«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел алғысына бөленген азамат

Ел алғысына бөленген азамат
ашық дереккөз
Ел алғысына бөленген азамат
Дөңгеленген дүние бір орында тұрмақ емес. Диірменнің тасы секілді тоқтаусыз айналып тұрады. Осынау дүр-дүниеде әркімнің несібесі әртүрлі беріледі. Бірақ төрт құбыламызды тең қылып беру мүмкін емес... Біреуге бала бергенмен оған сана бермейді. Ал біреуге дүниені төккенімен артына ұрпақ қалдыртпай армандатып қояды. Енді бүгінгі біздің кейіпкеріміздің басындағы бағы бес елі десек те болады. Шүкір, үлгілі ата, өнегелі әке, кішіге үлгі болар аға, ағаның тынысы бола білген іні. Ұлы Отан соғысы аяқталып, жалпы елде қайта құру жүріп жатқан шақта Әбдіғаппар қарияның үйінде қуаныш оты лап етті. Дүниеге ұл келіп, ауыл болып елге сыйлы Әбдіғаппар қарияны құттықтап жатты. Балаға қарияның көңілінде көптен жүрген ныспы – Сатыбалды беріледі. Ол кезде қайбір заман. Ары тартсаң бері, бері тартсаң ары жетпейтін қиындау кезең болатын. Сонда да Әбдіғаппар қария бала-шағасын тарықтырмауға тырысты. Сапалы білім берді. Шамасы жеткенше қатарынан кем қылмай өсірді. «Әке көрген оқ жонар» демей ме қазақ атам. Әке тәрбиесін көріп, көңіліне түйіп өскен балалары әке аманатына адал болды. Елде білім алып, көп оқып көңілге түйген Сатыбалды негізінен құрылысшы болуды арман етті. Алдынан анық арманы қол бұлғап шақырған сайын, соған жетуге тырысқан Сәкең көп ізденіп, еліміздегі құрылысшыларды оқытатын келелі оқу орнына түсіп, ата-анасын қуанышқа бөледі. Мұны жетістік деп танығанмен артындағы жауапкершіліктің ауыр жүгін сезінген Сатыбалды студент көп ізденіп, ұстаздарының алдында беделі биіктей береді. Жалпы Сәкең өте пысық, елгезек болғандықтан өз құралпы студенттердің де барлық іс-шараларын ұйымдастырып, тобының алды бола біледі. Осылайша, «Инженер-құрылысшы, жолдар мен көпірлерді салу және пайдалануға беру жөніндегі инженер» мамандығын алып шыққан жас маман көп ойланбастан еңбек майданына сүңгіп кетеді. Бірнеше жол құрылысының басы-қасынан табылып, елдің алғысына бөленеді. Дін жолымен қарасаңыз да жол жөндеген жанға тиер сауап мол емес пе? Қиқы-жиқы жолдан мезі болған ел даңғыраған тас жолға түскенде «жолың болғыр» деп талай айтты. Ел тілегі жерде қалмады. Құрылыстың қызығы мен қиындығын көп көрген Сатыбалды ақсақал энергетика саласына қарай ойысады. Бүған дейін елден «жолың болсын» деген алғысқа бөленген атпал азамат «көзің ашылғыр» деген елдің ақжарма тілегін алды. Бұл саланың да көзге көрінбейтін қиыншылығы мол. Дала кезіп, энергия желілерінің ақауын тауып ретке келтіру немесе жоғары кернеулі желілерді межелі жерге жеткізу, тіпті оның құжаттық жұмыстарының ауыртпалығы бәрі-бәрі жауапкершілігі жоғары жұмыс. Қаншама күш-қуат десеңізші. Қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында сеніп тапсырған міндеттің межесінен шығу керек. Адамға көңіл деген қыл секілді дүние берген ғой. Қанша қиындық көріп қиналған кезінде де, басына қуаныш үйіп-төгіп берген шағында да бір қалыптылықты сақтай білді. Сондықтан ұжымда үлкенге – ілтипатты іні, кішіге – қамқор аға, қатарластарына – адал дос бола білген ізгі жүректі азамат, еңбекте – беделді маман, абыройлы жетекші, қаталдығы мен әділдігі жарасқан білікті тұлға бола білді. Әлі күнге дейін Сәкеңді бұрынғы әріптестері көре қалса құрақ ұша қолын алып, өзіне үлгі тұтатынын жеткізіп жатады. Дүниеге адам болып келіп, адам болып қалу қиын дейді. Қолына билік тиіп, қызметі жоғарылаған кейбіреулер ақ жолдан тайқып құлап жататынын талай көрдік. Ал бүгінгі кейіпкеріміз керісінше қызметі жоғарылаған сайын ілтипат танытып, кішік бола берді. Ақылдының ары таза болады. Сатыбалды Әбдіғаппарұлы да адалдықтың ақ жолынан таймады. Қаталдық болмаған жерде қызметтестердің сыйламайтыны белгілі ғой. Қаталдығына сай қара қылды қақ жарар әділ шешім шығара білді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қандай қызметте болса да әке аманаты – тиянақтылық пен ұқыптылық танытты. Әділдікті жанына жалау етті. Біліктіні қай заманда да қадірлеген. Мамандығына адал арда азаматтың омырауына Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордені тағылды. Бұл кешегі елден алған алғыстың өтеуі деп білуіміз керек. Сонымен бірге ол «Құрметті энергетик» атағын иемденсе, көкірегінде жарқыраған «Еңбек ардагері» медалі еселі еңбектің жемісі емей немене? «Еңбек ері үшін» Үкіметтік наградасын иеленді. Электр энергиясы саласын дамытуға орасан зор үлес қосқаны үшін Қазақстан Электрэнергетика қауымдастығының «Еңбек сіңірген энергетик», Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, «Құрметті энергетик» төсбелгісімен, Энергетика министрлігінің арнайы медалімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Қазақстан Электрэнергетика қауымдастығының және «Самұрық-Энерго» АҚ «Құрмет» грамоталарымен арнайы марапатталды. Бұлар өз алдына бір төбе. Ал мынау марапаты кейіпкеріміз үшін ерекше. Себебі еңбек майданын қарапайым құрылысшыдан бастаған, былайша айтқанда өмір теңізінде екі ескегі құлатпай алып шыққан таңдап алған мамандығы үшін берілді. Сондықтан «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін кейіпкеріміз құрмет көреді. Марапаттары туралы сөз қозғағанда «Самұрық-Энерго» АҚ-ның 10 жылдығына арналған мерекелік медалін де айтпай кетуге болмас. Көпке көмегін аямайтын арда азаматқа Жамбыл облысы Талас ауданының «Құрметті азаматы» атағы да берілді. Мұның бәрі – оның еңбегінің әділ бағасы. Сатыбалды Әбдіғаппарұлы Мойнақ ГЭС, Шардара ГЭС, Балқаш ГЭС нысандары, «Ерменсай» ҚС, «Алатау» ҚС, «Бесағаш» ҚС, «Алтай» ҚС, «Жас қанат» ҚС және басқа да бірқатар энергетикалық сектор объектілерінің құрылысын басқарды. Екібастұз ГРЭС-2 көмір беру конвейерлік желісінің құлау себептерін анықтауға және оны қысқа мерзімде қалпына келтіруге байланысты істеген ісінің өзі бір төбе. Ол ел астанасындағы «Гранд Алатау» ТК (43 қабатты көпқабатты ғимараттар) жобасының бас инженері қызметін абыройлы атқарды. Сатыбалды Серікбаев жобалау-сметалық құжаттаманы орындау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу сапасын қарапайым аудандар бойынша ғана емес, сейсмикалық аудандар бойынша да жедел анықтайды. Сатыбалды Әбдіғаппарұлы халық шаруашылығының әртүрлі салаларында қызмет етті. Негізгі мамандығы – инженер-құрылысшы, жолдар мен көпірлерді салу және пайдалануға беру жөніндегі инженер. Сонымен бірге заңгер, экономист. Бір емес, бірнеше мамандықты қатар меңгерген Сәкең «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат десек, артық айтқандық емес. «Жігітке жеті өнер де аз» дегенді біздің Сәкең дәлелдей түскендей. Еліміздің батыр ұлы Бауыржан Момышұлы адам қартайғанда үш түрлі болады демеп пе еді. Бүгінгі кейіпкеріміз ауызында дуасы бар, еліне мәуелі, сыйлы қария атанды. Өмірлік серігі екеуі өсірген өнегелі ұрпақтары заман ағымына сай білім алып, бүгінде еліміздің дамуы жолында әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Бүгінде Сатыбалды Әбдіғаппарұлы сол ұл-қыздарынан тараған немере-шөберелеріне өзінің өнегелі өмірін дәріптеп, жақсы тәрбие беріп отырған асқар тау ата атанды. Мәуелі ағаш секілді жайқалып өскен-өнген үлкен әулетке айналды.

Бақтияр Көпбосынов.

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар