«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Батыр Бауыржанның алаңы ашылса...

Батыр Бауыржанның алаңы ашылса...
ашық дереккөз
Батыр Бауыржанның алаңы ашылса...

Социалистік Еңбек Ері Еламан Байғазиевтің есімін Нұрлыкент ауылындағы көшеге беру туралы ұсыныс ұзақ уақыттан бері іске асырылу кезегін күтіп қалған еді. Енді бұл мәселе оңтайлы шешімін тауып, жүзеге асатын болды. Оған септігін тигізген бірден-бір азамат – «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы. «Жерлесіміз Е.Байғазиев өткен ғасырдың 55-60 жылдары Теміртауға қоныс аударып, сол жерде Елбасымыз Н.Назарбаевтың қол астында шойын құюшы болып еңбек еткен. Өзі Жуалы ауданы Қайрат ауылының тумасы. Жақында жауапты органдар бірнеше көшенің атын ауыстыру туралы шешім шығарған болатын. Оның ішінде Еламан Байғазиевтің есімі берілетін Мир көшесі де бар», – деді ол бізбен әңгімесінде. Иә, халықтың да күткені осы. Бұл  игі іс «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің ықпалы болғандығын айта кеткен жөн. Үкімет пен халықтың арасын жалғастырушы ұйымның тындырған тыңғылықты ісі жалғыз бұл емес. Атап өтетін жәйт, Бауыржан Момышұлы ауылы Парасат көшесіндегі алты үйге газ кіргізу мәселесі де қолға алынды. Қазіргі таңда оның жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Тұрғындардың Аманжол қарияға айтар алғысы мол. Ал бірлестік төрағасы зейнет жасына қарамастан, атқарғысы келетін ендігі істерін де жасырмады. «Батыр Бауыржанның кіндік қаны тамған жер – Момыш және Есдәулет бұлақтарының маңы. Сол аумақты қоршау үшін аудан әкімдігі сметалық құжаттарын жасап берген. Онысына рахмет. Бірақ, көңілге қаяу түсіретін бір жәйт бар. Алдымызда – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Дәл осы екі бұлақтың маңында Бауыржан алаңы болуы қажет деп ойлаймын. Стелла қойылып, батырға ескерткіш орнатылса, құба-құп. Халық барып оның рухына тағзым етіп, қасиетті бұлақтың суын ішсе, қандай жақсы», – деп ойымен бөлісті А. Дүрәліұлы. Бауыржан Момышұлындай қазақтың хас батырына қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді. Оңды бастаманың орындалуы уақыт еншісінде.

Назгүл Әбушәріпқызы, ҚазҰУ-дың магистранты.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар