Текті де терең тамырлы қазақ қашан да асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән берген ғой. Содан соң көңіліне қанат бітсін, нұры тасып, жақсы істері бұрынғыдан да көбейе берсін деген ниетпен жақсыны айтады, жақсылығын айтады. Өйткені, бұл дүниенің тұтқасы – жақсылық.
Осыдан Махаббат деген ұлы сезім туады. Себебі, жақсылық адамның жүрегін жылытады, жанына шуақ құяды, мейірімділігін арттырады, махаббат атты ұлы сезімін күшейтеді. Абайша айтқанда «Махаббатпен жаратқан адамзатты» жақындастыратын осы сезім. Өзіңнің ұлтыңа, ұлысыңа жақын болғың келсе, жақсылық жасауға ұмтыл, сонда олардың махаббатына бөленесің. Міне, ұлылардың осындай іліміне мойынсұнатын Алмас Кәдірбекұлы Садубаев өзі басқаратын «ҚР Ішкі істер органдары медиа орталығы» ұжымының махаббатына бөленіп жүрген жан. Ол осы орталықта үш жылдан астам уақыттан бері бас директор қызметін атқарып келеді. Бұған қоса, Қазақстан «Бас редакторлар клубының» вице-президенті деген қоғамдық қызметі және бар. Үлкенді ұлықтап, кішіні құрметтейтін жайсаң мінезі, бәріне болсыншы дейтін кең пейілі, жайдары жүзі, жылы жүрегі оның абыройын биіктетіп, ұжымымен ынтымақтастығын күшейтіп жібергендей. «Ұлық болсаң, кішік бол!» – дейді қазақ, басшы біткеннің басты қағидасы осы болмақ керек-ті. Бұл қасиет қарамағындағы жұртпен бір бауыр болмағыңды күшейтпесе, басқалай зиянын тигізбесі анық. Жасыратыны жоқ, кейбір басшылардың осындай қарапайым ұлылықтың қағидасын ескеруге өресі жетпей жатады. Жасын былай қойғанда, жасамысының өзіне қарауындағы қызметкерлерге күнде дөңайбат көрсетпесе, ішкен асы бойына дарымай қалатыны бар. Ұлықтықты көтеру үшін де ұлылық керек екен-ау дейсің, ондайда. Ал, біз білетін Алмас оттай ыстық отыз жастың жаңа ғана жалынан тартып мініп жатыр. Басшылық қызметке келгені кеше емес. Бұдан бұрын, дәлірек айтқанда 2008 жылы республикалық «Заң газеті» мен «Заң» журналының бас редакторы болды. Жаңа бастама, тың идеяларымен үлкен ұжымды бір мақсатқа жұмылдырған ол өзі басқарған басылымдардың бет-бейнесіне айтарлықтай өзгеріс енгізіп, материалдардың сапасы жоғарылауына, түрлі безендірулердің заман ағымына сай жетіле түсуіне көп еңбек сіңірді. Ізденіс пен ұмтылысты өзінің бұлжымас қағидасына айналдырған Алмас Кәдірбекұлы бұдан соң Жоғарғы сот төрағасының баспасөз хатшысы ретінде бұл мемлекеттің органның ашықтығын қамтамасыз ету бағытында тер төкті. Сол уақыттарда Жоғарғы соттың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы нығайып, сот саласындағы соны өзгерістер халыққа дер кезінде жеткізілді. Баспасөз хатшысының ашық-жарқын мінезі, адамдармен тез тіл табыса білетін қасиеті жабық органның жанданысқа түсіп, барлық жұмысы бұқараның назарына ілігуіне айтарлықтай септескен еді. ҚР Президенті баспасөз қызметінің сарапшысы қызметінде де ол іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Міне, бір кездері өзінің туған қаласы Таразда облыстық радиода, «Қазақстан-Тараз» облыстық телеарнасында жаңалықтар бөлімінің редакторы болып алғашқы еңбек жолын бастаған ол, көп уақыт өтпей, Елордамыз Астанаға жол тартты. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында табысты еңбек етіп, алғырлығымен танылған болатын. Содан кейін-ақ біз тізбелеп өткен биік белестерді бірінен соң бірін бағындырып, бүгінгі дәрежеге жетіп отыр. Ол тек қызметте ғана емес, жеке өмірінде де жайсаң болмысымен бақытқа кенелген жан. Шоқ жұлдыздардың ішінен шолып жүріп таңдап алған таң шолпаны, асыл жары – Ақерке оған Ерасыл мен Ерсұлтан есімді қошқардай қос ұл сыйлады. Қос ұлға қошқардай деген теңеуді тегінен тегін теліп отырғанымыз жоқ. Бағзы замандағы Жарапазан баталарында: «Айтамын жарапазан есігіңе, қошқардай қос ұл берсін бесігіңе. Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе, кім келіп, кім кетпейді есігіңе?!» – деп, бұған айырықша мән-маңыз беріп айтқан ғой. Яғни, бұл да бір қасиеттің белгісі болу керек. Алмас Кәдірбекұлы отызға келгенше жоғарыда айтып өткен бірнеше үлкен құрылымдардың, мемлекеттік маңызды қызметтердің тізгінін қолына ұстағандықтан, жасынан-ақ жоғары лауазымның «буын» көтеруге үйреніп, салиқалы қалпын сақтауға дағдыланған. Бұл бәлки, қанында бар қасиет. Өйткені ол жай адамның емес, ел баққан адамның баласы. Қазақ біреудің баласы жақсы өнегелі болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі, өнегелі жерден шыққан ғой» дейді. Өнеге өз тегіңнің бойынан тарайтын қасиет. Құнанбай қажының Абайға «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені – Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр, содан кейін мақтанарсың, шырағым» деп ширыға тіл қатқан екен. Ондағысы ұрпағым өнегесі мен өресін бірінен бірі оздырып, рухани деңгейі жоғарылай берсін дегені еді. Турасын айтсақ, Алмас Кәдірбекұлының бойындағы өнеге көктен түсіп, жерден өнген жоқ, әкеден дарыған қасиет тегі. Жайсаң жанның жақсылығын айттық, жақсы болмысын айттық. Жалғасын тапсын деген ниет қана. Тегінде заманымыздың, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның жақсы болмағы – жақсы адамдардың көптігімен байланысты. Сондықтан жақсының жақсылығын айтудан жасқанбауымыз керек.
Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Астана қаласы.Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді