«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сейдімкүл әпке

Сейдімкүл әпке
ашық дереккөз
Сейдімкүл әпке

Ең алғаш журналистік еңбек жолымды «Ақ жолда» бастаған жылдары осы басылымның беделі үшін күн-түн қатып тер төгіп жүрген журналист-қаламгерлерден тәлім алып, үйренгенім көп болды. Нұсқаған жолдарынан ауытқымауға тырыстым. Аға ұрпақ өкілдерінің кейінгі жас толқынға сенім артып, қолдау көрсеткенін талай көрген болатынмын, ал оның өзі ұрпақ сабақтастығына мән беру екен ғой. 

Сол тұста газетте Сейдімкүл Жұматаева әпке аға корректор болып жұмыс атқарушы еді. Ол кісінің қашан да қаршығадай шүйіліп, газет қарап отыратынын көретінбіз. Қай-қай мақаланы болсын бастан-аяқ байыптылықпен оқып шығып, оларда грамматикалық қателер орын алмауына, тыныс белгілерінің дұрыс қойылуына айрықша мән беретін. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынының талай куәсі де болғанбыз. Ал бұл, ең алдымен сауаттылық пен ұқыптылықты, сабырлылық пен төзімділікті талап ететін ауыр еңбек екені анық. Ұзақ жылдар бойы бір ғана орында – өзінің алғашқы еңбек жолын бастаған сүйікті газетінің редакциясы қабырғасында өмірінің ең бақытты да, қызықты сәттерін өткізіп, бертінде зейнеткерлікке шыққан Сейдімкүл әпкенің сол қызметі қазір менің мойнымда. Қазіргі компьютерлендірілген заманда газет шығару ісі жеделдей түсті ғой. Анда-санда қара шаңыраққа келіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, өткен жылдарды еске алатын газет ардагерлері – байырғы журналист аталарымыз да бұл іске сүйсініп: «Бұрындары газетке баратын материалдар әуелі редакцияда механикалық, болмаса электрлі машинкамен, ал баспаханада қорғасынға құйылып терілді. Тіпті таңға дейін жұмыс істейтінбіз» деседі. Сейдімкүл әпке де өзінің көп жылдық еңбек жолында мұндай қиындықтардың талайымен бетпе-бет келген екен. Рас, ол кісі бүгінгідей заманауи технология жетістігі көмегімен жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін де жатырқай қоймады. Тез меңгеріп те алды. Бұл тұрғыда жастарға үйреткені көп-ақ. «Корректордың қызметі қиын еді бағзы кезде. Қазір барлығы – электронды. Артық жан қиналу жоқ. Сондықтан бүгінгідей заманда жұмыс істеп жүргендеріңе қуаныңдар, сендер бақыттысыңдар» дейді ол кісі де.

Шынар АСАНҚЫЗЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар