Құтты қонағының назарын бай тарихымен, қонақжай тұрғындарымен, көркем табиғатымен аударып, ұлт руханиятының ғажайып ғаламаттарымен баурайтын Тараз қаласының мерекесі тойланды. көне де жаңа шаһарын құрметтеп, мақтан тұтатын қала тұрғындары мен қонақтары жыл сайын 2 қазан күні тойланатын мерекені сағынып-ақ қалыпты. Көңілдерін қуаныш кернеген жұртшылық жаңбырлы күнге қарамастан, тайлы-тұяғы қалмай концерт болатын орталық стадионға қарай ағылып жатты... Салтанатты шараның ашылуында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тұрғындарды қала мерекесімен құттықтады. – Қымбатты тараздықтар, құрметті қала қонақтары! Қала күнін тойлау жыл сайын дәстүрге айналып отыр. Баршаңызды асыға айтулы мерекелеріңіз – Қала күнімен құттықтаймын. Елбасы айтқандай, «Тараз – тарихымыздың темір қазығы». Ұлт тарихының кешегісі мен келешегінің көркем шежіресі. Ол бабаларымыздың өлмес көзі. Қазіргі Тараз – сымдай тартылған даңғыл жолдарымен, көк жасылды тал, теректерімен қатар түзеген зәулім үйлерімен, гүлді алаңға бөленген алтын аймақ. Тараз қаласы бұл күнде қоғамдық-әлеуметтік жағдайы жақсарған, адамдары – жарқын, жері – байтақ, ауасы – таза, суы – мөлдір, жасыл желек жамылған құнарлы өлке, құтты мекен. Жалпы, ежелгі Тараздың кешегісі мен бүгіні – өткен тарихымен де, келелі келешегімен де, үлгі-өнегелік, ғибраттық тағылымымен де айрықша маңызды болып табылады, – деген Бекболат Серікбекұлы осы уақытқа дейінгі қаламыздағы бой көтерген жаңа нысандарға тоқталып, тұрғындарды ел игілігі үшін жасалынып жатқан істерге жұмыла жұмыс жасауға шақырды. Сонымен бірге салтанатты жиында шаһарымыздың өркендеуіне үлестерін қосып жүрген 52 азаматқа әртүрлі аталымдар бойынша алғыс хаттар табысталды. Мерекелік думанның ресми бөлімі бітісімен сахнаның екі шетінде тұрған 10 барабаншы үнтаспадағы музыкаға ілесіп дабыл қақты. Осы сәтте стадионның шығыс жақ бетіндегі орындықтардағы көрермендердің қатысуымен құбылмалы өрнек көрсетіліп тұрды. Ел назары осы көрініске ауған сәтте стадионның орталық алаңына 1000 адамның қатысуымен қойылған «Уақыт» композициясы басталды. Қызылды-сарылы киінген қатысушылардан құралған топ еліміздің 14 аймағы орналасқан Республика картасын көрсетті. Бұл көрініс аяқталғаннан соң, 850 қыздың орындауындағы «Гүлденген Тараз» композициясы ұсынылды. Мерекелеудің шешуші сәтінде 800 қыздың Тараз тарихын бейнелейтін ақ матамен биі және сол матадан «Тараз» сөзін бейнелеуі көрсетілгенде көрерменнің қошеметінде шек болмады. Композициялық қойылымдар аяқтала бере Тараз аспанына отшашу атылып, түрлі-түсті отшашулар мерекелік түнді құлпыртып жіберді. Бұдан соң Қазақстанның және облысымыздың өнер шеберлері концерт берді. Тойдың меймандары мен тараздықтар эстрада жұлдыздары Тамара Асар және «Ринго» тобының концерттік бағдарламасын тамашалады. * * * Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров қала күні мерекесіне орай шаһардың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматты қабылдап, құрмет көрсетті. Салтанатты қабылдауда лайықты азаматтар 16 аталым бойынша марапатталды. Олардың қатарында біздің әріптестеріміз де бар. «Ақ жолдың» ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Сағат Арын «Тіл жанашыры» аталымы бойынша үздік деп танылса, газеттің «Ақпарат» бөлімінің меңгерушісі Лесбек Сайлаубек «Ұшқыр қалам иесі» аталымымен марапатталды. Әріптестерімізді жүлделерімен құттықтаймыз!
Гүлжан РАХМАН, Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді