Құрбан айт мейрамының құрметіне орай облыстық «Ақ жол» газетінің ұжымы Тараз қаласында тұратын Ержановтар отбасы түріндегі балалар үйіне газ плитасын сыйға тартты. Газеттің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт бастаған газет қызметкерлері кеше Ержановтардың шаңырағына арнайы атбасын бұрып, басылым басшысы үлкен шаңырақтың анасы Сапура Ержановаға сый-сияпатты өз қолымен тапсырды. Отбасының ардақты анасы Сапура мен күйеуі Жиенбай Ержанов өздерінің ұл-қыздарынан бөлек балалар үйінің 12 тәрбиеленушісін қолдарына алып, оларды аялап өсірді. Бұл 1989 жыл еді. 1993 жылы отағасы өмірден озған соң, бар ауыртпалық отанасына түседі. Сапура апай кездескен қиындыққа еш мойымай бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты ана. – Өткен жиырма бес жыл ішінде 21 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім. Жеті қызымды ұзатып, шаңырағымызға бес келін түсірдік. Бүгінде бұлардан 32 немере, 4 шөбере сүйіп отырған әжемін. Биыл да отбасымыз үшін жаман жыл болған жоқ. Екі балам медициналық колледжге түсіп оқып жатса, тағы да келін түсіретін қуанышты күннің ауылы алыс емес сияқты. Әйтеуір, ел іші қайырымды іс-әрекеттен кенде емес қой. Міне, бүгін өздеріңіз отбасымызға келіп, сый-сияпаттарыңызды жасап қуантып жатырсыздар. Жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын, – деп аналық ақжарма лебізін жайып салған Сапура апай облыстың бас басылымының ұжымына шексіз ризашылығын жеткізіп, шығармашылық табыстар тіледі. Жылы жүздесу барысында басылымның бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы ардақты ананың егемен еліміздің ертеңі – балаларға жасап отырған қамқорлығын, осы жолда сіңірген ерен еңбегін ерекше атап көрсетіп, базарлы шаңыраққа шаттық тіледі. – Құрбан айт қарсаңында сіздің үлкен отбасыңызға аздаған көмегімізді көрсетсек деген игі ниетпен келіп отырмыз. Сіздің ерлігіңізді облыс қана емес, республика жұртшылығы жақсы біледі. Бұл туралы басылымдарда да аз жазылып жүрген жоқ. Сіз үшін әрбір балаңыздың «Ана» деген сөзінен артық бақыт жоқ екенін де білеміз. Осы бақытыңыз баянды болғай! – деген Көсемәлі Сәттібайұлы келесі жылдың басынан Ержановтар отбасын облыстық «Ақ жол» газетінің бір данасына тегін жаздырып беретінін айтуды да ұмытпады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді