«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

БІЗДІҢ БАСТЫ ТІРЕГІМІЗ – ОҚЫРМАН

БІЗДІҢ БАСТЫ ТІРЕГІМІЗ – ОҚЫРМАН
ашық дереккөз
БІЗДІҢ БАСТЫ ТІРЕГІМІЗ – ОҚЫРМАН

11Облыстық «Ақ жол» газетінің аудандардағы оқырмандармен кездесуі жалғасуда. Бұл жолы біз табан тіреген аудан  Т.Рысқұлов ауданы болды. Ұлы қайраткердің атын иеленіп отырған аудан тұрғындары басылымның басшысы  Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған, қатарында бас редактордың бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт, қызметкерлері Баймаханбет Ахмет, Сапарғали Әлібай, Шынар Сағиева, Ақәділ Рысмахан бастаған топты ерекше ықыласпен қарсы алды. Ашық-жарқын жүздесуде газеттің байырғы оқырмандары заманауи өзгерістерге орай ой-пікірлерін айтып, бір серпіліп қалды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімі Жарылқасын Айтақов ашып: – «Ақ жол» газеті бағыт-бағдары айқын-далған, өз оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірегейі екендігі даусыз. Т.Рысқұлов ауданының халқы аға газетті өзінің ақылшысы, жаңалықтың жаршысы деп біледі. Бүгінгі таңда «Ақ жол» газеті түбегейлі өзгеруде. Арнаулы беттер мен жаңа айдарлар, жаңа жобалар халықтың жүрегіне жол табуда, – деп атап өтті. Бұдан кейін сөз алған,  басылымның бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы: –  Біздің  атқарып жүрген жұмысымыз аптасына үш рет жарық көретін газеттің әр нөмірінде байқалып тұрады деп ойлаймын. Өзім түлеп ұшқан газетте жасалып жатқан жұмыстардың барлығы – оқырман үшін, халық үшін. Біздің ең басты тірегіміз – оқырман. Сондықтан, оқырманды жоғалтпау үшін, байланысымызды нығайту үшін газетіміз мәнді де, сәнді де болуы керек. Қазір біз осыған барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз. Аудандарыңыз есімімен аталып отырған Тұрар Рысқұловтың да біздің газетке еңбегі сіңген. Арыда Ғайса Сармурзин, Жайық Бектұров, беріде Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет  сияқты ардагер  ағаларымыз жұмыс істеген газет. Ол кезде де газет жаман болған жоқ. Қазір де біз сол жолды жалғастырып, басылым жаңа бетбұрыстарға, заманға сай өзгеріп шығып жатыр. «Газет неге түрлі-түсті болып шығады?» деп сұрайтындар да бар. Алла тағала мына өмірді сантүрлі бояуымен әсемдеп жаратқан. Аспан да, жер де бояуға толы. Ол болмаса, өмір сұрқай, сүреңсіз тірлікке айналады. Сұрқай өмірден жұрт та жалығады. Әлбетте, жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді, – деп жаңадан ашылған арнайы беттер мен жобалар және алда болатын өзгерістер жайлы тоқталып өтті және еркін пікір алмасуға шақырды.

15Қуандық Шолақ, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығы-ның лауреаты, ауданның Құрметті азаматы: – Бүгін біздің арамызға облысымыздың 75 жылды-ғына байланысты облыстық «Ақ жол» газетінің ұжымы келіп отыр. Аудан әкімі басылым туралы жақсы пікірін білдірді. Мен де соған қосыламын. «Ақ жолдың» дәл қазіргі бет-бейнесі өте жақсы. «Пырақ», «Шөкеңнің шошаласы» сияқты жаңа беттер тұрақты түрде шыға бастады. Белгілі сатирик Шона Смаханұлының есімін ескерусіз қалдыр-мағандарыңыз үшін алғысымды айтамын. Халықта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мақал бар. «Ақ жол» газеті көңілден шығатын көрікті жағдайға жетті. Өмірдің өзекті мәселелері көтеріліп жатқан мақалаларды көріп риза боласың. Жақында ғана Алма Оразбаева туралы жақсы мақала шықты. Ол біраз жыл өңірімізде өмір сүріп, осында қайтыс болған екен. Мүмкіндік болса аудандағы бір көше Алма Оразбаеваның атына берілгені дұрыс. Бұдан кейін газеттің таралымы өсетініне сенім білдіремін. Өйткені, газеттің басшысы қарымды, шыншыл, турашыл азамат. Осыдан кейін арқалы ақын Шерхан Мұртазаға арналған «Шерағаңа» деген өлеңін оқып берді. Көсемәлі Сәттібайұлы: – Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ. Біздің гене-ралымыз – Шерхан Мұртаза. Өзіңіз айтып өткен Алма Оразбаева жайлы мақала – газеттің жаңа жобасы экспедиция барысында жазылды. Ары қарай жұмысты өздеріңізге аманат етеміз. Аудан орталығының шығаберісіне Алма Оразбаеваға арналған ескерткіш тақта қойылса, сауапты іс болар еді. 14 Рысбек Секербеков, Абай ауылдық ардагер-лер ұйымының төрағасы. – Мен осы газетті «Еңбек туы» кезінен бастап үзбей оқимын. Газетке қарап адам өзгереді. Қазір заманымызға қарай газет өзгерді. Енді адам да өзгеруі керек. Өткенде Күлішкен жеңгеміз туралы Мәскеу Нохрабековтің жаз-ған әңгімесін оқыдық. Арғынбай Бекбосын-ның рубаяттарын да қызығып оқимын.           «Ақ жол» газетін қолымыздан тастамаймыз. Ұжымдарыңызға шығармашылық табыс тілеймін! 13Әмзе Тәжіков, Құлан орта мектебінің директоры: – Газеттің қызметкер-лерімен және бас редак-торымен бетпе-бет жүздесіп отырғанымыздың өзі бір ғанибет. «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды» деген қанатты сөзді ту етіп отырған «Ақ жол» – Жамбыл жұртшылығының сүйіп оқитын газеті. Ол халықтың тыныс-тіршілігін, облыс жаңалығын, спорт саңлақтарын, ғаламтордағы  ақпараттар ағынын еш бүкпесіз жеткізуде. Білім саласында жүргеніме 41 жыл болса, соның 40 жылында осы газетпен біргемін. Бүгінгі таңда Құлан орта мектебінің алпыс пайызы «Ақ жолды» алады, алдағы уақытта жүз пайыз болады деп ойлаймын. Алдағы алуан асуларда да  абырой биігінен көрініп, шығармашылық шабыттарыңыздан таймай, Отанымыздың игілігі жолында еңбек ете берулеріңізге тілектеспін! 12Ораз Танкеев, Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі: – Ақпараттар ағыны толассыз ағындап жатқан өркениетті заманда «Ақ жол» газетінің алар орны ерекше. Елдің жай-күйін, мұң-сырын, жетістігі мен жеңісін бұқара қауымға паш етіп отырған ақпарат көзі. Тоқсан жылдан астам уақыттан бері халықтың үні болып келеді. Облыстың тарихи жиынтығы деп айтсақ та артық болмас. Кореяда өтіп жатқан Азиада ойындарынан олжалы қайтқан спортшыларымыз жайлы хабарды сүйіншілетіп жазған алғашқы басылымдардың бірі. Азиада ойындарының алтын медаль иегері, Қарақыстақ ауылдық округінен шыққан Елдос Сметов туралы жан-жақты жазылып, елге таныстырып өткен де өзіміздің – «Ақ жол». Толағай табыстар мен жемісті жеңістердің жаршысы болып отырған басылымға ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Бұл күнде түлеген, жасарып-жаңарған «Ақ жол» – сүйікті басылымға табыс тілейміз! Жылы жүздесуді аудан әкімі Жарылқасын Айтақов қорытындылады.

Шынар Сағиева, «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар