Байтағым
Кезіккенмен қилы заман кезіне,
Мойымаған тағдырының тезіне,
Біздің аудан – байтақ жатқан бай өлке,
Тарихы да таңқаларлық шежіре. Жалғай түсіп ескі Тараз қаласын,
Жағалай сап асау Талас саласын,
Ардақ тұтып батыр Байзақ бабасын,
Атын алып, тапқан ел бұл жарасым.
Білген жанға Алла құтын шашқан жер,
Төскейінен Жібек жолы асқан жер.
Қобыландылар шыққан сәтте жорыққа,
Тайбурылдың табаны да басқан жер.
Алатау мен Қаратаудың етегі,
Өзен бойлай мекендеп ел кетеді.
Мәмбет батыр, Қосы батыр қонысы,
Сеңкібай мен Мәдімарлар мекені.
Барша қазақ батырмын деп бас иер,
Туған мұнда Ақәділдей асыл ер.
Төскейінде тал-терегі тербеліп,
Жапырағы жайқала өскен жасыл ел.
Түгін тартсаң майы шыққан жері де,
Ұқсайды ол молшылықтың кеніне,
Еңбегімен шын танылған еліне,
Жиырма сегіз біздегі Еңбек Ері де.
Туған талай ақын, ғалым, кемеңгер,
Кеңіс өлке, кереметтей кемелді ел.
Арғынбайлар, Жақсылықтар ой толғап,
Жазған сөзге ел көңілі елеңдер.
Өнер қуып, өрге жүзген өрені,
Өрісті өлке өркен жайған өрелі.
Таңқалдырған Мұхамеджан ақыны,
Шәріпбай мен Тұңғышбайлар өнері.
Ұлағатты ұлы істерді жалғаған,
Ұрпақтармен мақтанады паң далам.
Қасқырбайы сазды әуенін арнаған,
Сарыкемерім – сағынышпен салған ән.
Қуат алған Тәуелсіздік таңынан,
Бүкіл елім мықтылығын таныған,
Өркен жайып, көркейе түс, өсе бер,
Байзақ елі – бақ-береке дарыған.
Қайыпназар Шотбасов
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді