Мандат пен міндет

Мандат пен міндет
ашық дереккөз
Мандат пен міндет

24Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ, облыстық мәслихаттың хатшысы.

Мемлекеттік басқарудың маңызды буыны қалыптасты Азаттық алған жылдардан бері жұмыстарында үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырып жаңа сипат алып келе жатқан жергілікті өкілетті органдардың ел дамуына қосып отырған үлесінің зор екендігі баршаға аян.  Тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буынымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттарға биыл 20 жыл толып отыр. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт болуы мүмкін. Бірақ, өткен күндердің өлшемімен қарағанда осы уақыт аралығында халық игілігі үшін қаншама қыруар тірлік атқарылғанын аңғару қиын емес. Тәуелсіздік жылдарында облысымызда жарқын жобалар жүзеге асты. Мыңдаған әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Елді мекендерге ауыз су, газ құбырлары тартылуда. Жолдар жөнделіп,  көшелер абаттандырылуда. Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, жұмыссыздық  деңгейі төмендеді. Мұндай мысалдарды әр ауылдан кездестіруге болады. Міне, осындай оңды істердің  бәрінде мәслихаттар мен депутаттардың өзіндік қолтаңбасы жатыр. Біздің тәуелсіз еліміздегі алғашқы мәслихат сайлауы  1994 жылғы 7 наурызда өткізіліп, әр деңгейдегі мәслихат органдары өмірге келді. Өзінің қалыптасқан 20 жыл ішінде өкілеттіліктері мен біліктіліктері артқан жергілікті мәслихаттағы депутаттар корпусы  қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарға белсене араласуда. Қазіргі уақытта  облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда барлығы  205 депутат жұмыс істейді.  Облыстық мәслихат құрамындағы 35 депутаттың  29-ы ерлер, 6-уы әйелдер, 30 депутат негізгі ұлттан болса, қалған бесеуін  өзге ұлт өкілдері құрайды. Облыстық мәслихатқа өткен 20 жылда сайланған 175 депутаттың 2-еуі депутаттық мандатты  4 рет, 10 депутат 3 рет, 12 депутат 2 рет жеңіп алғанын айта кету керек. Осы жылдар аралығында өздерінің белсенді еңбегінің арқасында облыс тұрғындарының сеніміне ие болған, түйінді түйткілдердің тарқатылуына білек сыбана кірісетін  депутаттар буыны қалыптасты.  Олардың арасында Ә.Әсілбеков, Е.Солтыбаев, С.Сарғасқаев, А.Майлыбаев, Х.Базаралиев, Г.Қасымов, А.Шлегель, С.Сейдазимов, Г.Орынбаева, С.Қалманбетов, О.Телеуов, Г.Нұрымова, тағы да басқа депутаттардың есімдерін атауға болады. Өкілетті органдар ретінде биліктің бір тармағы болып табылатын жергілікті жерлердегі мәслихаттарға өзінің алғашқы қалыптасқан кездеріне қарағанда қазіргі қолданыстағы заңнамалар аясында ауқымды міндеттер жүктелген. Тәуелсіз Қазақстан мәслихаттарының 20 жылдығы Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың бағдарын белгілеп берген айтулы мерзіммен тұспа-тұс келуде. Мәслихаттар халықтың қалауын білдіретін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың маңызды бөлігі. Сондықтан да облыстың барша жұртшылығын Қазақстан мәслихаттарының 20 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін!

Ұқсас жаңалықтар