«Біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ...»
Еркебұлан ҚҰРАЛБАЕВ, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы. Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық пен тілегіміз – татулықты місе тұтқан еңселі елімізде бүгінде жастар өз орнын қазықтап бекітіп, келешекке нық сеніммен ұмтылыс жасауда. Біз ежелден бойына даналық пен албырттық тұнған халықпыз. Еліміздің бүгіні де, болашағы да, ұлттың тірегі де, тілегі де бүгінгі жастар екені даусыз. Жастар бар жерде жаңалық та, жаңғыру да жетерлік.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда облыс жастарының саны 286 мың 947-ні, жалпы облыс халқының 26,8 пайызын құрап отыр. Қазіргі таңда облыста мемлекеттік жастар саясатын жүйелі әрі нәтижелі жүргізу мақсатында барлығы 250 маманды құрайтын 12 жастар орталығы жұмыс істейді. Штат санының өсуі де өткен жылмен салыстырғанда 62 пайызға артып отыр. Соның нәтижесінде қазіргі таңда әрбір ауылдық округ әкімдігі жастар ісі жөніндегі нұсқаушылармен қамтылды. Осы орайда республика бойынша ауылдық округтерге дейін жастар саясатымен айналысатын мамандармен қамтылған бірден-бір облыс, бұл біздің өңір екендігін атап өткен жөн.
Бүгінде облысымыздағы 5 жоғары және 49 орта арнаулы оқу орындарында 60 мыңға жуық студент жастар білім алуда. Осы студент жастардың басты мәселелерінің бірі – жатақханамен қамтылуы. Облыс бойынша екі жоғары және 21 орта арнаулы оқу орындары базасында барлығы 23 жатақхана бар. Басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Жатақхана тынысы» жобасы аясында студенттерден алынған сауалнама қорытындысы бойынша жастардың жатақханаға мұқтаждығы айқын көрінуде.
Әсіресе, жоғары оқу орындарында. Мәселен, бүгінде Тараз қаласындағы 5 жоғары оқу орнында 13 мыңнан аса студент күндізгі бөлімде оқиды. Ал олардың бір мыңға жуығы ғана жатақханамен қамтылған. Жатақхана тек екі мемлекеттік оқу орнында, яғни, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз педагогикалық институтында ғана бар. Ал екі жеке меншік оқу орнында Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті мен Тараз техникалық институтында жатақхана мәселесі қарастырылмаған. Қазіргі уақытта орта арнаулы оқу орындарын қоспағанда жоғарыдағы мемлекеттік оқу орындарының өзінде 2 мыңнан аса студент жас жатақханада орналасу мүмкіндігін күтуде. Осы мәселені шешу жолдарын оқу орындарымен бірлесе отырып қарастырған жөн деп санаймын.
Облыс орталығынан жастар ұйымдарын шоғырландыратын «Жастар сарайы» қажет. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезінде «Жастар сарайын» салу жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл мәселе басқа өңірлерде де қолдау тауып жатыр. Соның бір мысалы Қызылорда және Алматы облыстарында «Жастар сарайын» салу жұмыстары қолға алынуда. Ал былтырғы жылы Павлодар қаласында «Жастарға кеңес беру орталығының» ғимараты пайдалануға берілді. Алдағы уақытта облыс орталығынан «Жастар сарайын» салу мәселесі өз шешімін тапса дейміз. Сонда республикалық, облыстық жастар ұйымдарымен және облыс жастарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу мүмкіндігі ұлғаяр еді.
Қазіргі таңда облыста 14-29 жас аралығындағы жастардың қылмысқа бару көрсеткіштерін облыстық, қалалық, аудандық деңгейде анықтау қиындық туғызуда. Себебі, жергілікті ішкі істер органдарынан берілетін ақпарат тек кәмелетке толмаған жастарды ғана қамтиды. Бұл өз кезегінде 29 жасқа дейінгі жастар арасындағы қылмысты анықтауға кедергі келтіруде. Осыған орай, ішкі істер департаменті арқылы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қылмысы туралы мониторинг жүргізген абзал. Жоғарыда аталған ұсыныстарымыз өз шешімін табады деген сенімдемін.
Бүгінгі жас ұрпақ – келешектің қожасы. Өйткені, адам баласының жастық шағы – ол нағыз ерлік жасар кезең, ол – даналықты игерер шақ. Демек, адамның бойындағы бұлжымас баянды нәрсе – оның жандүниесіне сонау жас кезінен сіңірген тәрбиесі іспетті. Ендеше, жастарымыздың жалынды шағы мақсатсыз өтпесін, әсемпаз әуейілікке салынбасын, кемеліне келген кезінде рахатын ел көретіндей азаматтар болып өссін деген тілегіміз бар. Мемлекеттік жастар саясатын өрістету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізе беретін боламыз.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді