Еңбексіз іс бітпейді

Еңбексіз іс бітпейді
ашық дереккөз
Еңбексіз іс бітпейді

 облыс әкімі есебінде көтерілген мәселелер шешімін табуда

31

32

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс әкімі 2013 жылдың қорытындысы бойынша 2014 жылдың 19 ақпанында тұрғындар алдында есеп бергені белгілі. Бүгінде іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бақылауға алынған 26 мәселе кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазір оның 13-і орындалды. Есеп беру барысында көтерілген мәселелер және олардың орындалуы бұдан бұрын да облыстық газет беттерінде хабарланған болатын. Дегенмен, төмендегі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Жамбыл облысына 2014 жылы инвестициялар тарту, арнайы экономикалық аймақтар құру және экспортты ынталандыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, соған сәйкес келесі жұмыстар атқарылды. Облыс әкімі К.Көкірекбаевтың бастауымен биыл 24-26 мамыр аралығында Жамбыл облысының делегациясы ҚХР Шэньси провинциясының Сиянь қаласында өткен Ұлы Жібек жолындағы халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық аясында өткен көрмеге қатысты. Көрме барысында облыстың инвестициялық мүмкіншіліктері, инвестицияны қажет ететін жобалар және облыс өнімдері назарға ұсынылды. Сонымен қатар, экономикалық ынтымақтастық туралы 3 меморандумға қол қойылды. Ал 20-22 мамыр аралығында Ресейде (Омск қаласы) өткен сауда-миссиясына Жамбыл облысынан «Та-Мақ» ЖШС қатысқан. Онда ел арасындағы сауда-ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Облыстың инвесторларға қызмет көрсету орталығы «Тараз» химиялық паркі» АЭА-на инвесторлар тарту аясында 8 әлеуетті жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың қараша айында облыс орталығында «Taraz Invest-2014» инвестициялық форумын өткізу және қараша-желтоқсан айларында «KaznexInvest» АҚ-мен бірлесе отырып АҚШ-та өтетін роуд-шоуға қатысу жоспарланған. Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтудың картасы дайындалып, жыл ішінде 600 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда 565 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналастырылды, олардың 281-і тұрақты жұмыстармен қамтылып, 135-і ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған, 69-ы әлеуметтік жұмыс орындарына, 59-ы жастар практикасына жіберілді, 21-і «Жұмыспен қамту-2020 жол картасының» 1-ші бағыты бойынша құрылыс жұмыстарына жолданған. Бірінші жартыжылдық бойынша мамандарды шетелге оқуға жіберу тәжірибесі аясында облыстың денсаулық сақтау саласы бойынша кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бағдарламасы шеңберінде Ресей Федерациясының, Қазан мемлекеттік медицина институтында «Инсультті диагностикалау, емдеу және алдын алудың жаңа технологиялары» бойынша 27 маман біліктіліктерін арттырды. «Тараз-Арена» спорт сарайын тиімді пайдалану, сондай-ақ, менеджментті жақсарту шаралары қолға алынуда. Спорт сарайында ақылы көрсетілетін қызметтердің баға прейскуранты бекітілген. Қазақстан Республикасының таэквондо, самбо күресі, каратэ-до, баскетбол, гир спорты, армрестлинг, гандбол, үстел теннисі, су спорты түрлері, грек-рим, еркін және әйелдер күресі, гимнастика, спорттық би, кикбоксинг федерацияларымен осы спорт сарайында республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Спорт сарайын жарнамалау үшін арнайы бейнебаян, фотоальбом, буклеттер әзірленіп, арнайы сайт ашылды. Спорт түрлері бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Жыл басынан бері спорт сарайында 64 спорттық іс-шара өткізіліп, оларға 7632 адам қамтылған. Ақылы түрде өткізілген 14 іс-шарадан 6,3 миллион теңге көлемінде қаражат түскен. Облыста 17 мыңнан аса шаруашылық тіркелген болса, оның 27 пайызы ғана ірілер санатында. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстары 2013 жылы қабылданған «2013-2020 жылдарға арналған Жамбыл облысының шаруашылықтарын ірілендіру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Есепті кезеңде облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ірілендіру бағдарламасы бойынша үгіт-насихат жұмыстары 22 рет жүргізілген. Нәтижесінде 512 ұсақ шаруашылық іріленді. Өткен 9 айда облыстық орман қоры жерінде заңсыз ағаш кесудің 68 оқиғасы тіркелген. Оларға 44 хаттама және 24 кесім толтырылды. Заңсыз кесілген орман ағаштарының көлемі – 117,6, тәркіленгені – 78,5 текше метр. Заң бұзушыларға 369,1 мың теңге айыппұл салынып, оның 360,5 мың теңгесі немесе 97,6 пайызы өндірілді. Келтірілген зиян – 439 мың теңге, өндірілгені – 309,5 мың теңге немесе 70,5 пайыз. Заңсыз ағаш кескені үшін 24 іс құқық қорғау органдарының қарауына беріліп, оның 16-сына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімі бойынша 6 заң бұзушыға 1 жылдан бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды. Бір «Газ-53», екі «УАЗ» (қорапты), бір «Москвич» автокөліктері және 5,75 текше метр сексеуіл ағаштары мемлекет кірісіне тәркіленді. Облысішілік және Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге GPS бақылау жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Есепті кезеңде облысішілік, ауданаралық (қалааралық) бағыттарда қызмет көрсететін 202 автобусқа және Тараз қаласындағы 527 қоғамдық көліктерде GPS бақылау жүйесі орнатылды. Облыс аумағында 2014 жылдың 9 айында мал ұрлығына қатысты 552 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 26,2 пайызға төмен (748). Керісінше мал ұрлығының ашылу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға өскен (19,7%-ден 21,3%-ке). Бұдан басқа Қырғызстан Республикасы облыстарының ІІД-мен (Талас және Шу облыстары ІІБ) мал ұрлығының алдын алу шараларын өткізу мақсатында бірлесе атқарылатын жедел-профилактикалық жұмыстарды жетілдіретін жоспар жасалды. Сонымен қатар, облыстық ішкі істер департаменті Сарысу, Талас және Т.Рысқұлов аудандары полиция қызметкерлерінен мал ұрлығы қылмыстарының алдын-алу және ашу мақсатында жедел топтар құрды. Жыл басынан мал ұрлығымен айналысатын 5 қылмыстық топ құрықталды. Ауыл шаруашылығы басқармасы малды сәйкестендіру деректер базасына қосылу және профилактикалық жұмыс жүргізу кезінде оны пайдалану жөнінде шаралар қабылданды. Қазіргі таңда базада «ұры-мал ұрлаушы» санаты бойынша 212 тұлға тіркелген. Ал «Қасапшы» базасы бойынша 77 тұлға тіркеуде тұр. Сонымен қатар, ІІД КПБ қызметкерлері жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар өткізуде. Облыс әкімі есебінде көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда және олардың орындалуы жөнінде хабарлама кезең-кезеңімен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып тұратын болады.

Облыс әкімінің аппараты.

Ұқсас жаңалықтар