КАСПИЙ – ДОСТЫҚ ПЕН ТАТУЛЫҚ АЙДЫНЫ

КАСПИЙ – ДОСТЫҚ ПЕН  ТАТУЛЫҚ АЙДЫНЫ
ашық дереккөз
КАСПИЙ – ДОСТЫҚ ПЕН ТАТУЛЫҚ АЙДЫНЫ

Елбасы  Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барып,  Астрахань қаласында өткен Каспий жағалауы  мемлекеттері басшыларының төртінші саммитіне қатысты. Алқалы жиынға Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Хасан Рухани, Ресей Президенті Владимир Путин және Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Саммит барысында  Каспий теңізін бірлесіп басқару, су айдынында заманауи құқықтық режім қалыптастыру, оның бірегей табиғи ортасы мен биологиялық ресурстарын сақтау мәселелері талқыланды.

«Теңіз құрлықтарды бөлгенімен, халықтарды қосады»
30
Мемлекет басшылары алдыңғы саммиттердің шешімдерінің орындалу қорытындысын шығарып, «Каспий бестігі» аясындағы дамудың келесі кездесуге дейінгі кезеңге арналған негізгі басымдықтарын белгіледі.  Елбасымыз өз сөзінде тараптардың келіссөздер үдерісінде 2010 жылғы Баку кездесуінен бері айтарлықтай ілгерілегеніне тоқталды.
– Осынша күрделі тақырыпты талқылау достық, өзара түсіністік пен серіктестік ауанда өтіп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын біз Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға осылай шыққан едік. Бұл біздің елдеріміздің Каспий теңізіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылын кеңейтуге берік негіз қалады, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев гидрометеорология, биоресурстарды қорғау және төтенше жағдайларға әрекет ету саласында келісімге қол қою жоспарланғанын да айтты.Мемлекет басшысы елдердің экономикаларын әлемдік нарықтың қазіргі жағдайын ескере отырып жақындастыру жолдарын қарастыру мүмкіндігіне де назар аударды. Сонымен қатар Елбасы  Қазақстан арқылы ашылған маршруттарды назарға ала отырып, біздің еліміз оларды Каспий маңы мемлекеттерінің тауарларын басқа елдердің нарығына, бірінші кезекте Қытайға жеткізу үшін транзиттік көпір ретінде пайдалануды ұсынатынын айтты.
– «Теңіз құрлықтарды бөлгенімен, халықтарды қосады», осы даналық елдеріміздің арасында мыңдаған жылдар бойы орныққан қарым-қатынастың сипатын көрсетеді. Бүгін Астраханьда жастар арасындағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсетін Каспий жастар саммиті өтіп жатыр. Бұл идея – жақсы бастама, оны қостау керек,- деді Қазақстан Президенті.
Келесі саммит
Қазақстанда өтеді

Каспий маңы мемлекеттері басшыларының төртінші саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатына қатысқан Елбасы  Каспий теңізінің біздің елдеріміз үшін айрықша маңызын және өткен Саммиттің жемісті болғанын атап айтты.
– Бүкіл Каспий маңы өңірі екпінді дамып келеді және ондағы энергия көздері мен биологиялық ресурстарға орай оған ауған әлем назары да ұлғая түсті. Бүгінгі саммит Каспий маңы мемлекеттерінің барлық күрделі мәселелерді келісуге деген ниетін тағы да байқатты. Біз осындай келесі шара Қазақстанда өтеді деп шештік. Келіссөздер нәтижесінде Каспий жағалауы елдері іс-қимылының негізгі аспектілері бойынша ұстанымдарын жақындаттық, бірқатар маңызды өңірлік мәселелерді талқыладық. Астрахань саммитінің қорытындысы басты құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны қабылдау мақсатындағы ілгерілеуге мүлде жаңа серпін беретіндігіне сенімдімін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саммит барысында ұсынылған бірқатар бастамалар туралы да айтты.
Төртінші саммит жұмысының соңында бес мемлекеттің көшбасшылары Еділге бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын жіберу жөніндегі символдық шара рәсіміне қатысты.

Бірлік жаңа жетістіктерге
жол ашады

Осы сапар барысында Мемлекет басшысы Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Кездесу барысында екі елдің көшбасшылары Каспий маңы мемлекеттерінің төртінші Саммитінің қорытындылары туралы сөз қозғады.
Сейсенбі күні Елбасы Атырауда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық  ынтымақтастығының ХI форумына қатысты.   Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде біздің елдер көмірсутек саласында едәуір алға қарай жылжи алатынын мәлімдеді. Форум аясында Мемлекет басшысы  Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Ресей көшбасшылары халықаралық және өңірлік құрылымдар аясындағы, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ және Кеден одағы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне айрықша назар аударды. Мемлекет басшылары Астрахань қаласындағы Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті табысты болғанын да атап өтті. Қазақстан Президенті екі елдің алдағы ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту жолындағы кезекті қадам болатындығына сенім білдірді. – Бүгін біз өңіраралық форум өткіземіз, оның аясында түрлі салалардағы келісімдерге қол қойылатын болады. Қазір елдеріміздің арасындағы өзара тауар айналымы аздап төмендеп отыр, бірақ мұны мен уақытша құбылыс деп ойлаймын. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ толық қуатында жұмыс істейтініне сенімдімін, ол бәрімізге ортақ пайда әкеледі, - деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде Владимир Путин Форумға қатысуға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын айтты.
– Ресей мен Қазақстанның арасында тарихи байланыстар орныққан. Бізді біріктіріп тұрған мыңдаған дәнекерлер дамуымызға, бір-бірімізге қолдау көрсетуге септігін тигізуде, - деп атап өтті Ресей Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты да пікір алмасты. Кездесу алдында Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің 60-қа жуық компаниясы қатысқан «Көмірсутек саласындағы инновациялар» көрмесін аралап көрді.

Ресейлік инвестициялар
көлемі 10 есе ұлғайды

Елбасы Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының жалпы отырысына қатысты. Қазақстан мен Ресейдің биылғы XI өңіраралық ынтымақтастық форумы көмірсутек саласында, соның ішінде мұнай және газ өндірісінде инновациялық технологиялар қолдану мәселесіне арналды. Форум отырысында сөйлеген Мемлекет басшысы мұнай қоры бойынша әлемде 12-орынды иеленетін, газ қоры жөнінен алғашқы жиырмалықтағы елдердің қатарына кіретін мұнай-газ өнеркәсібінің Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығын атап көрсетті.  Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің көмірсутек саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.  Сондай-ақ,   Елбасының айтуынша, екі елге мұнай мен газдың жаңа перспективалы кеніштерін анықтау үшін геологиялық барлау саласындағы бірлескен жұмысты жандандыруға болады. Атап айтқанда, бұл ресейлік тараптың халықаралық «Еуразия» жобасын жүзеге асыруға атсалысуына қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде энергетикалық секторды дамыту үшін ғылыми зерттеулердің рөлі айрықша екеніне тоқталды. – Біздің ғылыми институттарымызға бірлескен зерттеулер арқылы ауыр мұнай өндірісін интенсификациялау, терең судағы өндіру, сланецті мұнай, мұнай синтезін алу, балама энергетика және басқа да перспективалы бағыттармен айналысуға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент атап өткендей, Қазақстан мен Ресейдің мұндай бірлескен жұмыстарының нәтижелері Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылуы мүмкін.  Өз кезегінде Ресей Президенті өңіраралық ынтымақтастық форумы Қазақстан мен Ресейдің арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды дамытудың маңызды құралына айналғанын айтты. - Өткен 11 жыл ішінде елдеріміздің экономикалық байланыстары жаңа сапалы деңгейге шықты. Екіжақты тауар айналымы 6 еседен астам өсті. Қазақстан экономикасына келген ресейлік тікелей инвестициялар көлемі 10 есе ұлғайды. Мұндай жоғары қарқын көбіне-көп экономикаларымыздың инвестициялық ықпалдастығы арқылы қамтамасыз етілуде, - деді Владимир Путин. Ресей Президенті екі елдің шекаралық ынтымақтастығының деңгейін де жоғары бағалады.  – Ресейлік субъектілердің көпшілігі Қазақстанның барлық 14 облысымен тікелей серіктестік қатынас орнатқан. 11 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын құрылды. Өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы 300-ге жуық өңіраралық келісімге қол қойылды. Ресей мен Қазақстан әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараға ие. Осы шекараның бойында орналасқан өңірлерге екіжақты тауар айналымның 40 пайыздан астамы тиесілі, - деп атап өтті Владимир Путин.Жалпы отырыс барысында, сондай-ақ, Ресей тарапынан – энергетика министрі А.Новак, Орынбор облысының губернаторы Ю.Берг, Башқұртстан Республикасының президенті Р.Хамитов, Қазақстан тарапынан –Энергетика министрі В.Школьник, Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі  А.Мұхамбетов баяндама жасады.  Қазақстан мен Ресейдің келесі ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы 2015 жылы Уфа қаласында (Ресей Федерациясы) өтеді.
*    *    *
Форум қорытындысы бойынша екі Мемлекет басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында Көктемгі-Аралшы кенішіндегі мысты-колчеданды кенді игеру кезінде шекаралық аумақтағы шаруашылық қызметті жүзеге асырудың ерекшеліктері туралы келісім.
2. ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында «Байқоңыр» кешені аумағында радиожиілік спектрін пайдалану жөніндегі келісім.
3. Атырау облысының әкімдігі мен Башқұртстан Республикасы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісім.
4. Атырау облысының әкімдігі мен Татарстан Республикасы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісім.
5. «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» (ҚР)  Компаниялар тобы мен «АВТОВАЗ» ААҚ (РФ) арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамыту туралы келісім.

Фариза Әбдікерімова,
  «Ақ жол». 

Ұқсас жаңалықтар