Мемлекеттік рәміздер – мақтанышымыз!
Әр Тәуелсіз мемлекеттің басты белгісі – ұлттық рәміздер. 1992 жылдың 4-ші маусымы – еліміздің тарихындағы айтулы күн. Бұл күн – ҚР мемлекеттік рәміздері күні болып белгіленді. Егеменді еліміздің көк Туы еркін елдің көк аспанында желбіреді. Еліміздің Ата Заңының 9-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері –Туы, Елтаңбасы және Гимні бар» делінген. Сондай-ақ осы заңның 34-бап, 2-тармағында «Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті» деген жолдар бар. Ендеше, мемлекеттік рәміздер қайда орналастырылады? Бұл туралы ойланып көрдіңіз бе? Мысалы, Елтаңба төлқұжатта, туу туралы куәлікте, орта білім туралы аттестат сынды құжаттарда бейнеленген. Ал Мемлекеттік Ту Президент резиденциясында, Үкімет үйінде, барлық мемлекеттік мекемелерде ілінуі керек. Гимн де солай, облыс, аудан көлеміндегі маңызды салтанатты мәжілістерде, Мемлекет басшыларының халықаралық кездесулерінде, спорт чемпионаттарында орындалады.
Егер де Туға тұтас зер салсаң, автордың оны жасағанда үлкен мазмұнды ойластырғаны байқалады. Ол жер жүзінде әлемге нұрын шашқан күн сәулесі астында қияға қанат қаққан қыран – тыныштық пен баянды өмірдің белгісі, ал ою-өрнек тудың қай елдікі екенін аңғартады. Ортасындағы шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Көгілдір түсі бірігу идеясын білдірумен қатар, әрқашанда бейбітшіліктің, тыныштық пен жарқын болашақтың белгісі саналатын бұлтсыз ашық аспанды еске салады. Геральдика тілінде көк түс пен оның реңктері адам бойындағы адалдық, тазалық, үміт сияқты қасиеттеріне сәйкес келеді. Шұғылалы алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелесе, дала бүркіті қазақстандықтар ұғымында дарқандық пен қырағылық, биіктік белгісі. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2 екенін біле жүрген абзал.
Иә, егеменді еліміз жер әлеміндегі басқа мемлекеттермен терезесі тең өркениетті, өзінің Елтаңбасы мен Әнұранын, Туын белгілеп, осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір ұрпақ терең түсініп, әдептілік рәсімдерін орындау борышымыз деп мақтан етеді. Көз салыңызшы, баршамызға қадірлі Елтаңбамызда нелер бейнеленген? Нұрын шашқан күн сәулесі, шаңырақ, жұлдыз, қанатты тұлпар, бидай сабақтары. Ондағы алтын шаңырақ Қазақстанның «қара шаңырақ» деген қасиетті сөзінен алынып, шаңырақ астындағы халықтар бірлігін талап етіп, халықтың қасиетті шаңырағы биіктеп, отбасына күн ананың жарығын шашып, бақыт жұлдызының нұрын төгіп тұр.
Қанатты тұлпардың баламалық мәні қазақтың аңыз-ертегісінен алынса керек. Аңыз бойынша, қанатты тұлпарға мінген алып батыр алты қат аспанға ұшып, жеті қат жер астына түсіп, халықты қасіреттен азат еткен. Бидай сабақтары – молшылықтың нышаны. Аспан ашық, жұлдызы жарқыраған, шаңырағы биік, жеңімпаз, молшылық елінің перзенті болу біздің елдің айнымас тағдыры деп қабылдайық.
Әлбетте, кез келген мемлекеттік рәміздердің маңызды тағы бірі – Әнұран, яғни Гимн. Гимн – мемлекеттің салтанатты әні. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы. Гимнді түрегеліп, жүректің тұсына қолдарын қойып айту – өз мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді.
1986 жылы «Менің Қазақстаным» бостандық аңсаған қазақ жастарының бейресми гимні болған еді. Ал 2006 жылғы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес ҚР-ның Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды. «Менің Қазақстаным» әні алғаш рет Қазақстан Республикасының Гимні ретінде 2006 жылдың 10 қаңтарында Елбасын ұлықтау рәсімінде орындалды. Бұл Гимннің сөзі республикамыздың барлық халықтарының жүрегіне жақын, жұрттың бәрінің көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән.
Ендеше, еліміздің әр азаматы өзіміздің туған жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеуге және патриоттық сезімімізді нығайта түсуге тырысайық! Бұл киелі ұғымдарды әр қазақстандық құрмет тұтуға, оны қастерлеуге міндетті екенін ұмытпайық.
Толқын АЙМАХАНОВА, «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді