Бүгінгі облыстық «Ақ жол» газетіңіз о кезде «Еңбек туы» деп аталатын. 1980 жылдан 1998 жылға дейін, яғни, 18 жыл осы басылымның Қордай ауданындағы меншікті тілшісі деген нәміміз болды. Мінсіз қызмет еттім деуге болмас. Хабар-ошар жаза қоймайтындықтан ескертулерді алып жүрдік. Әйтеуір газетке бір керегі барын біле тұрып, он жол – жиырма жолдық «өйтті-бүйтті» дегенге зауқым соқпайтын. Ал енді проблемалық мақала, очерк пен публицистиканы жазғанбыз біраз. Сериялатқан кезіміз де аз болған жоқ. Сын мақалаларымыз талайдың аяғын көктен келтірген. Сол кезде әбден етек алған қозы қосып жазу дейтін көзбояу туралы ең алғаш мақала жазған мен болуым керек. «Көбік» деп аталды сол. Киров атындағы колхоздың председателі қатаң сөгіспен орнында зорға қалды, бас зоотехнигі, ферма меңгерушісі орындарынан босап, партиядан шығарылып, шартты түрде сотталды. Қордай ауданында қоғамдық тамақтандыру орнының директоры Баимова деген бір әйел болды. Аудандық Совет атқару комитетінің төрағасының туысы болуы керек. Әй, дейтін әжесі жоқ, қой дейтін қожасы жоқ. Жүрісі паң, сөзі суық. Соның қызметіне журналистік зерттеу жасап, оның білгенін істеген былық-шылығын әшкерелеген сынымыз Баимованың түсін төртеу, өңін екеу қылып жіберген... Айта берсем, жаза басқандардың салған жерден сай-сүйегін сырқыратқан жағдайлар көп. Сосын менің публицистикамнан диплом да қорғалды. Меншікті тілші қызметінің маған бергені – әдебиетпен айналысуыма мол жағдай жасады. Өз еркің өзіңде. Уақытың көл-көсір. Төрт повесім мен «Құдырет пен қасырет» романым сол кездерде жазылды. Сол үшін де «Еңбек туына» қарыздармын. Реті келіп тұрғанда, білдей газеттің бір өңірде өкілі болу және жалпы журналистика жөнінде сөз саптай кеткенім дұрыс шығар. Меншікті тілші, әділ де айбынды, қабілетті, қарымды болса, атынан «ат үркеді». Осыдан келіп, басылымның абырой, беделі артады. Журналистика – өнер ғой. Өнерге өзгеше мінез керек. Өресіздіктің өзегін тіліп жіберетін пәрменді мінез. Екіншіден, журналист универсал, яғни, барлық жанрда жаза алуы дейтін мәселе бар. Олай болмаса, оның бар бітіргені, әйтеуір, айлық алумен немесе редакцияны адаспай тауып келумен ғана аяқталып жатады. Қазір жергілікті жерлерде журналист мамандығы бойынша кәсібилік проблемаға айналып келеді. Себебі, озық заманда айтары арзан, ойы орашолақ ортаңқолдар, одан да төмендер опа бермейді. Мұны айналып өтуге болмайды. Бүгін айналарсың, ертең айналарсың, арғы күні абыройдан айырады. Мұның барлығын не үшін айтып жатырмын. «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Бір кезде 18 жыл қызмет еткен облыстық газетке жанашыр болғандықтан. Өркениетті ел болудың ұлы көшінде «Ақ жолдың» да ойы кемел, сөзі пәрменді, білімді де білікті көріне берсін, деген тілек, бұл. Он сегіз мыңыншы нөмірлерің құтты болсын!
Несіпбек Дәутайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді