2011 жыл. Қысқы Азия ойындарының алауы Алматыдан кейін екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласына жеткізілді. Бұл жамбылдықтар үшін үлкен мәртебе, айтулы оқиға болған еді.
Алау-эстафетасына осы өлкеде туып-өскен өнер майталмандары мен спорт саңлақтары тегіс қатысты. Қазақ киносының жұлдызы Асанәлі Әшімов, әншілер Бағдат Сәмединова, Досымжан Таңатаров, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Болат Жұмаділов, Ислам Байрамуков... Араларында жас спортшы, бір жыл бұрын дзюдодан жастар арасында әлем біріншілігінде топ жарған чемпион Елдос Сметов те бар. Азиада алауының жалынынан ба, кім білсін, бізге барлығының жүздері ерекше арайланып тұрғандай көрінген. Содан ба, сол күні құдды бір аспаннан жұлдыз жауғандай сезімде қалдық... Әлем чемпионатында тұңғыш рет алтын жүлдені жеңіп алған жас балуанмен де сол жолы кездестік. Өз-өзіне сенімді, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын қайсарлығы да бар секілді. Қимылы ширақ, сөзі нық. Осы жолдан таймаса, татамиде әлі талай атой салады-ау деп ойладық. Бәлкім, Олимпиада биігін бағындырған атақты спортшылардың ортасынан көрген соң, солай сезілген болар дегенбіз іштей. Десе де, осыдан кейін жамбылдық дзюдошының жарыс жолын үнемі бақылап отыратын болдық... 2014 жыл. Инчхондағы Азия ойындарында жарыстарын аяқтаған дзюдошылар елге оралды. Араларында Азиадада алтын медаль алған жерлесіміз Елдос та бар. Үмітіміз алдамапты. Біздің балуан тағы да топ жарды. Бұл жолы да еліміздің спорт тарихында қалатындай үлкен ерлік жасап, аталған дүбірлі доданың тұңғыш чемпионы атанды. Анасы Тоқтагүлдің айтуынша, Елдос үйдің кенжесі екен. Ал спортта топ бастап келеді. Нақтырақ айтсақ, елдің тұңғышы. Қазаққа дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында, Азия ойындарында алтын жүлде сыйлаған батыр. «Баланың не нәрсеге ебі бар екені кішкентай кезінде байқалатынына көзім жетті. Елдос кішкентайында-ақ балалармен ойнаса, күресе кететін. Алғашында оған онша көңіл бөлмей жүрдік. Ауылдан қалаға көшіп келгенімізде ағасы екеуі үйдің жанындағы спорт мектебіне барып жүріпті. Бұл жайды естігенімізде де аса мән бере қоймадық. Бастысы, ұлдарымыздың бетін қайтармадық», – дейді ол. Балуанның алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлов Елдостың бала күнінен татамиде шыныққан спортшы екенін айтады. Жаттығу залына бес жасында келген балуан бір жылдан кейін-ақ, үлкен жарыста жетістікке қол жеткізіпті. Тіпті, салмағы жетпей қалса да, белдесуден бас тартпапты. «Спортқа ерте келсе де, Елдос қабілеті мол бала еді. Қарымын арттыруды міндетім деп санадым. Жаттығуда жылдам, шапшаң қимылдауды үйреттік. Ал қалған балуанға қажетті қимыл, әдіс-тәсілді еңбекқорлығының арқасында өзі меңгерді. Қазір басқа бапкердің қол астында жаттықса да, қарым-қатынасымызды үзген емеспіз. Мен оны өкіл балам деп атаймын. Ол мені екінші әкесіне балайды», – деп чемпионның балалық шағы туралы сыр ақтарады спорт маманы. Бала балуан жасөспірімдер арасындағы жарыстарда көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Бәлкім содан болар, кейіннен ол Астанадағы Қ. Мұңайтпасов атындағы спорт мектебіне шақырту алады. Бірер жылдан соң Алматыдағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына ауысады. Бірақ, көп ұзамай денсаулық жағдайына байланысты Таразға қайта оралуына тура келіпті. «Елдос бұл жетістікке талмай еңбектенуінің арқасында қол жеткізді деп ойлаймын. Кезінде боз кілемде күрескен спортшының алдында қандай қиындықтар кездесетінін жақсы білемін. Ол кедергіге қарамады, тоқтамай алға ұмтылды. Сөйтіп дегеніне жетті», – дейді Елдостың әкесі Бақтыбай Сметов. Азия ойындарының финалында биылғы әлем чемпионы моңғол балуаны Гандбат Болдбаатарды жеңген дзюдошының жолына бүкіл қазақ елі үмітпен қарайды. Сметовтің қазіргі бапкері Ғалымжан Жылқышиев шәкіртінің осы додада Гандбатпен жолы түйісуі мүмкін екенін ойлап, тактикалық жаттығулар жасағанын айтады. «Елдостың артықшылығы – жылдамдығында әрі оқу-жаттығу жиындарында қолымен көп жұмыс жасадық. Қолына көп күш жинады. Қарсыласын татамиден бас көтертпей, тырп еткізбей ұстау үшін қолың қуатты болуы керек», – деген бапкер Елдостың күрестегі ерекшеліктері жайлы сұрағанымызда. Иә, Елдостың алар асуы әлі алда. Ендігі белес – әлем чемпионаты. Ар жағында арман болған Олимпиада шыңы мұнартып тұр. Тынымсыз еңбектенсе, жамбылдық балуанның бұл биіктерді де бағындырарына сенім мол.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді