«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ҚАРАТАУДЫҢ ХАЛЫҚ САЙЛАҒАН ӘКІМІ ҚАЛАЛЫҚТАРДЫҢ СЕНІМІНЕН ШЫҒЫП ЖАТЫР МА?

ҚАРАТАУДЫҢ ХАЛЫҚ САЙЛАҒАН ӘКІМІ ҚАЛАЛЫҚТАРДЫҢ СЕНІМІНЕН ШЫҒЫП ЖАТЫР МА?
ашық дереккөз
ҚАРАТАУДЫҢ ХАЛЫҚ САЙЛАҒАН ӘКІМІ ҚАЛАЛЫҚТАРДЫҢ СЕНІМІНЕН ШЫҒЫП ЖАТЫР МА?
2021 жылы еліміздің біршама өңірінде ауыл әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы сайлады. Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихындағы алғашқы көлемді деңгейдегі жергілікті халықтың әкім сайлауы болды. Мұндай жүйенің дауыс берушілерге де, әкім «тағынан» үміткерлерге де таңсық дүние болғаны рас. Әкімдік қызметті атқарып жүрген кей азаматтар тағы бір мерзімге орнында қалу үшін барын салды. Сайлаудың «қызығын» көрмек болған енді бірі үгіт-насихат ісіне білек сыбана кірісіп, уәдені үйіп-төкті. Әйтеуір не керек, «тұрғындар мені таңдасын» дегендер аянып қалмады. Ал көпшілік көз көрген, ісімен танылған, ауылға шын жанашыр азаматты әкім етіп сайлауды қалады, осындай талаптарға сай келер үміткерге дауыс берді. Дәл осылай болғанына біздің де сенгіміз келеді... ТАЛАСТЫҚТАР ДА ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ Өткен жылы Талас ауданында да тұрғындарға өздері тұратын елді мекеннің басшысын таңдау мүмкіндігі туып, 4 ауылдық округтің басшысы мен 1 қала әкімі алғаш рет жаңа жүйе аясында таңдап алынды. Саяси науқан әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталған Бостандық, Аққұм, Ойық, Қызыләуіт ауылдық округтері мен Қаратау қаласында өтті. Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелерінде партиялық бәсекелестікті күшейтуге назар аудару керегін айтқан болатын. Сондықтан да ауыл әкімдерін тікелей сайлауға қатысты реформа – саяси партияларға берілген жақсы мүмкіндік болғаны сөзсіз. Бұл ретте Талас ауданында саяси партиялардан «Amanat», Қазақстан Халық партиясы және «Ақ жол» туған жерінің тағдырына алаңдайтын, көшбасшы болуға лайық өз үміткерлерін ауыл, қала әкімдеріне ұсынуға дайын екендіктерін мәлімдеген. Мәселен, өткен сайлауда 3 «Amanat», 2 «Ақ жол», 3 ҚХП өкілдері бақ сынасса, 4 азамат өзін-өзі ұсынған. Үшеуінде «Nur Otan» қосқан үміткер жеңіске жетсе, Қызыләуіт ауылдық округінде Қазақстан Халық партиясының атынан додаға түскен Ғарифулла Байкенжеев 879 сайлаушының 73,3 пайызының сенімін иеленіп, әкім болып сайланды. «Ақ жол» партиясының атынан қатысқандар және өзін-өзі ұсынған 2 әйел үміткер тиісті дауыс алмаған болса, Аққұм және Бостандық ауылдық округтерінің әкімдері қайта тікелей сайлауға түсіп, ауылдастарының сеніміне екінші мәрте ие болған. – Қаратау қаласы әкімінің сайлауына тоқталсақ, оған 3 үміткер қатысты. Олар тұрғындармен кездесіп, бағдарламаларын ұсынып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Тікелей сайлаудың маңызын халық та түсіне бастады әрі бұл сайлаудан көп үміт күткені рас. Сондықтан да таластықтар маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Бұл жолы жұрт болып жұмылып дауыс берген әкім сайлауы әділ әрі ашық өтті деп айтуға болады. Еркін қазақ елі еңсесін тіктегелі алғаш рет халықтың тікелей дауыс беруімен сайланған 5 әкім бүгінде ауыл-қаланың жағдайын жақсарту жолында еңбек етуде деп сенеміз, – дейді Талас аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Серік Дадабаев. Сонымен әкім болуды қалаған үміткерлер үй-үйді аралап, жұртшылықпен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырып, көпшіліктің талап-тілегін тыңдады. Електен өтіп, сайлаушылардың басым дауысына ие болғандар тізгінді қолына алды. Сол уақыттан бері не өзгерді? Жаңа басшылар өз сөзінде тұрып, уәделерін орындады ма? Жалпы, сайланбалы әкімдердің бұқарамен байланысы қандай? Осы мәселе төңірегінде 4 ауылдық округті кейінге қалдыра отырып, аудан орталығы – Қаратау қаласы тұрғындарының ой-пайымын білген едік. Енді бұл туралы сәл кейінірек... ӘКІМ БОЛДЫ МІНЕКЕЙ... Қаратауда сайлау 28 қарашада өтті. Аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, 30564 тұрғыны бар қала әкімінің сайлауына дауыс беруге құқылы 16585 азаматтың 14621-і қатысып, өз таңдауын жасаған. Ал олардың 11904-і, яғни сайлаушылардың 81,4 пайызы «Amanat» партиясы ұсынған Дархан Баймбетовке дауыс берген. Осылайша қоғамның назарын аудартып, көпшіліктің қызу талқысына түскен саяси науқан өтіп, басшы таңдалды. Бірақ мемлекеттік қызметте еңбек ету – оңай іс емес. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау, олардың өтініштеріне құлақ асу, мәселелерді шешу жолдарын іздеу – бір іс. Ал жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысын бастауға қажет жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау, оларды мемлекеттік сараптамадан өткізу, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру сияқты инфрақұрылымдық түйткілдерді тарқату үшін мемлекеттік конкурс өткізу, мердігерді анықтау, келісімшарт жасау – бұл да машақаты көп жұмыс. Бірақ Қаратаудың әкімі Дархан Баймбетовке бұл шаралар аса ауыртпалық сала қоймағанына бек сенімдіміз. Себебі тұрғындардың 80 пайыздан астамы қолдау білдірген әкім бұған дейін Үшаралда, соңғы жылдары Сарысу ауданындағы Тоғызкент ауылдық округінің әкімі болған, яғни бұл салада тәжірибесі мол азамат. Жақында қаланың халқы өздері сайлаған әкіммен біз де жолығып, қызметте отырған 5 айдағы тындырған тірлігі туралы өз аузынан естіп-білдік. «Әкім ретінде еңбек ету – мемлекеттік қызмет саласындағы алғашқы тәжірибем емес. Сондықтан қала әкімінің сайлауында мен де белді бекем буып, үміткерлер сапынан табылдым. Көпшілік сенім артып, әкім қызметіне таңдады. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Шыны керек, Қаратауда қолға алатын іс аз емес. Тұрғындар сайлау алдында да, әкім ретінде қызметке кіріскен соң да өзекті мәселелерді көптеп көтеріп келеді», – дейді Д.Баймбетов. Сұхбаттан соң әкіммен бірге Қаратау технология, білім және бизнес колледжінде, «Жомарт жүрек» жобасы аясында демеушілердің көмегімен соғылған, жазғы кіші футбол алаңының ашылу салтанатына қатыстық. Жол-жөнекей қала басшысы биылғы Балалар жылына орай қолға алынып жатқан шаралар туралы айтып берді. Өз кезегімізде Дархан Тобашұлынан сайлау алдында тұрғындарға берген уәдесін және оның орындалу жайын сұрадық. «Ең бастысы – Қаратаудың әлеуметі мен экономикасын көтеруге және тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілді мәселелердің оң шешімін табуына күш салуға уәде еттім», – деді әкім. Соның ішінде алдағы 4 жылда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың, көпбалалы аналардың, мүгедектердің мұң-мұқтаждарын үнемі назарда ұстау, жаңа жұмыс орындарын ашу, білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік салаларға көптеп көңіл бөлу, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына балалар ойын алаңшаларын кезең-кезеңімен салуға ықпал ету, көшелерді жарықтандыру және жолдардың жөнделуін ұйымдастыру, арық-атыздарды суландыру және жол бойын көгалдандыру сияқты күнделікті атқаратын жұмыстар бар. Қалада қалдықтарға арналған контейнерлерді көбейту, аялдамалар санын арттыру, қала тазалығын қадағалау, бейнебақылау қондырғыларын көптеп орнату, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерін қайта қалпына келтіру, «Флора» саяжайын сумен қамтамасыз ету, «Жартас» көлін қайта қалпына келтіріп, қала тұрғындарының демалыс орнына айналдыру, орталық саябақты қайта жандандыру және аттракциондар алаңын ұлғайту, балалар ойын алаңдарын, аула аумақтарын орташа жөндеу жұмысын ұйымдастыру, қаланың батыс кіре берісіндегі Мақұлбек ауылы тұрғындарының интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз етіп, осы ауылға қоғамдық көліктің үздіксіз жүруіне ықпал ету де уәденің көшбасында тұр. – Бүгінде бұл жұмыстардың біразы қолға алынып, жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстар жөнінде жыл ішінде халыққа бірнеше рет есеп беріп отырамыз. Мемлекет басшысының Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс», делінген. Маған сенім білдіріп, көтеріп отырған бастамаларымды қолдаған қала тұрғындарының мүддесі үшін аянбай еңбек етуге дайынмын, – дейді халық сенім артқан әкім. ҚАРАТАУДА ҚОЛҒА АЛАТЫН ІС АЗ ЕМЕС Өткен жылы қалада біршама жұмыстар атқарылып, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 21 жоба іске асырылған. «Флора» саяжайы мен қала көшелеріне жарық шамдары, Теміржол бекеті маңындағы жерасты өткеліне 8 бейнебақылау қондырғысы және 8 диодты жарықшам орнатылды. 3-шағын аудандағы №75 үйдің маңайына жаяу жүргіншілер жолағы салынып, халық сұранысымен Орталық мешіт жанындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол толық аяқталды. Сондай-ақ Ақшораев көшесіндегі №15-20 үйлердің аулаларына балалар ойнайтын алаңша соғылды. Енді биыл «Еңбек» бағдарламасы арқылы 13 жобаны жүзеге асыру қолға алынбақ. Д.Баймбетовтың айтуынша, әкім ретінде жұмысқа кіріскен кезде аудан басшысы Қ.Мәдібек ең алдымен қалада тазалықты қолға алуды тапсырған. – Екі рет ұйымдастырылған сенбілікте «Тамды» өзені жағалауындағы тұрмыстық қатты қалдықтар толықтай тазартылып, 52 тонна күл-қоқыс шығарылды. Бұл жұмысқа ардагерлеріміз, жастар, колледж білімгерлері де жұмыла кірісті. Биыл саябақтарды күтіп ұстауға көңіл бөлініп, көп жылдан бері қараусыз қалған «Жартас» көлін абаттандырдық. Оны 1 маусымда ашамыз деп отырмыз. «Флора» саяжайындағы дамбы нығайтылып, ондағы 4 гектар жердегі бұзылған және жарамсыз болып танылған үйлер мен қоражайлардың орындары күл-қоқыстан тазаланды. Тегістелген жер телімдері бағбандық және саяжай бағытында пайдалануға берілетін болады. 2025 жылға дейін қалада 25 жылыжай болады деп жоспарлап отырмыз. Бір кәсіпкер 1 гектар жерге жүзім егуді қолға алса, тағы бір Н.Әлиев деген жігіт 3 гектарға қияр, қызанақ, құлпынай өсіруге ниет білдіріп отыр. Осылайша тұрғындардың жеміс-жидек, көкөніске деген сұранысын біршама қанағаттандыратын боламыз. Бұған дейін қалада әлеуметтік дүкен болмаған, осы олқылықтың орнын толтыру үшін жаңадан соғылып жатқан осындай дүкенді 1 маусымға дейін ашу да жоспарда бар. Тазалықтан өзге де жобаларымыз көп. Тал кесуді қолға алып, қалаға кіре берістегі «Жасыл белдеуге» 3 мың көшет отырғыздық. Балалар ойын алаңшаларын кезең-кезеңімен жаңғыртуды бастадық. Қаладағы 44 қоқыс тастайтын алаңшаның 22-сін жаңарттық. Қатты қалдықтарды тастайтын 10 гектарлық полигонның шұңқырын қазып, жан-жағын тазалап, ол жұмыс та бітуге таяу. Балалар жылына орай бұзылып, тазаланған екі үйдің орнына «Kids park» салсақ деп отырмыз, ниет білдіріп отырған кәсіпкер бар. Бұдан бөлек, орталық парктегі істемей тұрған аттракциондарды іске қосып жатырмыз. «Ақ желкен» бассейні де жұмыс істейтін болады. Әрқайсысы 135-140 миллион теңгені қажет ететін 3 саябақтың жобасын жасап қойдық, облыс басшылығы қолдаса, жұмысты бастауға дайынбыз. Биыл 1130 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. «Қазфосфаттан» бөлек, азаматтар жеке кәсіпкерлік нысандарына жіберіліп жатыр, өздері кәсібін ашып жатқандар бар. Макарон цехы, қымыз ұнтағын және сүт өңдеу цехтары ашылса, біраз қалалықтар жұмыспен қамтылмақ. Мемлекеттік гранттарда оқып жатқан жастарымыз да бар, олар да ертең өз кәсібін ашуға мүмкіндік алмақ. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де назарымызда. Бүгінде пәтер кезегінде 1300 адам тұр. Қазір қалада қайта жаңғыртуды қажет ететін 7 көпқабатты үй бар. Оның 3-еуі мемлекет меншігінде болса, 4-еуі жекенікі. Қаланың сәулетін кетіріп тұрған 2 көпқабатты жатақхана мен 1 көпқабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қайта жаңғырту жұмыстарына биылға бюджеттік өтінім берілді. Бұл үйлер пайдалануға берілсе, 150-дей отбасы баспанамен қамтылмақ. Қаладағы 130 көшенің 40 пайызы ғана орташа жөндеуден өткен. Ал «Флора» саяжайындағы 28 көшенің біреуіне ғана асфальт төселген. С.Сейфуллин көшесі қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпірді жөндеу және қала ішіндегі тозығы жеткен көшелердің ағымдағы жөндеу жұмыстары назардан тыс қалған жоқ. Биыл 6 көше жөнделеді. Сонымен қатар, қаланың оңтүстік кіреберісіндегі жол орташа жөндеуден өтеді. Көпқабатты үйлердің кіреберістері, кварталаралық жол жамылғысын жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Әкімнің айтуынша биыл спорт нысандары мен ойын алаңшаларын салу бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылмақ. ӘКІМ ЖАЙЛЫ ҚАЛАЛЫҚТАР НЕ ДЕЙДІ? Әкіммен әңгімеден кейін қаланы аралауға шығып, жолай кездескен тұрғындарды сөзге тартуға тырыстық. Кейбірі аты-жөнін атап, пікір айтудан қашқақтаса, енді бірі ештеңеде шаруасы жоқ кейіп танытты. Жастар жағы әкімді жыға танымайтынын байқатып, енді бірі «Қанатбек Мәдібек пе?» деп аудан басшысымен шатастырғандар да табылды. Алғашқы әңгімелесуге келіскен кейіпкеріміз Есейхан ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының төрағасы болып шықты. «Жалпы, әкімді тікелей сайлауға деген көзқарасым дұрыс. Халықтың қалауына сай келген әкім өз жауапкершілігін сезініп, жұмыс істейді ғой. Осында 3 балам тұрады. Қала әкімі елдің көңілінен шығып жатыр деп естиміз. Біраз жұмыстарды қолға алған екен. Аялдамаларды жөндетіп, қаланы қоқыстан тазартып жатқанына өзім де куәмін», – дейді Жуасбек Кенжеев. «Қаланың қазіргі әкімі барлық мұң-мұқтажымызды аудан басшылығына жеткізіп, мәселелерді шешу үшін барын салып жүр», дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арыстанбек Байқожаев. – Менің әкем, ағаларым осы кеншілер қаласының алғашқы тасын қаласқан жандар. Социалистік Еңбек Ері атанған бір ағамыздың атында көше де бар. Экология саласында 22 жыл жұмыс істеген маман әрі жергілікті тұрғын ретінде қаланың көркі, тазалығы мені қатты алаңдатып келгені рас. Аудан, қала басшыларының бірі келіп, бірі кетіп жатты. Ардагерлер кеңесінен де қайран болмады. Содан осыдан екі жыл бұрын өзім бар, тағы бірнеше ардагерлер бар, кеңесті жаңадан құрып, қала тірлігіне қатысты мәселелерге араласа бастадық. Қала әкімі Дарханды бұрыннан білемін, өзі әкім болып кеткен ауылдың тұрғындары ол жайында жақсы пікірде. Біздің ұсыныс-тілектерімізге де құлақ асып, уәдесін беріп жатыр. Келгелі тазалықты қолға алып, әйтеуір біраз істің көзін тауып шешуде. Біз де қуанып, шамамызға қарай жәрдем беріп жатырмыз. Себебі ауылдың өркендеуі басшыға ғана емес, тұрғындарға да тікелей байланысты ғой. Жаңа жүйе бойынша сайланған қала әкімінің іске кіріскеніне 5 ай болды. Ол тұрғындар алдында есеп беріп, кездесулер ұйымдастырып та үлгерді. Облыстық мәслихаттың депутаты, Талас ауданының Құрметті азаматы Жұмахан Тәнкебаев мұндай жүздесулер жүйелі түрде жалғасу керек деп санайды. Сонда ғана нақты нәтиже болады. «Мен Дархан Тобашұлын жақсы білемін. Халық сенімінен шығып, берген уәдесін жүзеге асыруда аянбайды деп санаймын. Тек жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру барысында аудан, облыс басшылығы тарапынан қолдау болса, оның тиімділігі арта түседі», – дейді халық қалаулысы. Қала тұрғыны Медеу Тойбеков Қаратауда 30 жылдан бері тұрады екен. Әкім сайлауына қатыспаған, ол жайында тіпті естімеген де болып шықты. «Ешқандай сайлау өткен жоқ!» деген сөзінен оңайлықпен қайтпады. Не керек, саясаттан біраз сапырып, сайлаудың өткеніне сендіруге тура келді. «Мен неге естімегенмін?» деп таң-тамаша болған ағамыз ол кезде біраз уақыт басқа қалада болғанын есіне түсірді әйтеуір. Бұдан кейін сөзге тартқан тағы бірнеше қалалықтар да сайлау жайлы естімегенін айтты. «Халықтың өзі сайлады ғой!» дегенге тіпті сенбей, аң-таң болғандар да табылды. Осыған қарап өткен жылы басталған тікелей сайлаудан халықтың бәрі бірдей құлағдар еместігін байқадық. Теміржол саласында жұмыс істейтін Қуат Саудақұлов болса пікірін ашық айтты. Сайлауға қатысқанын, өзінің қазіргі әкімге дауыс бергенін әрі оны қолдайтынын білдірді. Қуаттың пікірінше, қала әкімінің аяқалысы жаман емес, көшелерді жарықтандыруға, әсіресе қала тазалығына қатты көңіл бөлуде. Соңғы жылдары қараусыз қалған «Тамды» өзенін тазалатқан. Жұмысының нәтижесін қалалықтар қазірден байқап жатыр. Сайлау алдында берген уәдесін орындайтынына сенім білдіріп, ауыл, қала әкімдерін тұрғындар таңдайтын реформаның жақсы екенін атап өтті. Бөлеген Әбсаттаров ақсақал 1948 жылдан бері қалада тұрады, ұзақ жыл жүргізуші болып жұмыс істеген. Сайлаудың болатынын естімеген тұрғынның бірі болып шықты, көшеге ат ізін салған үміткерлерді де кездестірмеген. «Бұрын сайлау болатын кезде суреттерін әр жерге іліп тастаушы еді ғой, ондайды байқамадым», – дейді зейнеткер. Айтуынша, қалада шешілмей келген мәселе жетерлік. «Мен сияқты зейнеткерлер, қарапайым адамдар тұратын көшелерге ешкім аяқ баспайды ғой. Біздің Шырынбекұлы көшесінде не асфальт, не жарық жоқ. Мүмкін енді жаңа әкім қолға алатын шығар. Тілегіміз, қатар жатқан 3 көшенің балаларына үлкен ойын алаңшасын жасап берсін. Бұрынғы әкім қайта-қайта жиын өткізіп, түк тындырмаса да жағдайды айтып түсіндіріп кететін. Жаңа әкімнің жүзін әлі көрмедік», деген қария мектептен қайтқан немересін жетектеп ары кетті. – Әкім ретінде ұсынылған үміткерлердің кейбірін жергілікті халық онша танымайды. Өзі тұратын елді мекеннің бүкіл мәселесін бес саусағындай білетін, әкім болып, жағдайды өзгерткісі келетін азаматтарға көп кедергі жасалатыны да өтірік емес. Бұл ауданда өткен сайлауға қатысты емес, жалпы ойым осындай. Шыны керек, әкімдерді сайлау туралы бастамаға күмәнмен қарайтыным рас. Тікелей сайлау дегенді жұрт әлі толық түсіне де, сезіне де алмаған сияқты. Дегенмен дауыс берушілер мен ойлағандай рушылдыққа емес, іскерлікке жүгінсе қуанар едім. Партияларға бөлініп, қысымдық көрсету де болмауы тиіс. Байқауымша, жарты жылда қаланың жаңа әкімі біраз істің басын қайырған сияқты. Әйтсе де, бұл – жұмыстың тиімділігін, тұрғындармен байланыстың нәтижесін саралау үшін аз уақыт, – дейді өз аты-жөнін толық атамауды жөн көрген, оқып-тоқығаны мол екені сөз саптауынан анық байқалған Елеу атты азамат. Байқағанымыздай, көпшілік тарапынан сайланбалы әкімдердің жұмысына тағар мін мен сын да баршылық, сенім де жоқ емес. Әрине, біз сөйлескен 30-дай қаратаулықтың пікірі қаладағы 30 мыңнан аса тұрғынның ойын білдірмейтіні түсінікті. Бәлкім, кейбір тұрғындар басшыны өздері таңдаған соң жауапкершілікті сезінетін болар, ал кейбірінің «өзі сайламаған» әкімге күмәнмен қарауы да орынды көрінді. Дегенмен қалай да халық артқан сенім үдесінен шығу – сайланбалы әкімдерге сын. Бұл оларға екі есе көп жауапкершілік жүктелді деген сөз. Тұрғындар да елді мекеннің ендігі тыныс-тіршілігіне жауапты. Себебі қаланы көркейтуі тиіс басшыны өзге емес, өздері сайлады. Сондықтан билік пен бұқараның бірлескен ісі дәл осы жерде көрініс табуы тиіс. Мұндайда басты керегі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару». Жаңа әкімдер тұрғындармен тілдесудің тиімді тетігін таба білсе, ел ағалары тізгінді ұстап отырған жетекшіге ақыл-кеңесін айтса, аудан басшылығы жан-жақты қолдау көрсетсе, шешілмейтін мәселе жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ұлттық арнаға берген сұхбатында уақыт оздырмай аудан әкімдерін сайлауға да көшу керек деген ой айтты. Бұл тұрғыдан алғанда ауыл әкімдерінің былтыр өткен сайлауы біраз тәжірибе болғаны, одан билік, партиялар мен тұрғындар сабақ алғаны айдан анық.

Жүрсінкүл ЖАҚЫП

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар