Таразда жаңадан бой көтерген «Бәйтерек» ықшам ауданы аз уақыттың ішінде-ақ алып құрылыс алаңына айналды. Сәні мен сәулеті сүйсіндіретін әлеуметтік нысандармен қатар көпқабатты тұрғын үйлер де көптеп соғылып жатыр мұнда. Бұл орайда Үкіметтің қаулысымен 2012 жылғы 25 маусымда қабылданған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының тигізіп жатқан шарапаты мол. Бағдарлама өмірге келген жылдың өзінде жаңа ықшам ауданда 70 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй соғылды. Былтыр да жаңадан берілген 140 пәтерде қоныс тойы тойланды. Олардың 84-і жетім балаларға үлестірілді. Жас отбасылар да баспана бақытын сезінді. Тұрғын үй құрылысы биыл да қарқынды жүргізілуде. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 1160,0 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 163,827 миллион теңге қаражат бөлінді. «Бәйтерек» ықшам ауданында құрылысы өткен жылы басталған 75 пәтерлі тұрғын үй кезекте тұрған жанұялардың шаттығын шалқытты. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» жүйесі арқылы да 65 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал қазір аталған ықшам ауданда 1196 миллион теңгені құрайтын 3 тұрғын үй нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. – Әрқайсысы 75 пәтерден тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жас отбасыларға арналып соғылып жатыр. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының «Жас отбасы» санаты бойынша арнайы ереже бекітілген. Сол ережеге сәйкес тұрғын үйге мұқтаж жас отбасылардан құжаттар қабылданды. Жаңа тұрғын үйлердің біріншісі қазан айының соңында, екіншісі желтоқсанда пайдалануға беріледі. Ал үшінші үйдің құрылысы өтпелі нысан ретінде келесі жылы аяқталмақ, – дейді «Тараз Тұрғынүй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Арыстан Қалдарбеков. Сәтін салса, Таразда қоныстой көбейгелі тұр.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді