«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып

Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып
ашық дереккөз
Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып
Қоғамның мəдениетін, əлеуметтік, рухани өмірін дамытуда əр адамның жеке тұлғасы, азаматтық келбеті, адамгершілігі, отаншылдығы, ұлтжандылығы, еңбекке деген шығармашылық қабілеті мен белсенділігі маңызды. Осы бағытты ұстаным еткен облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Аналар алқасы» комиссиясының мүшелері Білім-инновациялық қыздар лицейінде тәрбиелік мәні зор іс-шара өткізді. Қажымай еңбек етіп, зейнеткерлік жасқа жеткен ардагерлеріміздің жастарға тәлім-тәрбие беру мақсатында өткен іс-шара барысында «Мәдениетті қалыптастыру», «Ой-сана тазалығы», «Үлкенді құрметтеу», «Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау» сияқты тақырыптар аясында әңгіме өрбітті. Жалпы дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу ежелден бар. Әр жастағы адамдар тобына байланысты ереже мынадай: жасы үлкенге сөзсіз бағыну, ізет, құрмет көрсету. Мұның өзі алдыңғы буын ағалардың жастар алдындағы жауапкершілігін, қамқорлығын қамтамасыз етеді. Үлкендер мен кішілердің арасындағы қарым-қатынастың қыр-сыры тек жастар мен ересектердің арасында ғана емес, оның әр тобының өз ішінде де қалыптасқан. «Үлкен», «Кіші» деген тәрбиелік жүйенің айқын белгіленген өзіндік құндылықтары бар. Жеке тұлғаның бағалану дәрежесі ең алдымен оның жасына қарайды. Өзара қарым-қатынастың қағидасын солар қалыптастырады. Бүгінгі заман талабына сай жас ұрпақты осындай тұлға етіп тəрбиелеуде шебер ұстаз-жетекшінің атқарар жүгі мол екендігі даусыз. Əрине, бұл жолда ұстаз үшін тəлім-тəрбие ісін жаңаша ұйымдастыру, жаңа тəрбие бағдарламалары мен тəрбие құралдарын қолдану негізгі басымдыққа ие болатыны анық. Бұл бізге ауадай қажет қасиеттердің бірі. Ел болудың басты шартының бірі де осында. Ел болу — болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық екендігі айтылды. Кездесу жиынын қорыта келе, ардагерлер ұйымы жас ұстаздар өздерінің өмірлік тәжірибелерін бөлісуден ешқашан жалықпайтынын, мектеппен қарым-қатынасы бұдан әрі нығая беретінін айтты.

Айтолқын КЕНЖЕБЕКОВА

Ұқсас жаңалықтар