Біздің әңгімеміздің өзегіне арқау болғалы отырған азамат Жеңіс Бөрібекұлы Тоғызақбаев Сарысу ауданына танымал тұлға. Оны білмейтіндер кемде-кем десе де болады. Осындайда Жеңіс Бөрібекұлы кім еді деген орынды сауал көкейге кептеледі. Шынында есімі ауызға ілінген, ел-жұрты таныған Жеңіс Бөрібекұлы кім? Мәселенің мәнісі де осында. Жеңіс Бөрібекұлы – Жайылма ауылының тумасы. Балалық және жастық шағы осы түтіні түзу шыққан алтын бесік – ауылда өтті. Жеңіс текті әулеттің ұрпағы еді. Атасы Тоғызақбай, әжесі Көжек ел-жұртқа танымал, беделі бар қадірлі кісілер болды. Құдай қосып, жұптары жарасқан жандар өмір тауқыметімен бірге тағдыр талқысын да тартты. Жарық дүние есігін ашқан алты перзенті қызылша ауруынан жастай шетінеп кетті. «Бұл өмірден перзентсіз, ұрпақсыз өткеніміз бе?» деп жандары жабырқап жүргенде ол кісілерді Жаратқан иенің өзі жарылқады. Нәубетті жылдарда сәбилері қызылша кеселінен шетіней берген ауылдың бес келіншегі Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге ниет етіп, жылап- еңіреп барғанда бір Алла тілеулерін береді. Келер жылы Көжек ана аман-есен босанып, ұл балаға әлемнің жарығын сыйлайды. 49 жас мүшелінде ұлды болған Тоғызақбай әке де ес қалмай қуанады. Бөбегіне Бөрібек деп ат қойды. Бөрібек есейді. Он жылдық мектепті бітірді. Ат жалын тартып, азамат болды. Байқадам ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып, жүргізуші мамандығын алды. Бөрібек жоғары білім алуды да назардан тыс қалдырмады. Осы мақсатпен Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының күндізгі бөліміне оқуға түсті. Нар тұлғалы, сұңғақ бойлы Бөрібекті бала жастан қазақ күресі қатты қызықтыратын. Ол институттағы оқудан бос уақытын күреспен айналысуға арнады. Қазақтың ұлттық өнері қазақ күресіне деген шынайы құмарлық талапкер жас палуанның бабы мен бағын ашты. 1962 жылы қаладағы жоғары оқу орындары студенттері арасында өткізілген спартакиадада чемпион атанды. 1963 жылы осы қаладағы «Спартак» стадионында өткен «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» газеттерінің жүлдесі үшін өлкелік Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары палуандары арасында топ жарып, чемпион болды. Сонымен бірге Сарысу ауданының бас палуаны, облыстық, республикалық байрақты бәсекелердің бірнеше дүркін жүлдегері болды. Аты алысқа ұзаған балуан Бөрібек Тоғызақбайұлы небәрі отыз үш жасында дүниеден озды. Үлкен өмірдегі бір отбасының барлық тауқыметі, зілбатпан салмағы отыз екі жастағы Бөрікбектің жары Зоя Мұсақызының иығына түсті. Балуанның ұлы атанған Жеңіс те ержетті. Үлкен өмірдің ұлы көшіне ілесті. Ол ең алдымен асыл анасына жақсылық жасады. Келін түсіріп, қолын ыстық суға малындырды. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтында оқып мамандық алды. Бүгінгі таңда Жеңіс Бөрібекұлы айы оңынан туған ірі кәсіпкерлердің санатына жатады. Жеңіс – әке рухына тағзым етіп, бас иген азаматтың бірі. Ол небәрі отыз үш жасында соңында өшпестей із қалдырған абзал әкесінің атынан кіндік қаны тамған Жайылма ауылынан спорт мектебін ашты. Негізгі мақсаты ауыл жастарының спортпен айналысуына толық жағдай жасау болды. Елжанды азамат спорттың бұқаралығын арттыру үшін әкесінің атындағы мектепке арнап 40 миллион теңгеге спорт кешенін салып берді. Сарысу ауданының Құрметті азаматы атанған Жеңіс Бөрібекұлы аудан бойынша атқарылып жатқан іс-шарадан ешқашан шет қалған емес. Ардақты әкесі Бөрібек Тоғызақбаев атындағы спорт мектебі кешенінде жыл сайын бәсекелі байрақты жарыстар өткізуге де мұрындық болып жүр.
Темірлан Әбілдаев, журналист. Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді