Масат Берік, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
«Нұр отан» партиясы халқының қамын ойлаған саяси күш
«Нұр Отан» партиясының Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі құрылымдарында әрбір екі жылда бір рет есеп беру-сайлау науқаны өткізіледі. Бұл «нұротандықтар» үшін өте жауапты науқан. Партияның негізі – бастауыш партия ұйымдарынан бастап партияның аудандық, қалалық және облыстық филиалдарының есеп беру-сайлау жиналыстары мен конференциялары ағымдағы жылдың 15 қазанынан бастау алғалы отыр. Бұл саяси маңызы зор науқанда партия ұйымдарының есепті мерзімде атқарған жұмыстары жан-жақты талқыланып, зерделенеді және алдағы межелі міндеттері белгіленіп, партияның жаңа құрамы сайланатын болады. Бүгінде барша қазақстандықтардың сенімді серігіне айналған «Нұр Отан» партиясы Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың болашақты болжай, келешекті көре білген дара саясатын алға апарушы еліміздегі ең іргелі саяси құрылым биігінен көрініп жүр. Құрылғанына 15 жыл толып отырған «Нұр Отан» партиясы еліміздің ішкі және сыртқы саясатының орнықты болуына, өндірісін өркендетіп, ауылшаруашылығын қарқынды дамытуға, шағын және орта бизнестің қанат жаюы мен Қазақстанның әлем елдері қауымдастығы арасындағы беделін қалыптастыруға үлкен ықпал етуде. Еліміздің ғасырға пара-пар қысқа уақытта әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына және өсіп-өркендеуіне партия мүшелерінің қосқан үлесі сүбелі. Сонымен қатар, Елбасы төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясының ең басты мақсаты – Ұлт Тәуелсіздігінің тірегі болу, ел еркіндігін нығайта түсуге күш салу болып табылады. Өйткені, нұрлы болашаққа жол бастаған «Нұр Отан» бүгінде халқының қамын, жұртының мұқтажын, жастардың болашағын әріден ойлаған саяси күш. Өйткені, партия қазіргі таңда өзіндік бет-бейнесі мен саяси ұстанымы орныққан еліміздегі жетекші саяси ұйым. Оның мақсаты 2050 жылға қарай әлемдегі мықты дамыған отыз мемлекеттің бірі болу жолын айқындаған еліміздің экономикасының өрлеуіне ықпал ету. Ал межелі міндеті егемендік алған жылдары жас Қазақ мемлекетінің қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін еселей отырып, еліміздегі макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, қолайлы инвестициялық ахуалды жақсарту және инфрақұрылымдарды дамыту жолын жалғастыру. Бүгінде партия мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруды басты назарда ұстауда. Осы атқарылып отырған шаралардың барлығы қарапайым халыққа тиімді әрі қолайлы жағдайлар туғызуға барынша ықпал ету болып табылады. «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасы мен саяси Доктринасында жас Қазақ мемлекетінің құндылықтарына айрықша мән берілген. Онда: «біздің басты жетістігіміз – ел Тәуелсіздігі, біздің идеямыз – Қазақстанды өркендету, біздің саяси идеалымыз – Елбасы» деп елдік пен бірліктің, ынтымақ пен берекенің, татулық пен келісімнің шынар шыңына шығар саяси миссиясының бағыты ашық айқындалған. Міне, байқап отырсаңыздар осындай мемлекеттік және партиялық саясатпен қаруланған партия ұйымдары өзінің саяси науқаны – есеп беру-сайлау кезеңіне келіп отыр. Биылғы жыл партия аумақтық және аймақтық филиалдары Саяси кеңестері мен Саяси кеңесі Бюроларының және облыстық филиалдың Бақылау-тексеру комиссиясы мүшелерінің өкілеттілік мерзімі аяқталатын жыл. Мұның ішінде бастауыш партия ұйымдары Бюроларының құрамдары мен төрағаларының сайлауы да бар. Партияның облыстық филиалы өзінің өкілді және басшы органдарын таңдауға әрқашан үлкен сергектікпен қарайды. Өйткені, партия облыстық филиалының белсенді позициясын алға апаратын және партияның бағдарламалық құжаттары талаптарын орындауда өңірге белгілі партия мүшелерінің болары анық. Партия бастауыш ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстары 5 қарашаға дейін созылады. Ал 15 қарашаға дейін партия Тараз қалалық және аудандық филиалдарының конференциялары өтеді. 30 қарашаға дейінгі мерзімде партия облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясын өткізу көзделуде. Күн тәртібіне партия ұйымдарының 2013-2014 жылдары атқарған жұмыстары сараланатын болады. Осыған орай, бүгінде «Нұр Отан» партиясы осы маңызы зор, мәртебесі биік, шешімі ортақ саяси науқанға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бастауыш партия ұйымдары жиналыстарының кестелері мен партия аумақтық филиалдарының есеп беру-сайлау конференцияларын өткізетін күндер нақтыланды. Партия облыстық филиалы осы саяси науқанды үлкен ұйымшылдықпен өткізу мақсатында арнайы семинарлар өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай семинарлар партия Тараз қалалық және аудандық филиалдары тарапынан да ұйымдастырылатын болады. Бұл семинарларда бастауыш партия ұйымдары мен партия аумақтық филиалдарына әдістемелік көмектер көрсету көзделген. «Нұр Отан» партиясы Жарғысының 9.8-бабына сәйкес партия филиалдары Саяси кеңесінің Бюросы партия конференцияларын шақырады, күн тәртібін белгілейді және делегаттардың өкілдік квотасын бекітеді. Осындай ұйымдастыру шараларының арқасында қалалық және аудандық конференцияларға делегаттар аймақтық партия филиалы бекіткен квотаға сәйкес сайланатын болады. Біз бастауыш партия ұйымдары жиналыстары мен конференцияларда партия мүшелері тарапынан үлкен белсенділік күтеміз. Өйткені, ішкіпартиялық жұмыстар әрқашанда жаңа бастамалармен және тың ойлармен сабақтасып, дамып отырады. Жиналыстар мен конференцияларда партия жұмысын жандандыруға бағытталған ұтымды ұсыныс-пікірлер айтуға мол мүмкіндіктер беріледі. Қалалық және аудандық партия конференцияларына партия облыстық филиалы Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі Бюросы мүшелері міндетті түрде қатысатын болады. Тағы бір назар аударатын мәселе – есеп беру-сайлау жиналыстарында бастауыш партия ұйымдары Бюросының құрамын сайлағаннан кейін жиынға қатысқан барлық партия мүшелерінің қатысуымен бірінші, ұйымдастыру Бюро отырысы өткізіліп, онда бастауыш партия ұйымы төрағасының кандидатурасы туралы ұсыныс жасалады және көпшілік дауысқа ие болған өңірге белгілі, қоғамдық пікір көшбасшысы бола алатын партия белсенділерінің біріне таңдау жасалды. Жиналыстар мен конференцияларға дайындық барысында партия құрылысын нығайту жұмысымен тікелей байланысты партияның 2012-2017 жылдарға арналған Сайлауалды тұғырнамасы талаптары мен партия ХV съезі шешімдерін іске асыруға бағытталған негізгі сұрақтарға жете мән берілетін болады. Олардың қатарында Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастауыш партия ұйымдары мен партия филиалдары алдына қойған нақты тапсырмалардың іске асырылуы және партияның бағдарламалық құжаттарының, жаңа саяси Доктринаның, ішкіпартиялық тәртіпті қамтамасыз ету мен партияның сапалық құрамын жақсарту мәселелеріне, партия қызметінің негізгі процестерін талқылау, оның ішінде «Электрондық партия», сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жаңа үлгідегі партия билеттерін ауыстыру, партияның Сайлауалды тұғырнамасы мен бағдарламалық құжаттарының орындалу барысы, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясының жұмысын жетілдіру мен өзара байланыстың әдістері, партиялық жобалардың іске асырылуы, «Жас Отан» жастар қанатының және партияның қоғамдық қабылдаудың жұмыстары мен азаматтардың өтініштерін дер кезінде қарауға тоқталатын болады. Сонымен қатар, партия ұйымдарының есепті кезеңде өткізген қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік шаралары да осы басқосуда електен өтеді. Сондай-ақ, партия форумдарында сын мен өзара сын да сырт қалмайды. Халқымызда «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген аталы сөз бар. Сондықтан, сын да, сынау да болады. Бұл – партияның ұстанған ашықтық принциптерінің бірі. Жалпы, партияның бүгінгі талабы орынсыз, ойсыз, даңғазалық шараларды өткізу емес, қайта мазмұны терең, тағылымы биік, жас ұрпақ тәрбиесіне арналған сапалық ұйымдастыру деңгейі жоғары шаралар өткізуге бағытталып отыр. Мемлекет басшысы айтқандай «бойдың емес, биік ойдың» шараларын ұйымдастыру кезек күттірмес тірлік болғалы тұр. Бұл арада рухани тәрбиенің алар орны ерекше. Партиялық жиындарда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылдың тамыз айында ұлтымыздың ұлығы, тарихы сырға толы, шежірелі мекені Ұлытау етегінде берген терең ойлы сұхбатындағы еліміздің өткен тарихы мен бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы жасампаз жолын партия мүшелері, оның ішінде «Жас Отан» жастар қанатының өкілдеріне кеңінен насихаттауға назар аударылады. Өйткені, партияның бүгінгі тынымсыз тірліктерінің бір саласы ұлтымыздың рухани бай құндылықтарын жоғалтпай сақтауға да бағытталып отыр. Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы еліміздің дамуына белсенді үлес қосып отырған азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі. Өйткені, Елбасы негізін қалаған «Нұр Отан» – жалпыхалықтық партия. Ал партияның басты құндылығы – адам. Бұл – партияның саяси Доктринасында айқындалған негізгі қағидат. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясының мақсат-мүддесі Қазақстан халқының мақсат-мүддесімен үндес. Өйткені, партияның тілегі бірлік, тілеуі береке, мақсаты ынтымақ, көздегені ұлт тұтастығы мен еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы. Сонымен қатар, көпұлтты Қазақстан халқының жарқын өмір сүруі мен әлеуметтік-тұрмыс жағдайын көтеру, құқықтық әділдіктің әлеуетін орнықтыру болып табылады. Ал «Нұр Отан» партиясының басты мақсаты – партия мүшелері арасында ішкіпартиялық тәртіпті нығайта отырып, мемлекеттің дамуы мен қоғамның өркендеуіне ықпал ету және халықтың сенімін ақтау. Партия ұйымдарының алдында тұрған осындай межелі міндеттердің барлығы бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен партия филиалдарының конференцияларында айқын көрініс табатын болады.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді