Нұржан Календеров, Тараз қаласының әкімі.
Тәуелсіздік алған жылдары алдымызда екі қолдың саусағы жетпейтіндей мәселелер иық тіресіп тұрған болатын. Бүгінде ол мәселелердің бірталайын артқа тастадық деп сеніммен айтуға да дәлел жетерлік. Дейтұрғанмен, елдің алдында үлкен болашақ тұр. Ал киелі Әулиеата өңірі о бастан-ақ өзінің тарихты мойындатқан қалпында келешекке кең қадам басып келе жатыр. Ерте ғасырлардағы мәдениет пен экономиканың, өнер мен руханияттың ошағы да Тараз шаһары болғандығына ешкімнің таласы жоқ. Тіпті, кейбір деректер бойынша Тараз орта Азиядағы ең таза, жасыл шаһар ретінде бірнеше рет аталып, осы өлкеге иелік еткен арғы бабаларымыздың мақтанышына айналған. Күні бүгінге дейін сол деректердің растығына көз жеткізіп жүргендер де аз емес. Талай жылдар өтсе де ағаш қорлары сол күйінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуде. Бұл ретте, қала тұрғындарының да үлесі баршылық. Мен өзім де осы өңірдің тумасы болғандықтан жергілікті халықтың қала тазалығына қалай бауыр басып, бір аула шашылып жатса жұмыла мәселе көтеретін әрекеттерімен етене таныспын. Сол себепті қала басшылығы тарапынан да сенбіліктер ұйымдастырып, үнемі бақылап отырамыз. Қала тазалығына байланысты берілген тапсырмалар да өз деңгейінде орындалуда. Шаһардың жергілікті халқы өзіміз болғандықтан жауапкершіліктің салмағы да өзімізде. Алдағы уақытта Тараздың тарихи жәдігерлері мен бүгінгі заманауи болмысы «EXPO-2017» көрмесіне әзірлену үстінде. Ал өңіріміздің жалпы тыныс-тіршілігін айтар болсақ, ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында қала кәсіпорындары 112 миллиард 540,8 миллион теңгенің өнімдерін өндірді. Оның физикалық индекс көлемі 104,9 пайызды құрады. 2013 жылмен салыстырғанда өнім шығару көлемін қаланың негізгі кәсіпорындары «Запчасть» АҚ, «Энерджи-Тараз», «Жамбылхимстрой», «Казфосфат» 1,2 есе, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» 1,3 есеге, «Жамбылгипс», «Қант зауыты» 1,4 есе өсірді. Бұған қоса, жыл басынан бері бөлшек сауда-тауар айналымының көлемі 81 миллиард 309 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 114,2 пайызға артты. Есепті кезеңде 66,4 мың шаршы метр (134,9%) тұрғын үй пайдалануға беріліп, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 32 миллиард 121 миллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 24,3 пайызға артып отыр. Сонымен қатар, Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Тараз қаласында Индустрияландыру картасына жалпы құны 40 миллиард 830 миллион теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба еніп, қосымша 2 мың шамасында жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бағдарлама қабылданғалы бергі төрт жыл ішінде қалада 10 жоба пайдалануға берілді. Олардың жалпы сомасы шамамен 35,4 миллиард теңгені құрап, 1841 жаңа жұмыс орындары ашылған болатын. 2014 жылы бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 5,6 миллиард теңгені құрайтын 3 «Іске асырылатын» жоба жоспарланған. Аталған жоба іске қосылғанда қосымша 150 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады. Қаламызда шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғылданушылар саны артып келеді. Қазіргі уақытта 5919 заңды тұлға тіркелген, оның 5604-і шағын, 260-ы орта, 55-і ірі кәсіпорындар. Кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардың саны 46 мыңнан асып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2013 жылы 4,3 миллиард теңгеге 50 жоба қаржыландырылса, биыл 2 миллиард 106 миллион теңгеге 34 жоба іске асырылып жатыр. Шағын және орта кәсіпкерліктің қанат жаюына жыл басында Елбасының еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялауы өз септігін тигізіп отыр. Биыл қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына 239 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға қаланың саябақтарына, скверлеріне және магистралды көшелерінің бойына 2200 сәндік ағаштар, 452 арша, 862 қылқан жапырақты ағаш түрлері отырғызылды. Баршаға белгілі, көктем айларында «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы қалалық балалар ауруханасы аумағында және «Атакент Тараз» базары жанында қала тұрғындарының қатысуымен 1000-ға жуық түрлі ағаш көшеттері егілді. Қазіргі таңда жас көшеттер тамырланып, жайқалып өсіп келеді. Осындай игі жұмыстарды одан әрі де жалғастыра бермекпіз. Өйткені, жасыл желектің қоршаған ортаға тигізер пайдасы өте зор. Көлік, автомобиль жолдары экономиканың күретамыры екендігі даусыз. Қалалық қоғамдық көлік тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ететін бірден-бір әлеуметтік маңызы бар сала. Бүгінде қала тұрғындарына жолаушылар көлігімен 14 тасымалдаушы мекеменің 800-ден аса автобусы 46 бағыт бойынша қызмет етуде. Біз жыл сайын қоғамдық көліктерді жаңартуға баса назар аударып келеміз. Жеке меншік тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімінің бөліну мәселесі де маңызды болып табылады. Қазіргі таңда, жер телімін сұраған азаматтардың саны 52 515 адамды құрап отыр. Биылғы жылы 2005 жылдан бастап жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер уческесін алуға кезекте тұрған 1 500 азаматқа жалпы көлемі 250 гектар жер телімін беру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатқа 881 миллион теңге бөлініп, инфрақұрылым жүйелері тартылды. Бәсеке кілті – білімде. Ағымдағы жылы қалалық білім бөліміне барлығы 14 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Жаңа оқу жылын 58 орта, 1 кешкі мектеп, 39 балабақша және 3 қосымша білім беру орталығы бастады. Есеп бойынша мектептердегі оқушылар саны 54 753 баланы құрады. Шаһарымызда демографиялық ахуал да жақсарды. Бұл қуанарлық үрдіс. Мәселен, 2014 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша туу көрсеткіші біршама өсіп, 8103 бала дүниеге келді, 2013 жылы осы мерзімде 7632 нәресте өмір есігін ашқан болатын. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемелермен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы «Бәйтерек» мөлтек ауданында, «Арай» иінінде 280 орындық балабақшалар құрылысы жүргізіліп жатыр. Қала күніне орай №41 «Айналайын» балабақшасын ашқалы отырмыз. Спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау салаларында да оң өзгерістер бар. Қаладағы спорт мекемелерінің ғимараттары жөндеуден өтіп, жаңа нысандар салынуда. Мәселен, «Тараз Арена» халықаралық стандарттарға сай спорт сарайының пайдалануға берілуімен қысқа мерзім ішінде бірқатар ірі халықаралық, республикалық деңгейде спорттық іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілді. Осындай жетістіктер Тараз қаласының мәртебесін одан әрі арттыра түсетіні анық. Елбасымыздың «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деген сөзінде терең тағылым жатыр. Қазақ елінің ең көне де көркем қаласы Тараздың болашағы жарқын, келешегі кемел. Ал оны одан әрі көркейтіп, дамыту – біздің азаматтық парызымыз.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді