«Бір кілемді тоқып шығуға бір апта уақыт кетеді»
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қабылданған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға» бағытталған қанатқақты жобаның шарапатын көріп отырған азаматтар бүгінде аз емес. Бұл жоба ең алдымен өз кәсібін ашып, жұмыс істеймін деген адамдарға зор мүмкіндік беруде. Осы жоба аясында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несие алған Диас Рахманқұлов портрет-кілем тоқумен айналысуда. Ақсай ауылдық округінің тұрғыны Диас Рахманқұлов осыған дейін «Даму» қоры арқылы 3 миллион теңге қайтарымсыз грантты жеңіп алған еді. Ол қаржыға Түркиядан кілем тоқитын құрал-жабдық сатып алады. Бірақ өз ісін жүзеге асыруды ойлаған кәсіпкер оған қажетті жіпті сатып ала алмай, қаржылық қиындықтарға тап болады.
– Біздің округте жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жоба арқылы бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге мүмкіндік алдым. Жобаның бесінші бағыты бойынша несие рәсімдеп, 2,8 миллион теңге несиені төмен пайызбен алып, жұмысымды бастап кеттім. Өндіріске қажетті жіпті Моңғолия мемлекетінен таптым. Сөйтіп ол елден бір тонна жіп алдырттым. Бұл жіп менің кәсібімді жүргізуге 5-6 жылға дейін жетеді, – дейді кәсіпкер.
Диас бұл кәсіппен жайдан-жай айналысып отырған жоқ. Өйткені кез келген кәсіпкер кілем тоқығанымен олардың дені адам бейнесін салып бере алмайды екен. Кәсіпкердің айтуынша, кілемге түсетін адам бейнесін техниканың көмегімен бейнелей алмайды екенсің, ол тек қол күшімен іске асырылатын процесс.
– Қазіргі таңда тапсырыспен жұмыс істеп жатырмыз. Бізде жұмыстың барлығы қол күшімен атқарылады. Адамның портретін кілемге салу аса ұқыптылықты қажет етеді. Бүгінгі таңда екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Қосымша дизайнер және суретшілеріміз бар. Цехта бір кілемді тоқып шығу үшін бір апта уақыт жұмсаймыз, – дейді ол.
Тұрғындардан тапсырыс қабылдап, жұмысын жолға қойып отырған кәсіпкер елге, республикаға белгілі тұлғалардың портреттерін салумен айналысуда. Соңғы уақытта тапсырыспен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің, тағы басқа да дара қоғам қайраткерлерінің портреттерін кілем бетіне түсірген.
Бүгінде кәсіпкер тапсырысты тек республика көлемінде ғана емес, бұрынғы одақ құрамындағы ТМД елдері бойынша қабылдап, тоқып беруде екен.
Марат ҚҰЛИБАЕВ Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді