Білім
«Балаларым мен немерелеріме әкемнің тәрбиесін сіңіріп келемін»
- author «Ақ жол»
- 7 мамыр, 2022
- 244
«Балаларым мен немерелеріме әкемнің тәрбиесін сіңіріп келемін»
Қазақ жері кең-байтақ, ұлан-ғайыр. Соның бір ғажайып мекені – Әулиеата. Әрине, әр топырақтың, әр өлкенің өзіндік қасиеті болады. Соның ішінде асқақ Алатаудың етегін жайлап жатқан Меркі ауданының алар орны ерекше. Бұл өңiр ежелден жазиралы жайлау, іргесі берік құтты қонысымен ерекшеленді. Міне, біз әңгіме еткелі отырған Амангелді Нәметқұлұлы жердің көркі атанған Меркінің Ақарал ауылында дүниеге келген. Қашанда кішіпейіл әрі қарапайымдылығымен елдің құрметіне бөленген Нәметқұл қария баласы Амангелдінің өмір жолын дұрыс таңдап, белгілі мамандықтың иесі болуын қалады. Әке арманы орындалып, ата баласы емес, адамның баласы бола білген Амангелді алдымен Меркі ауданы №17 (102) кәсіптік техникалық училищенің курсанты атанса, 1983 жылы Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түсіп, ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығын, яғни, техник-механик, өндірістік оқытудың шебері мамандығын алып шықты. Дегенмен жас маман тек өзінің кәсібімен ғана шектеліп қалған жоқ. Асқақ арманы алыстан қол бұлғап, биіктерге жетелей берді. Еңбек жолын өзіне мамандық берген Меркідегі техникалық училищеде өндірістік оқытудың шебері, арнайы пәндер оқытушысы боп бастаса, бірте-бірте қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан жас жігіт іскерлігімен жоғары жақтағылардың көзіне түсіп, көп ұзамай комсомол, кәсіподақ бастауыш ұйымдарының төрағасы қызметтеріне көтерілді.
Жас талап мұнымен де шектелмеді. 1994 жылы Абай атындағы мемлекеттік университетін география мамандығы бойынша тәмамдады. Осылайша Амангелді Нәметқұлұлының оқу-ағарту саласындағы соқтықпалы, соқпақты жылдары ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарымен дөп келіп, егемен еліміздің тәй-тәй басқан қадамының баянды болуына адал еңбегімен үлес қосты. Ар алдында ұстаздық жолын абыроймен бастаған Амангелді Нәметқұлұлы біраз жылын бала тәрбиесіне арнады. Ол дәл осы жолды таңдағанына ешқандай өкінген жоқ. Меркі ауданындағы №44 орта мектепте география пәнінің оқытушысы, психолог, директордың орынбасары ретінде ұлттық тәрбие ұлт болашағы екенін жан-тәнімен сезінді.
Яғни бұл өмірден көргені де, түйгені де көп, көкейінде адалдық пен адамдықтың шынайы ізі сайрап жатқан Амангелді ұстаздық жолында «Білгім келеді, үйренемін, өсемін, өнемін» деген жасқа бағыт сілтеп, шамшырақ бола білді. Оның болмысындағы қарапайымдылық қасиеті шәкірттеріне үлгі болды. Бала кезінен қарапайымдылық пен адалдықты серік тұтқан Әбекең өмірлік ұстанымын әке тәрбиесінен қалыптастырғаны анық.
Алайда өмір өткелі оны бірте-бірте басқа бағытқа бұрып, мемлекеттік қызметтің толассыз да қарбаласқа толы еңбек майданына топ еткізді. Қай салада, қай қызметте жүрмесін өз халқы үшін аянбай төккен терінен ләззат, рухани күш ала білді. Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген ғақылын темірқазық тұтты. Осы жолмен жүріп бүгінге жетті.
Алматы қаласындағы «Байконур Инжиниринг» ЖШС-да менеджердің көмекшісі қызметін аз ғана уақыт атқарған Амангелді Нәметқұлұлы енді таудай талаппен мемлекеттік қызметтің табалдырығынан аттады. Меркі ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, ҚР Білім және ғылым министрлігінде бас маман, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат департаментінде бас маман қызметтерін абыроймен атқарып, тәжірибе жинақтады.
Жалпы Амангелді Нәметқұлұлын Жамбыл жұрты идеология саласының майталманы ретінде жақсы біледі. Әкімдіктің тілімен айтсақ, ол «мықты аппаратчик» ретінде де көзге түсті. Қашанда идеология саласына артылар міндет ауыр. Идеология – бұл ғылым саласы емес, бұл – үлкен күш, үлкен армия, үлкен насихат, үлкен илеу. Қашанда әкімнің идеология жөніндегі орынбасарына тиесілі міндетінен де артылар жүк көп, ол қашанда елдің көз алдында жүруі керек. Міне, Амангелді Нәметқұлұлы Шу, Жуалы, Меркі, Мойынқұм аудандарында осы саланың тіршілігімен бірге қайнады, бірге пісті. Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби дамуына барынша үлес қосты. «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген екен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Сол айтпақшы, кез келген іске жақсы ниетпен, үлкен ерік-жігермен кіріссең, тау қопарасың ғой. Міне, Амангелді Нәметқұлұлы қарым-қабілетінің арқасында ілкімді істерге, іскерлік байланыстарға батыл баратын, пайымды да парасатты азамат ретінде танылды. Осы саладағы көп шаруалардың шешімін табуына білімін, тәжірибесін аямай жұмсап келеді. Ізденісі мен ізгілігі, мейірбандылығы мен кішіпейілділігі, рухани зерделілігінің арқасында әлі де бағындырар белесі көп. Осылайша Шу ауданы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының алғашқы төрағасы, Жуалы ауданы әкімінің аппарат жетекшісі, Жамбыл облыстық мәслихатының аппарат басшысы, Меркі ауданы әкімі аппаратының басшысы, Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының басшысы, әкімнің орынбасары, Меркі ауданы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы ретінде өз қолтаңбасын қалдырды, өзіндік жұмыс өрнегімен танылды. Бүгінде Меркі ауданы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарып жүр.
Әрине, талай жылғы еңбек бағаланбай қалған жоқ. Амангелді Нәметқұлұлы – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20, 25, 30 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Жергілікті әскери басқару органдарына 90 жыл», «Жазылбек Қуанышбаев 125 жыл» медальдарымен, ҚР Білім және ғылым министрінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және аудандық грамоталармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Орталық Сайлау Комиссиясы атынан Беларусь Республикасының 2012 жылғы Президенттік сайлауына, 2019 жылғы Ұлттық жиналысының сайлауына және Тәжікстан Республикасы Парламентінің төменгі палатасына 2015 жылы өткен сайлауына (Маджлиси намояндагон) ТМД атынан халықаралық бақылаушы ретінде қатысқан.
– Әкем – Нәметқұл Жұманов, анам – Сайрахан Жұманова Ақарал ауылында қарапайым жұмысшы болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Дүниеден өтіп кетті. Отбасында 5 қыз, 2 бала болатынбыз, 2 қыз да о дүниелік боп кетті. Алла Тағалам марқұмдардың о дүниелерін берсін. Қалғандары қарапайым жұмыс істейді. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше ғой. Әкем мен шешемнің тәлім-тәрбиесі менің жиған дәулетім. Сол ата-анамның мейірімділігі мен сүйіспеншілігінің, қолдауының арқасында біз бүгінгі дәрежеге жеттік. Марқұм ата-анамның рухтары шат болсын. Әкелік тәрбие маған өмірде темірқазықтай жол көрсетті, бағдаршамдай жол сілтеді. Өз балаларымды да сол жолмен ер азамат етіп тәрбиелеп келемін, бізге үйреткенді немерелеріме де сіңіріп келемін, – деп тебіренеді Амангелді Нәметқұлұлы.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілген» бұл отбасының балалары мақтауға ғана емес, мақтануға лайықты азаматтар болып өсті. Бүгінде бұл отбасы үш бала, жеті немере тәрбиелеуде. Амангелді ағаның жұбайы Күлзира Алдиярова мейрбике болып жұмыс істеп, қазіргі кезде зейнет демалысында. Үлкен ұлы Архат Амангелдіұлы – ҚР ҰҚК әскери полиция департаментінде қызметте. Ортаншы ұл Еркебұлан – Тараз магистральды газ құбыры басқармасының Нововоскресеновка Газ бөлу станциясының операторы. Кенжесі Рауан – Меркі ауданы Жаңатоған ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Яғни әке жолын кенже ұл жалғастыруда. «Әке көрген – оқ жонар» деген осы... Үй ішінің қызыққа, қуанышқа толы болуы – отбасындағы бауырмалдық, береке-бірлікке байланысты. Бұл шаңырақ осындай қадыр-қасиетімен ерекшеленеді. Ендеше отбасы бақыты дегеніміз, сірә, осы болар?!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді