«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұрғындар жедел және сапалы медициналық қызмет алуға құқылы

Тұрғындар жедел және сапалы медициналық қызмет алуға құқылы
ашық дереккөз
Тұрғындар жедел және сапалы медициналық қызмет алуға құқылы
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен тұрғындарды қамту шараларына арналған жол картасының орындалу барысы мен өңірдегі жедел жәрдем қызметінің жұмысына қатысты мәселелерді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жіті қадағалап, тексеру мақсатында арнайы жиын өткізді. Аталған салаларға жауапты тұлғалар мен басшылардың басын қосып, олардың шешілмей жатқан мәселелеріне назар аударды және тұрғындар тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдар мен өтініштердің неге толастамай тұрғанын сұрады. Айта кетейік, мұның алдында ғана өңірдегі жалпы медицина саласына қатысты жиын өтіп, онда да бірқатар проблемалар талқыланған болатын. Ал медициналық сақтандыру мен жедел жәрдем төңірегінде де мәселелердің көп болуы себепті облыс әкімі бұл салаларды тағы да қосымша қарауды ұйғарған екен. «Біз алдында ғана денсаулық сақтау саласының мәселелерін қарастырып, үлкен басқосу жасадық. Алайда, мына екі саланың проблемасы өз алдына жеке қарауды талап етеді. Сондықтан оған қосымша уақыт бөліп қарастыруды жөн деп таптым», – дейді Нұржан Молдиярұлы. Арнайы кеңесте әуелі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен тұрғындарды қамтудың қарқыны қаралды. Облыс бойынша жарналар мен аударымдардың жалпы түсімі 37 миллиард 969 миллион теңгеден асқан. Оның ішінде ағымдағы жылдың бес айында 8 миллиард 656 миллион теңге түскен. Дейтұрғанмен, жүйе жүзеге аса бастаған уақыттан бері әлі жүз пайыз орындалмай отыр. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ләззат Әлімова осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша сақтандырылған тұрғындар саны 911 мың 771-ді құрағанын жеткізді. Ол сақтандыруға жататын жалпы халықтың 79,4 пайызын құрайды. Ал сақтандырылмаған халық саны – 237 091, яғни 20,6 пайыз. Саладағы олқылықтардың, атап айтқанда, шегерімдер мен төлемдердің ретсіздігіне байланысты жүйеден 22 732 адам қалып қойған. Облыс әкімі бұл мәселеге айрықша назар аударып, оған жауапты мамандардың жұмысын күшейтуді тапсырды. – Жол картасына сәйкес аудан, қала деңгейіндегі әкімдіктерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындардың тізімімен жұмыс істейтін арнайы жұмыс тобы құрылып, сақтандырылмаған азаматтарды өзектендіруге қатысты алгоритм әзірленген. Сол алгоритм бойынша жұмыс ойдағыдай орындалып отыр дей алмаймыз. Бекітілген мамандар өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Бұл мәселені алты айдың қорытындысымен тағы да қараймыз, – деді Нұржан Нұржігітов. Келесі кезекте өңірдегі жедел жәрдем қызметінің жұмысына қатысты мәселелер қаралды. Облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Венера Балқыбекова атқарылған жұмыстар, қолға алынып жатқан жаңашылдықтар мен шешімін күткен мәселелерді баяндады. Бүгінде станция құрамында 1 орталық станция, 3 қалалық қосалқы станция, 11 аудандық жедел жәрдем бригадасының бөлімшелері және телемедицина қызметімен медициналық авиация бөлімі жұмыс істейді екен. 281 ауыл жедел медициналық жәрдем бригадасымен қамтамасыз етілсе, жедел жәрдемге жете алмай жүрген 91 ауыл бар болып шықты. Әлбетте, ол ауылдық жерлерде медициналық санитариялық алғашқы көмек медициналық пункті, фельдшер-акушерлік пункт, дәрігерлік амбулатория, ауылдық емхана сынды медицина нысандары тұрғындарға алғашқы көмек көрсетеді. – Облыс бойынша барлық шақыртулар 103 Call-орталығына келіп түседі және сол жерде жедел медициналық жәрдем бригадаларына автоматты түрде компьютер арқылы беріледі. 103 Call-орталық Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы орталық базасының бірінші қабатында орналасқан және «Көмек» автоматты басқару жүйесі бағдарламасымен жабдықталған. Аталған бағдарламада санитарлық автокөліктерді GPS-навигация жүйесі арқылы спутниктік мониторинг жасау жүйесімен біріктірілген. Шақыртулар бойынша ақпарат сақталады. Сонымен қатар «Көмек» АБЖ ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен, Жамбыл облысының көпбейінді стационарлары және бірқатар емханаларымен интеграцияланған, – дейді Венера Балқыбекова. Яғни, GPS-тің көмегімен тұрғындар өздері шақыртқан жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын бақылауға мүмкіндігі бар. Айта кетерлігі, тұрғындарға жедел әрі сапалы қызмет көрсетуі үшін бұл салаға тиісті қаржы бөлу, техникалық базасын жаңарту назардан тыс қалған емес. Мысалы, биылдың өзінде жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі 65 автокөлікке жаңарып, санитарлық автокөліктің тозуы 33,7 пайыздан 22,7 пайызға төмендеген. Есесіне, шақырулар да жиілеген. Жыл басынан бергі бес айда 207502 азамат жедел жәрдем шақыртқан. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3801 шақыртуға артық. Жиын соңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов денсаулық сақтау басқармасы мен проблемасы бар бірқатар емханалардың басшыларынан, аудан әкімдерінен жауаптар алды.

Маржан РАҚАЙ

Ұқсас жаңалықтар