жолы шалғайдағы Мойынқұм ауданының ауылшаруашылық тауарын өндіретін құрылымдары келген жоқ. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жәрмеңкені аралап, тауар өндірушілермен ашық-жарқын әңгімелесті. Облыс басшысы олардың көбін танитын болып шықты. Шу ауданынан келген мақсары майын өткеруші құрылымның тірлігіне қызығушылық танытып, жұмыстарына табыс тіледі. Жуалы ауданының «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалиевпен шаруа жайы туралы пікірлесті. «Көксай» каналының құрылысына 5,3 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Енді осы каналдың суын тиімді пайдалану керек. Картоп алқабын ұлғайтыңыздар. Жақында банк басшыларымен кездесемін. Сонда шаруаларға несие беру мәселесі көтеріледі. Онда сіздің де тамшылатып суару қондырғысын алуға сұрап жүрген несиеңіздің мәселесі шешілуі тиіс» деді. Одан әрі облыс әкімі тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткеріп жатқан «Тараз ӘКК» акционерлік қоғамы басшылығына бағаны тұрақтандыруда нақты тапсырма берді.

Қазан айында ағыл-тегіл жәрмеңке ұйым­дастырған облыс басшылығына тараздық­тардың алғысы шексіз. Кіммен пікірлессек те ризашылықтарын жеткізіп жатты.

Зулайха Вахитова, зейнеткер: – Осы жәрмеңкені көп күттік. Күзгі жиын-терін аяқталар тұста мынадай азық-түлік тауарларының сауда-саттығын ұйымдастырған облыс басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қысқа қамдану үшін не керек, бәрі бар. Оның үстіне базардағыдай бей-берекетсіздік жоқ. Әр тауар бөлек-бөлек сатылуда. Бағасы базардан төмен. Біріншіден, бұл біз сияқты зейнеткерлерге көп жеңілдік. Менен бір ұсыныс – осындай жәрмеңке алдағы уақытта әр сенбі сайын өткізіліп тұрса. Әбдімәжит Әбсатаров, еңбек ардагері: – Облыстың азық-түлік тауарын өндірушілері жақында Астана және Алматы қалаларын азық-түлікпен қарық қылғанын «Ақ жол» газетінен оқыдық. Тараз қаласының тұрғындарына кезек енді келген шығар. Расында да бұл жәрмеңкені қалалықтардың күтіп жүргендеріне біршама уақыт болды. Жылқы етінің килограмын 1000 теңгеге ғана алдық. Картоп та арзан, 60-70 теңгеден сатылуда. Гүлжан Серікбаева, зейнеткер: – Менің отбасымда төрт балам бар. Бәрі есейген. Тамақ керек. Бүгін орталық алаңда жәрмеңке өтеді дегенді ести салып, ертемен көршілеріммен осында келдім. Базарға қарағанда мұның жөні бөлек қой. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің басшылығы жәрмеңкені өте тамаша ұйымдастырып, өткізуде. Қызметкерлері бағаны да, сауда мәдениеттілігін де қадағалауда. Мен өзім мына сиыр етін Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылдық округінен келген шаруадан алдым. Бағасы көңілімнен шықты. Жамбыл аудандық әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбанов ауданның 17 ауылдық округіндегі құрылымдар бір тонна жылқы, осы мөлшерде сиыр және қой етін және бір тонна алма алып келгенін жеткізді. 500 литр сүт өнімдері, алты тонна пияз, төрт тонна сәбіз, 200 килограмм бал ұсынылуда. 500 килограмм шошқа еті бөлек сатылуда. Таластық тауар өндірушілер де төрт түліктің етінен бөлек, құрт-ірімшігімен де жәрмеңке көрігін қыздырды. Тараз қаласы мен басқа аудандардың өнімдеріне де сұраныс жоғары болды. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев жәрмеңкеде 55 миллион теңгенің тауары өткерілгенін айтып, облыс әкімінің тапсырмасымен мұндай шара әр сенбі сайын өтіп тұратынын еске салды. 1 қарашада көрші Қырғыз елінің Шу және Талас облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері келетін көрінеді. Сондықтан да қысқа қамдана алмаған тараздықтар сенбі сайын өтетін арзан жәрмеңкені жіберіп алмаса болды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар