Білім ал, отанға адал қызмет ет
Өңірімізде жеке талантымен, ерекше қабілетімен, ғылыми жобаларымен дараланған дарынды оқушылар аз емес. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Балалар жылы аясында солардың бірқатарымен Көне Тараз кешенінің көрме залында арнайы кездесті. Кездесуге негізінен халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары, сонымен бірге олардың пән мұғалімдері қатысты.
Алдымен облыстың дарынды оқушыларының өткен оқу жылында жеткен бар жетістігі LED экраннан «Жаңа Қазақстанның ұлағатты ұрпағы» атты бейнеролик арқылы әсерлі жеткізілді. Атап айтсақ, өткен оқу жылында республикалық ғылыми жобалар байқауына облысымыздан 50 оқушы қатысып, оның 29-ы алтын, күміс жəне қола медальдарды иеленген. 7 оқушы Шымкент қаласы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранттарына ие болған. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11-сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиададан 38 оқушы жеңімпаз атанса, оның 9-ы республикалық команда құрамында халықаралық олимпиадаларға қатысуда. 2-7-сынып оқушыларына арналған XVII республикалық «Зерде» конкурсына қатысқан жас зерттеушілер 13 медальмен марапатталған. Бұдан бөлек, Білім-Инновация лицей-интернатының оқушылары Дінмұхамед Сапыбек пен Ануар Салан 18-ші халықаралық Жәутіков олимпиадасында қола медаль иеленіп, Дінмұхамед қазақ-британ техникалық университетінің грантына ие болды. Ал Өзбекстанда өткен халықаралық әл-Ферғани атындағы физика олимпиадасында да Дінмұхамед Сапыбек күміс медаль иегері атанса, республикалық Қ.Сәтбаев олимпиадасында Диас Қоршыбек топ жарып, алтын медальдан алқа тағынды. Сонымен қатар Білім-Инновация лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан Леонард Эйлер атындағы халықаралық математикалық олимпиададан алтын медальды және халықаралық математикалық «Жібек жолы» олимпиадасынан қола медальды жеңіп алды. Мәскеу облысы, Королев қаласында Ресей Федерациясының жоғары білім және ғылым министрлігінің халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра-желісі департаментінің ұйымдастыруымен оффлайн форматта өткен оқушылардың «Адам – Жер – Ғарыш» қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының бүкілресейлік олимпиадасына қатысқан 12 оқушы алтын және күміс медаль иеленген. «Қолданбалы лингвистика» олимпиадасының республикалық кезеңінде Али Мұстафа, Жамиля Шамшиева және Альбина Ким жеңімпаз атанса, осы олимпиадада алтын медаль иеленген Али Мұстафа биыл Ұлыбританияның Біріккен Корольдігіндегі Мэн аралында ел намысын қорғау құқығына ие болды. «Елбасы медалі» жобасында 208 оқушы жүлдеге ілігіп, 1 алтын, 5 күміс, 202 қола медальды қанжығаға байлады. Ауылды жерлердегі оқушылардың дарыны мен қабілетін қолдау мақсатында «Мың бала» ұлттық олимпиадасына соңғы екі жылда қатысқан 27 мың оқушының 258-і жеңіске жетті. Қазір 91 оқушы мамандандырылған мектепке орналастырылса, 110 оқушы «Бірге оқу» онлайн мектебінде білім алуда. Осы жетістіктердің барлығы облыс оқушыларының Балалар жылына қосқан тартуы болды. Мұның барлығы да бейнероликте жан-жақты қамтылған болатын. Еркін форматта ұйымдастырылған кездесудің алғашқы құттықтау сөзі облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке беріліп, аймақ басшысы өткен оқу жылында білім саласында, білім бәйгесінде биік белесті бағындырған, оқу жылын табысты аяқтаған оқушыларды жеткен жетістіктерімен құттықтады. – Адамды биік мақсаттарға жетелейтін – білім. Білім алу жолында шаршамаңдар, әрдайым біліміңді жетілдіре отырып Отанға қызмет етуді мақсат еткендерің абзал. Өздерің жақсы білесіңдер, негізгі тарихты жасайтын тұлғалардың барлығы дерлік мектепте өте жақсы оқыған. Олар Отанын шексіз сүйген. Сіздер сол соқпаққа түсіп, сол жолда келе жатырсыздар деп білемін. Сіздер алда алған білім мен тəрбиелеріңізді Жаңа Қазақстанды құруға жұмсайды деген сенімім мол. Жаңа бейнероликтен сіздердің халықаралық жəне республикалық байқауларда жеткен жетістіктеріңізді көрдім. Сіздердің жəне өздеріңіз қатарлы жастардың жақсы білім алуы үшін білім саласына көп көңіл бөлінуде. Жақсы жабдықталған оқу-кабинеттері мен заманауи құрал-жабдықтардың арқасында біздің оқушылар 13 жыл қатарынан республикалық білім байқауында бірінші орыннан түспей келе жатуында мұғалімдер мен ата-аналардың да үлесі бар деп білемін, – деді аймақ басшысы. Осыдан кейін облыс әкімі кездесуге қатысқан дарынды жастарды Алғыс хатпен жəне арнайы сертификатпен марапаттады. Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов жеңімпаз оқушыларды дайындаған 15 мұғалімге Құрмет грамотасы мен Алғыс хат тапсырды. Кездесу соңы ашық сұхбат алаңына ұласып, дарынды оқушылар облыс əкімі Нұржан Нұржігітовке көкейлерінде жүрген сұрақтарды қою мүмкіндігіне ие болды. Балалар аймақ басшысының қандай оқушы болғанын, сабақты қалай оқығанын, алғашқы ұстазы кім екенін, өзіне кімдерді ұстаз санайтынын, кімдерден үлгі алатынын, қандай кітап оқитынын қызыға сұрап, әсерлі, отбасы, ата-ана, өмір мектебі, қызмет жолы туралы әсерлі жауап алды. Сонымен бірге оқушылар басқа да сұрақтар қою арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім саласына көрсетіліп жатқан Үкіметтің қамқорлығы мен қолдауы жайлы ақпаратпен де танысты.Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді