Біз бала боп ойнаған жоқпыз...
«Менен сұра сұм соғыстың тастап кеткен зардабын, Ауыл қайтіп көтергенін қан майданның салмағын»,- деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, ел басына түскен зұлмат жылдардың зілдей салмағын біздер бала болсақ та жан жүрегімізбен сезініп өстік. Адамзат баласының тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 77 жыл толып отыр. Осы зұлмат жылдарды көрген біздер де сексеннің сеңгірігіне шықтық. Қатарымыз жылдан жылға сиреп барады. Сол кездегі мектеп жасына жетер-жетпес балалар, ауыл тіршілігіндегі ауыртпашылықты көріп, сезініп өстік. Бас көтерер ер азаматтар соғысқа аттанды. Ауылда кәрі құртаң ата-әжелер мен ер-азаматтардың орнын басқан біздің шешелеріміз, бала-шағалар қалды. Майданнан алғашқы қаралы хабарлар келе бастады. Сол күні әкем мен шешем әдеттегіден ерте тұрды. Мен де ерте ояндым. Шешемнің қабағы солыңқы, әдеттегідей еркелетпеді. Әкем төрде тұнжырап отырды. Сәлден соң үлкен аталар, апалар келе бастады. Сықырлай келіп арба тоқтады. Келген кісілер әкеммен қоштасып, шығып кетіп жатыр. Шешем де қоштасып, жұмысына кетіп қалған болса керек, көрінбейді. Әке алдында алаңсыз отырмын. Әлден уақытта бір ата «жүреміз» деген ишарат білдірді. Сол кезде бала бағушы Әнипа апа (Үмбетей атаның кемпірі) келді. Әкем менің бетімнен сүйіп, аймалап басымнан сипап, Әнипа апаға көтертіп жіберді. Бір мезетте әлгі арбамен кетіп бара жатқан әкем көзіме түсті. Соғысқа кетіп бара жатыр деген ой бала жүрегімді тілгілеп, Әнипа апаның қолынан бұлқына жұлқынып босанып, едәуір ұзап қалған арбаның соңынан ойбайлап жылап: «Ата! Ата!» – деп борпылдақ топырақ жолдың үстімен жүгіре жөнелдім. Әнипа апа артымнан жете алмай келеді. Жөтербайдың диірменіне жетпей арба тоқтады. Арбадан түскен әкем қарсы жүріп келіп, мені жерден көтеріп алып, бетімнен сүйіп, бірдеме деп айналып толғанып жатыр. Оны түсініп жатқан мен жоқ. Өксігімді баса алмаймын. Әлден уақытта Әнипа апа да жетті. Бауырына басып құшақтап тұрған әкем мені Әнипа апаға ұстатып, көзінің жасын бір сығып, арбаға отырды. Арба ұзай берді. Осылай мен әкемді Отан қорғау соғысына шығарып салдым.
Соғыс жүріп жатқанына екі-үш жылдың көлемі болып қалды. Қаралы хабарлар келіп, аңырап қалған ата-апалардың мұңлы жоқтаулары бала жүректерімізді езілтіп, көңілімізді мұңға толтырып, бала сезімізді қайғыға бөктіретін. Ондай кездері үлкендердің көңіліне қарап, күліп ойнаудан тиылып, тасалау жерлер де өзімізбен өзіміз болып отырып қаламыз. Жастары келіп, қартайып отырып қалған Жақыпбек ата мен Шәйкүл апаның жалғыз баласына қара қағаз келіп ауыл болып естіркенде қос мұңлықтың зарлы дауыстарынан ел күңіреніп кетті. Күйзелістің ащы да, зарлы дауыстары осы күнге дейін құлағымда тұрған секілді. Жақыпбек ата қасіретті қайғыны көтере алмай, бір ай көлемінде қайтыс болды. Жалғыз қалған Шәйкүл апа үш-төрт айдан кейін қайнысы Қаратай көке мен Зүбайда апаның шаңырағына бірікті. Қаншама шаңырақтар қаңырап бос қалды. Соғыс зардабы тимеген отбасы кемде-кем. Менің әкемнің шаңырағында – әкемнің інісі Оспан, әйелі Әзиза жеңгеммен бірге тұрып жатты. Әкем соғыс басталғаннан кейін алғаш еңбек армиясына алынды. Артынша ағам Оспан армияға алынып, үш-төрт айдан кейін майдан шебіне кетіп бара жатқанын хабарлады. Сол кеткеннен кейін хабар-ошарсыз кетті. Әкем Мырзахмет еңбек армиясынан келіп, бес-алты ай көлемінде ауылда болып, 1943 жылы соғысқа кетті. Әкемнен де үш-төрт айдан кейін «хабар-ошарсыз» деген хабар келді. Әзиза жеңгем мен Оспан ағамның артында қалған жалғыз баласы ауырып қайтыс болды. Күйеуінен тірідей, баласынан өлідей айырылған жеңгем соғыс басылғаннан кейін үмітпен «келіп қалады-ау» деп хабар-ошарсыз кеткен күйеуін бес жыл күтіп, күдер үзіп, төркініне көшіп кетті. Жеңгемнің алғаш ашқан есігін қимай сыңсып жылағаны, апамның аңырап боздағаны – бала жүрегімде мәңгі сақталып қалыпты. Осы бір аянышты сәттер ойыма түскенде әлі күнге дейін көзіме жас үйіріледі.
«Тірі адам – тіршілігін жасайды» дегендей, ауылда қалған қарт кемпір-шалдар мен әжетке қарап қалған жас балалар, ерлері соғысқа кеткен жеңгелеріміз бен шешелеріміз, мүгедек аға-әпкелеріміз ауыл тіршілігіне араласамыз. Бірен-саран ересек балалар көрші ауыл «Теспеге» қатынап оқыды. Олар да ауыл тіршілігіне араласып, «Бәрі де Отан үшін, майдан үшін!» – деп жанқиярлық пен күндіз-түні еңбек етті. Ол уақытта 6-7 жасар балаларды «әжетке жарады» дейді. Түнімен қалғып-мүлгіп, шешелеріміздің жанына жалау болып қасында бірге жүреміз. Сол жылдары ауылда шамасы 4-5 гектар қант қызылшасы егілді. Қант зауыты немесе МТС-пе білмеймін жерін жыртып, қант қызылшасын сеуіп береді. Күтіп-баптау, суғару, түбін қопсыту, түбіне тыңайтқыш беру жұмыстары қол күшімен атқарылады. Қант қызылшасынаң түбірі қол күшімен қазылып арбаға тиеліп апарылып, қант зауытына өткізіледі. Алғашында қызылша алқабында төрт бұрышында жерден биіктеу етіп топырақ үйіліп, ұзындығы 1 метр, ені 0,5 м астаушы қойылып, патық деген күйдірілген қанттың ерітіндісі құйылып қойылады. Қант қызылшасының алғашқы өскінін жәндіктер жеп кетпеу үшін зиянкес қоңыздан қорғау амалы. Ересектердің көзіне көрінбей барып, бетіндегі жабысқан шіркейлерді сыпырып тастап, біздер жейміз. Аш құрсаққа ол да болса талғажау. Соғыстың аяқталарынан бір жыл бұрын шамасында Кавказдан қарашай ұлт өкілдері жер аударылып әкелінді, ауыл-ауылға орналастырылды. Қыстың аяғы, көктемнің басы болуы керек, күн салқын кезі, алғашында ауылға жақын төбесі қамыспен жабылған бастырмасы бар, бұрын сиыр қорасы болған базға орналастырылды. Әбден арып-ашып, ұзақ жол жүріп жүдеп-жадаған жас сәбилері, балалары ыңырсып, ауру-сырқаудан азып-тозып қалжыраған шал-кемпірлері жүре алмай қалған, ісіп-кеуіп кеткен аш адамдар сипаты аянышты көріністер еді. Алғашқы күндері жас сәбилері шетінеп, ересектері қайтыс болып жататын болу керек, таңертең, кешке тынық ауада қарашайлардың жылаған зарлы дауыстары ауылды бастарына көтеретін. Ауылдың ересектері барып, қайғыларын бөлісіп, демеу беретін. Біздер, балалар, баруға қорқамыз. Ауыл тұрғындары өздерінің аш құрсақ балаларының аузынан жырып, тамаққа талғажау етерлік барымен бөлісті. Ауыл тұрғындары шамаларына қарай қарашай бауырларын үй-үйге бөліп кіргізіп алды. Біздің үйге Зули деген қарашай апа, біреуі 9 жасар Аббас, біреуі 7 жасар Хаббас атты баласымен кіргізіп алдық. Әкем соғыста «хат, хабар-ошарсыз» кетті деген хабар алғанбыз. Шешелерміз тез тіл табысып, біздер балалар да, тіл табысып кеттік. Қолдағы бір сиырдың сүтін балаларға бөліп беріп, біздің аузымызға салады. Өздері қалтаға құйылған айранның сары суын ішіп күнелтеді. Осындай қиыншылықтарды көре жүріп тоқшылық заманға біз де іліктік.
Төлен МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, Ынтымақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді