«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұмтылған ұтады

Ұмтылған  ұтады
ашық дереккөз
Ұмтылған ұтады

Болат жолдың бойындағылар «Локомотив» акционерлік қоғамының Жамбылдағы филиалы – Локомотив пайдалану  депосы ұжымының басшысы Жапар  Исаевтың атына да,  бағалы бастамаларына да жақсы қанық. 1979 жылдың қаңтарында Қаратау стансасында локомотивтік депо ұйымдастырылды да, Ж. Исаев депо өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Кейін депо бастығының пайдалану мәселелері жөніндегі орынбасары, 1981 жылдан бастығы болды. Өзін істе таныта білген Жапар 2000 жылдан «Қазақстан теміржолы» РМК-нің филиалы Жамбыл пайдалану депосының бастығы, кейін қайта құрылған «Локомотив» акционерлік қоғамының филиалы Жамбыл пайдалану локомотив депосының директоры қызметін абыроймен атқаруда. Депоның техникалық паркінде 44 локомотив бар. Оның алтауы магистралды, 16-сы маневр жасайтын тепловоз болса, 22-сі электровоз. Локомотивтер жұмысы «Жамбыл-Шу», «Жамбыл-Түлкібас», «Жамбыл-Луговой», «Жамбыл-Қаратау-Жаңатас» бағыттары және күрделі саналатын «Бөген-Ақтаутас», «Аса-Фосфорная», «Қаратау-Өндіріс» алаңы телімдері бойынша жүзеге асырылады. Ұжымда 825 адам еңбек етеді.Тәжірибелі басшы Жапар Әбдібайұлы басқарған ұжым алға қойылған міндеттерді мінсіз атқаруға, пойыздардың апатсыз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағыт ұстап отыр. 2013 жылдың қорытындысы бойынша жүк тасымалдау көлемі 140 пайызға, яғни 2145 миллион тонна-километрге асыра орындалған. Көктемгі комиссиялық байқау бойынша Жамбыл локомотив депосы локомотивтерінің жүк тасымалдауға дайындығы жоғары бағаланып, 2-орын берілді. Кәсіпорында 138 тонна дизель отыны, 108 мың киловатт электр қуаты үнемделген. Кәсіпорын пайдалану деполары арасында алғашқылардың бірі болып ИСО 9001-2000 Сапа менеджменті жүйесі талаптарына сәйкестік сертификатын алды. Локомотив бригадаларының өнімді еңбек етіп, жақсы тынығу-лары үшін барлық жағдайлар жасалған. Демалыс бөлмелері,  ыстық тамақ  ішетін дәмхана да бар. Жақсы іс пен ізденіс қайтарымы қашанда жоғары. 2003 жылы Жапар Исаев басқаратын кәсіпорынға «Жылдың үздік ұжымы» атағы берілген. Пойыздардың апатсыз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз еткені, темір жол көлігін дамытуға қосқан зор үлесі, қажырлы да адал еңбегі үшін ол «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, «Үздік басшы» атағын алған. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолына – 100 жыл» салалық медалі мен «50 лет Қазахской железной дороге» төсбелгісінің иегері. Ол – Талас ауданының Құрметті азаматы.

Әбілда Сәрсенбі, журналист.

Ұқсас жаңалықтар