«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Менің армандарым орындалады

Менің армандарым орындалады
ашық дереккөз
Менің армандарым орындалады
Менің балалық қиялымның көкжиегінде көп үміт бар. Амандық болса биыл орта мектепті бітіремін. Алда – ҰБТ. Алда – үміт. 11 жыл бойы білім берген ұстаздарымның, өнегелі тәрбие берген ата-анамның үмітін ақтап, ҰБТ-да жоғары көрсеткіш көрсетсем деймін. Әрине, оған дайындық жоғары. Көңіл қобалжулы болса да, сенім – тастүйін. Армандар таусылған ба?! Сол таусылмас армандар қиялымды қанаттандырады. Біздер, 11 жыл бойы бірге оқыған сыныптастар, достар – ертең үлкен өмірдің есігін ашқалы тұрмыз. Бұған дейін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай келген ата-анамыздан алыстап, бір-бір мамандықтың иесі болуға асығамыз. Біздің саналы азамат болып, елімізге, сүйікті Отанымызға адал еңбек етуімізді тілеген тілекшілеріміздің үмітін ақтау маған да, қатарластарыма да сын. Ал бұл мұраттардың орындалатынына мен сенімдімін. Көктемде күн көзіне, көкке ұмтылған бүршіктей – бала арманымыз да бүр жарады. Келешекте жақсы мамандық иесі болып, сүйікті мамандығыңмен еңбек ету кім-кімге болса да парыз. Аманаттың ақ жібін аттамай адал болуға үйреткен үлкендердің үкілі үміті де – біздер, жастар! Аспанын бейбіт өмір тербеген, тіршілігі қызу еңбекпен қызған, тұғыры бүкіл әлемге танылған Қазақстандай елде өмір сүрген мен секілді бақытты жастарға барлық мүмкіндік бар. Оқы, білім ал, еңбек ет, әлемді таны. Білімді болсаң әлемнің кез келген жоғары оқу орнында да саған есік ашық. Алға қойған мақсаттарың анық па – мүмкіндіктеріңе де даңғыл бар. Тек ата-баба дәстүрінен алыстама, ұрпақтар сабақтастығын үзбе, тіліңді ұмытпа! Заман көшінен қалмай, жаңа технологияларды игерген маман болу – уақыт талабы. Сондықтан алдымен біздің қазіргі бар күшіміз – ҰБТ тапсыру, мамандық таңдауда адаспау. Үкілеген ата-ана мен ұстаз үмітін ақтау. Әбу Насыр әл-Фараби айтпақшы: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Тәрбиелі, өнегелі, салиқалы, сабырлы ұрпақ – өз мұратынан жаңылмайды. Мен ауылда өстім. Дархан даланың кеңдігін, жазиралы туған жер төсінің жұпар ауасын, ауыл адамдарының қайырымдылығы мен мейірімділігін, ата-әжелердің өсиетті сөзін, өнегесін көңіліме түйіп өстім. «Ауыл деген – ауыспайтын астана» деп, жергілікті ақын Нарша Қашағанұлы айтқандай, туған ауылыммен мақтанамын. Біздің ауылдан түлеп ұшып, еліне, жеріне адал қызмет еткен қаншама қайраткерлер шықты. Солардың ізін жалғап, елге қызмет етудің үлгісін жалғастыратын да біздер, жастар! Менің құрдастарым мен қатарларым мұны жақсы түсінеді. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алтын орда мектебімнің қабырғасы киелі. Ұстаздарымның барлығына мың алғыс! Ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыз: «Ұстаздың көлеңкесін басу күнә» деген екен. Сол айтпақшы, «өзінің емес, өзгенің бақытын ойлап», алтын уақытын қиған ұлағатты ұстаздарымның берген білімі мен тәрбиесі – өмір университетінің алғашқы баспалдақтары болса, біз сол баспалдақпен үлкен өмірге өрлеп келеміз. Қатарларым мен сыныптастарымның барлығына сәттілік тілеймін!

Мерей ӘБДІРӘСІЛ, Талапты ауылдық орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар