Білімнің басы – бейнет, соңы – зейнет
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Ғылым – биік шың. Оған бойында күш- жігері мол,білімге құштар,жаны ізгі,еңбекқор әрі табанды, төзімді де еңбекқор адам ғана шыға алады» деген екен. Хакім Абай: «Талап, еңбек,терең ой, қанағат, рақым ойлап қой – бес асыл іс , білсеңіз», дейді. Халқымыз: «Ғылым – гауһар,бағасы жоқ», дейді. Әмәндә халқымыз ғылым жолы ауыр деп жатады. Алайда оның өзіндік қызығы мен қуанышы қатар жүретінін естен шығармақ керек. Біз өмірде күрделі, қиын да қызықты ғылым жолын таңдаған екенбіз, ендеше оның барлық тауқыметіне төзуге тиіспіз. Әрбір адам діттеген мақсатына жету үшін көп еңбек, күш-жігер жұмсайтыны хақ. Оның барлығы терең ізденіспен, талмай білім алумен мүмкін болатынын естен шығармаған абзал. «Білімнің басы – бейнет, соңы – зейнет». Міне,бүгінде әрқайсымыз ізденістеріміз бен еңбегіміздің жемісін көріп келеміз. Ең бастысы, мұғалімдерді жоғарыдағы жақсы қасиеттеріңіз абырой-құрметке, биік беделге бөледі. Білім – баршаға ортақ қазына. Ұстаздың еңбегі қашанда ерен. Бүгінде елімізде мұғалімдердің еңбегіне айрықша назар бөлініп, олардың мәртебесі де арнайы заңмен айқындалды. Олардың жалақысы да кезең-кезеңімен арттырылып келеді. Бұл қызметін білім беру ісімен байланыстырған әрбір жанға үлкен үміт сыйлайтыны даусыз. Алаш арыстарының бірі, атақты ақын Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, мұғалімнің орны – төр» дейді дегенді де бекер айтпаса керек. Адамда арман көп. Армандап қана қоймай, соған ұмтылып, жол таба білген адам арманына қол жеткізеді. Кез келген ұлттың, елдің, қоғамның басты арманы – еркін ел, тәуелсіз ұлт, егемен мемлекет болу болса керек. Ата-бабамыз азат ел болуды өмір бойы аңсап өтті. Асқақ арман орындалды. Соған тәубә дейміз. Еліміздің ертеңгі жолында жас ұрпақты тәрбиелеу ісімен айналысып жүргенімізді мақтан тұтамыз. Мұның барлығы баға жетпес құндылығымыз – тәуелсіздігіміздің арқасы. Ел Президенті айтқандай, «Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз», ал «Тәуелсіздік кепілі – қоғам тұтастығында». Елімізде биылғы қаңтар айында өткен оқиғалар бұл қағиданың шындығына көзімізді жеткізді. Енді ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, «Болашақ ұрпақтан, я алғыс, я қарғыс күтпей тұрғанда, қазірден қарекетке көшу керек». Ұлт мұратына қызмет ету үшін не істеу керегін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде айқындап берді.Ең алдымен ескеретін мәселе – «Демократия дегеніміз – жүгенсіздік емес, әсіресе блогосферада заңға қайшы әрекет ететін арандатушылық емес». Рас, ғаламтордағы шектен шығушылық еліміздің іргесін шайқалтып, жастардың теріс ағымдағы экстремистік топтардың жетегіне ілесіп кетуіне әкеліп соқты. Осы орайда Президент «еркіндік берілгенмен ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін» ескертті. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ, «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» және «Заң мен тәртіп – еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі». Жастардың білімді болуы алғашқы кезекте ескерілуі керек. Білімді азаматтар елімізде шынайы кәсіби бәсекелестік алаңын құрып, табысты және лайықты өмірге көбірек қадам жасай алады.
Ахмет Байтұрсынов халықтың түзелуінің кілті жастарда екенін, сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылуы тиіс екенін айтып кеткен болатын.
Негізгі басымдық – сапалы білімге деген қолжетімділікті арттыру. Бұл барлық қоғам дамуының маңызды факторы. Осы орайда 2025 жылға қарай беделді 5 шетелдік университет филиалын ашып, оның ішінде ЖОО-лардың техникалық басымдылық берілетін екі филиалын еліміздің батысында ашу қажеттігін атап көрсетті. Президенттің ұлттың рухани болмысы мен таным зердесін қалыптастыруға дәнекер болар, елдің білім тұтқасын ұстаған қоғам мүшелеріне артқан елдік жауапкершілігінің салмағы батпандай. Біздің міндет – осы бағытта жұдырықтай жұмыла қызмет атқару және ел алдындағы жауапкершілікті сезіну.
Диана КОШЕНОВА, Алуа МҰРАТОВА, Ербол АЛИМКУЛОВ, Ақынқожа ЖАНИБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушылары.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді