Бұл мақаланы жазуға түрткі болған Бостандық ауылы ардагерлерінің жанайқайы десек те болады. Биыл құрғақшылық болып тұр. Қаңтар қарсыз өтті, ақпан бел ортадан ауды. Жерге қар түспеген соң ылғал қайдан болсын? Өткен жылғы қуаңшылықтан ауыздары күйіп қалған шаруалар қауымы алдағы күндеріміз не болмақ, Талас, Аса және Көктал өзендерінен келіп жатқан суларды әуіттерге, су қоймаларына толтыра аламыз ба, жоқ әлде бар су экологиялық мақсат үшін жаратылып, тағы да аузымызды қу шөппен сүртіп қаламыз ба деген үрей басым. Сондықтан аудандағы су көздерінің ең ірі айдыны саналатын Ақкөл көлінің егесі «Қазсушаруашылығы» РМК Жамбыл филиалының «Ақкөл өндірістік бөлімшесінің» бастығы Әбіләмит Ахметовпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Бүгінгі таңда, – деді ол, – Ақкөл айдынында 49 миллион текше метр су жатыр. Ақпан айынан бастап Жамбыл ауданындағы Аса өзенінен тартылған «Айтақ» және «Сұлтан» каналдары арқылы секундына 3 текше метр су тасталынуда. Бұл аса көп су емес. Биыл Киров каналына жиналған су көлемі аз деп отыр. Асаның және Билікөлдің де суы мәз емес. Облыстағы басшыларға айтып, Ақкөлге жіберілетін судың көлемін арттыруды өтініп жатырмыз. Өткен жылы Ақкөл көліне 97 миллион текше метр су жиналған. Биыл да сол межеге жетіп, жығылсақ па дейміз. – Көлдің суының аздығы Аса өзені арқылы сонау Үшарал, Түгіскен ауылдарына дейін баяғыдан суды жіберу мүмкін емес екенін білеміз. Ал бар суды қай мақсатқа пайдаланбақсыздар? – дедік біз. – Көлдің суын ең алдымен өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағыттасақ па дейміз. Ауылдың ортасындағы «Жаңатоған» каналы арқылы тұрғын халықтың есіктерінің алдындағы аулаларындағы алқаптарын суландыру үшін жыл сайын 4-5 миллион текше метр су жіберіледі. «Сұлтан» каналы, Ақкөл су магистралы арқылы өткен жылы шаруалар 410 гектар алқапты игеріп, жоңышқа, жүгері екті. Қауын-қарбыз еккендері де бар. Биыл оның көлемі қосымша 40 гектарға ұлғаймақ. Бұрынғыдай емес ауыл тұрғындарының егін егуге деген ынтасы да жоғары. Біраз суды Ащыкөлге жіберсек пе дейміз. Сондықтан осы бастан әр тамшы суды тиімді пайдалану керектігін тұрғындарға, шаруаларға айтып жүрміз деді ол. Әрине бір кездері өткелі асу бермес Аса өзенінің суының Үшарал, Талас ауылдарына дейін жетпей қалуын экологиялық апаттың басы ма дерсің. Дәл қазіргі уақытта Ойық ауылындағы «Бөрібай» каналы арқылы ғана Талас өзенінің суы Аса өзеніне тасталуда екен. Оның қаншалықты мәселені шешетінін бір Алла білсін. Жақында Қызыләуіт ауылының тұрғыны, Талас ауданының Құрметті азаматы Байпақов Алдаберген телефон шалды. Қай уақытта да белсенді ағамыз да судың жайын айтып, мұңын шағады. Оның айтуына қарағанда Көктал өзенінің суы да биыл да жылдағыдай емес, аз келіп жатыр. «Үмітсіз шайтан» деген қыс әлі аяқталған жоқ әлі де қар жауар, су да келер. Мамандардың есебіне қарағанда Көктал өзенінің жалпы су айдыны 32 миллион текше метр суды құрайды. Өзен суы таудан сарқырай ағып, Көктал ауылындағы «Пионер» су қоймасын толтырып, одан әрі қарай Қызыләуіт ауылындағы сол аттас әуітін, «Шұқыр» әуітті және «Ақтөбе» әуітін толтырып, әрі қарай ағыны жетсе Ащыкөлге барып құяды. Алдакеңнің айтуына қарағанда «Шұқыр» әуіттің және Қызыләуіттің кенересі толмаса да, біраз су жинақталған. Ауылдың және шаруашылықтың қажеттілігіне қарай кейінгі жылдары бұрынғы Көктал лагері тұсында «Әбдірәсіл» әуіті ауылдың батыс жағында «Қотыр» және «Жайдақ» су қоймалары салынған. Соңғы үш су қоймасы аудандық су шаруашылығы мекемесінің есебінде жоқ. Алайда егіс пен ауылды суландыру үшін олардың қажеттілігі орасан екенін Алдаберген аға айтып, талайдың мазасын алып жүр. Онысы орынды сияқты. Нақты есептеулерге қарағанда Шұқыр әуіт су қоймасына 3,5 миллион текше метр, Қызыләуіт су қоймасына 5 миллион текше метр, Ақтөбе су қоймасына 2,5 миллион текше метр су сыяды. Соңғы жылдары пайда болған «Қотыр» су қоймасына 1 миллион текше метр, «Жайдақ» әуітіне 300-500 мың текше метр су жинауға болады дейді Алдекең. Өткен жылы «Қотыр» әуітінің жағасын таспен өріп бекемдеуді бастаған екен, бірақ ол жұмыс аяқталмай қалыпты. Әуітке су жіберіп, оның жан-жағын бекемдесек, маңайына жүгері, жоңышқа егіп, ауылдағы тұрғындарға да су беру мәселесін шешуге болады дейді Алдаберген. Сондай-ақ ол Көкталдың жоғарғы жағындағы «Әбдірәсіл» әуіті суының малға болмаса, егінге қолайлы емес екенін айтып, дәлелдеп жүр. Осы мәселе бойынша Қаратау қаласының тұрғыны Шәріп Бейсенұлынан сұрастырғанымызда, әуітті мығымдау жөнінде өткен жылы облыс басшыларынан сұранғанбыз деді. Ол да қолдан жасалған су айдыны көрінеді. Биылғы судың тапшылығынан «Әбдірәсіл» әуітіне бір де бір текше метр судың жіберілмегенін де білдік. Әрине су мол болып тұрса барлық әуіттерді суға толтырғанға не жетсін. Сондықтан жағдайға, судың мөлшеріне қарап, оны тиімді пайдалануды ауыл болып қолға алғаны дұрыс қой деп санаймыз. Бұл жерде кейбір пысақайлардың суды өз алқабына бұрып алып, әлімжеттілік жасайтынын да естіп қалдық. Әрине оған да тосқауыл қойылар. Ал Талас өзенінен су алатын шаруашылықтардың да айтары көп. Мақаланы жазу барысында облыстық табиғи ресурстарын реттеу басқармасының Жамбыл су шаруашылығы коммуналдық мекемесінің Талас, Сарысу бөлімшесінің бастығы Омарқұлов Кенжебекпен тілдестік. – Талас өзені арқылы секундына 13-15 текше метр су ағуда. Осы мекемеге 13 су қоймасы қарайды. Сыйымдылығы 1,5-3 миллион текше метрге дейін су жиналатын қоймалардың бүгінгі таңда сумен қамтылуы 50-55 пайыз болып тұр. Алдағы уақытта су қоймаларына жеткілікті су көлемін жинақтауды жоспарлап отырмыз, – дейді Кенжебек. Ол үшін су қоймаларын, әуіттерді, каналдарды, арық-атыздарды, науаларды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Соңғы жылдары облыстық мекемеміз қуатты механикалық техникалармен қамтамасыз етілді. Соның арқасында өткен жылы «Тамды әуітін», «Қазақ бай» су қоймасын ішінара жөндеуден өткіздік. Биыл тозығы жете бастаған Ойық су қоймасының инфрақұрылымын жақсарту жоспарланған. Бұрынғы жылдары облыстық мекеменің техникасы жоқ болғандықтан тендер жариялағанда бір компаниялар ұтып алып, жұмысты сапасыз атқаратын. Мекемеміз жөндеу жұмыстарын өз техникаларымен жүргізе бастағалы бері бұрынғы жұмсалған шығындарды екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік алдық, деп отыр бөлімше бастығы. Қош, сонымен аудандағы ең басты өзен, әуіттердің су қоймаларының жағдайы осындай. Ал сол бар судың әр тамшысын далаға жібермей, тиімді пайдалану үшін не істеу керек? Осы орайда Аққұм ауылының тәжірбиесі үйренерге тұрарлық. Ақкөл ауылының әкімі Болатбай Ошақбаевпен билер кеңесінің төрағасы Пәрімбек Бейсенұлының айтуларына қарағанда бұл ауылдың халқы ағын суды «Жиенбет» тоғанынан «Оң жамбас» және Аққұм каналдары арқылы алады. Әкімнің айтуына қарағанда ауыл халқына ағын су жеткілікті. Жыл сайын Аққұм ауылындағы 223 аула әрқайсысының есігінің алдындағы 10-15 сотық жерге жүгерісін, жоңышқасын, қызанағын, картоптарын егіп, жылдық азықтарын айырып отыр. Тек ауылдың ішінен жинақтағанда 100-150 тонна жүгері собығын жинап алады. Өздерінің мал азығын сөйтіп ажыратады. Каналды бойлай жоңышқа егеді. Мысалы, Пәрімбек Бейсенұлы Ұзын каналы бойына жоңышқа егіп, жылға жетер мал азығын жинап алады. Ондай істің көзін тапқан шаруалар бұл ауылда жеткілікті. Алайда судың пайдалану кезінде өнім бермейтін жерде жүгері сепкен, дән тастаған кейбір шаруалар суды ретсіз пайдаланып, кесірін тигізіп жатады. Осы мәселеге байланысты аққұмдықтар биыл судың әр тамшысын тиімді пайдалану мақсатында егістікті, бау-бақшаны өнім беретін жерге ғана егіп, сулы жіберуді реттеу үшін топ құрған. Әзірге каналдардың бойындағы қамыстар өртеліп, арық-атыздар қоқыстан, шөптен арылтылуда. Ауыл әкімінің айтуына қарағанда ауладағы суармалы жерлер 71 гектарды құрайды. Ауыл сыртында шаруа қожалықтарының 180 га суармалы жерлері бар. Бұл ауылда да ағын суды пайдалануда проблемалар баршылық. Мысалы, ағын су ауылға Жиенбет тоғанынан тарайтын «Қазсушар» РМК меншігіндегі Оң жамбас каналы (ұзындығы 13 км) бойында 572 га жер, «Аққұм» каналы (ұзындығы 8 км) бойында 214 га жер бар. Ауыл тұрғындары үй іргесіне ағын суды Оң жамбас каналы арқылы алады. «Аққұм» каналы бойындағы «Бейсен», «Итемген», «Ардагер» шаруа қожалықтары бұрын мотор арқылы су алатын, қазір жерлерін игере алмай отыр. Канал бойынан қақпақ (шлюз) орнатылса су алуға мүмкіндік бар деген шаруа қожалықтары егелерінің тілегін жеткізді әкім. Осы ауылмен көршілес Бостандық ауылының ақсақалдарының да, жастарының да мақсаты ауылды көркейту болып отырғаны қуантады. Өткен жылы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғазы Шәріпбаевтың, билер кеңесінің төрағасы Жаңабай Есімовтің, билер кеңесінің мүшесі Бодаубек Айтбековтардың бастамасымен Ұзын каналынан ауылға 1,5 шақырымдық арық тартылып, ағын су әкелініпті. Соның нәтижесінде екі көше тұрғындары есіктерінің алдындағы қосалқы шаруашылықтарын дамытуға мүмкіндік алған. Биыл да сол жұмысты жалғастырып, көшенің сол жақ қапталындағы тұрғындарға да ағын су жеткізсек деп талпынып жүр. Олардың айтуынша «анау ектік, мынау ектік» деп сылтауратып өзі аз суды алқаптарында ұзақ ұстайтындармен күрес жүргізіп, ауылдың орталық көшелеріне әр аулаға су жеткізіп, өздерінің жеміс-жидегін, бау-бақшасын өсіруге қолайлы жағдай жасау керек деп есептейді. Бағдарламаны сылтауратып айдалаға қу ағашты шаншып, онысы өспей пәлен мың теңгені далаға шашқанша ауылға, ауылдың ішіне жұмсайық дейді тағы да. Көктемді күтпей осы бастан көшелердегі арық-атызды тазалап, көріктендіру науқанына сақадай сай барсақ деп жүргенде солар. Кенжебай Омарқұлов суды тиімді пайдаланудың өзге де тәсілдерін айтып жүр. Мысалы, онын айтуынша осы өңірде «Агрохолдинг Тараз» мекемесі ұйымдастырылуда. Олар бірнеше шаруа қожалықтарын біріктіріп 500 гектар алқапты игеріп, егістік алқабын жаңбырлатып суландыру қондырғысымен ылғалдандыруды ниет етіп отыр. Сондай-ақ Бостандық ауылында тамшылатып суару әдісін қолданып жүрген шаруалардың да барын естідік. Болашақта Түркістан облысындағыдай артезиан құдықтарын қазып, егіс алқаптарын суаруды жолға қоюға болады деді. Әрине халықтың табысын арттыру үшін жаңа технологияларды пайдалану өмір талабы. Оны көп созбақтамай, мықтап қолға алу керек деп ойлаймыз. Мақаланы жазу барысында Тамды ауылындағы су көздері жайында мәселеге қанықтық. Ауылдағы мұрап, әрі билер кеңесінің төрағасы Қанатбек Құралбаев ағын суды тиімді пайдалану жөнінде айтары көп азамат. Тамды әуітінің сыйымдылығы 2,5 миллион текше метр. Су қоры Тамды өзені мен Арбатас өзенінен аққан сулармен толығады. Қанатбек өткен жылы тұрғындардың үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықтарын сумен қамтып, мал азығын, бау-бақша өнімін жинап қана қоймай, табыстарын еселеп артқанын нақты мысалдармен дәйектеп берді. Ауданнан келген басшыларға айтып жүріп, ауылдың оңтүстігіндегі «Дәулетбай» су қоймасын қалпына келтірсем дейді. Суды Тамды және Арбатас өзендерінен ағатын қашыртпа сулармен толтыруға болатынын естідік. Егер «Дәулетбай» әуіті жан-жағы бетондалып іске қосылса 1 млн. текше метр су жинақтап, қосымша 300 гектар алқапқа мал азығы дақылдарын егуге болар еді. Кенжебай Омарқұловтың айтуына қарағанда әуітті қалпына келтіру жоспарға енгізілген. Міне, елге жаны ашыған адамның тірлігі осындай болып келеді. Ал Ойық ауылының халқы шабындықтың дені өсетін Майлыкөл алқабына биыл ағын су ойдағыдай жайылмады деп дабыл қағуда. Талас өзінінің суы Кеңес ауылындағы «Юбилейный» су қоймасын және Көшек ауылындағы «Бөлек қызыл» су қоймасына жеткізіліп, ал негізгі арнасындағы су Үшарал арқылы Сарысу ауданының елді мекендеріне жіберілуде. Жалпы алғанда ауданда су көздері мен нысандарының жағдайлары жаман емес. Алайда шаруалар осы бастан көктемгі егіске мұқият дайындалып, бар суды тиімді пайдалануға бағыт ұстау керек. Қанша айтқанымен баяғы мол су жоқ. Сондықтан барды бағалай білсек, егін де егуге, мол өнім алуға да болады. Шаруалар, мұраптар, жауапты мамандар кеңесе, келісе жұмыс істеп, бар мүмкіндікті ортақ іске жұмылдырса ісіміздің оңға басатыны анық.
Сәулембай Әбсадықұлы, Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!
- 2 желтоқсан, 2024
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді