Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Азиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін қабылдады
Кешегі мен бүгінгіні салыстырсаңыз көңіліңізде үміт оты маздай түседі. 2010 жылғы Азиада ойындарында жамбылдықтар спорттың екі түрі ғана бойынша бақ сынаса, биыл Инчхонға 21 саңлақ аттанды. Олардың үшеуі елге оралып та үлгерді. Құр қол емес әрине, елдің атын шығарып, үлкен табыспен қайтты.
Жаттығу залында шүмектеп төгілген тердің арқасында Азия ойындарында дзюдодан еліміздің жүлде қоржынына тұңғыш рет алтын медаль салған Елдос Сметовті, күміс жүлдегер Азиз Қалқаманұлын, қолаға қол жеткізген Линария Мингазованы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдады. – Қай салада болсын, еңбектеніп, тер төкпейінше жетістікке жете алмайсың. Облыс орталығында ғажайып «Тараз-Арена» спорт кешенінің салынуы – Елбасының cпортты дамытуға баса көңіл бөліп отырғанының көрінісі. Соның арқасында біздің спортшыларымыз барлық жағдай жасалған сарайда жаттығуға мүмкіндік алды. Қазіргі кезде спорт залдар аудандарда да бой көтеруде. Жамбылдықтардың XVIII Азия ойындарында қол жеткізген табыстары осындай үлкен қолдаулардың нәтижесі екені анық. «Айша-бибі» су добы клубы спортшыларының қола медальға қол жеткізген жетістігі, дзюдодан Елдос Сметовтің алтын жүлдені жеңіп алуы, Азиз Қалқаманұлы мен Линария Мингазованың күміс және қола жүлдегер атанып, туымызды көкте желбіреткені мәртебемізді асырды. Жалпы, Жамбыл жері спорты арқылы елге мәлім. Даңқты Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Болат Жұмаділовтің жеңісті жолын жалғастыратын осы жастар. Біз жастарымызға сенім артамыз, – деген Кәрім Нәсбекұлы Азиада чемпионы Елдос Сметовке 1 миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Күміс және қола жүлдеге қол жеткізген балуандар Азиз бен Линария екеуі 500 мың теңгенің сертификатын алды. Елдос ендігі бағындырар биігі, арманы – Олимпиада шыңы екенін айтады. «Әкем мен шешем мені кішкентайымнан спорт мектебіне берді. Алғашқы бапкерім Ахмет Жұмағұл және басқа мамандар мені дайындап, үлкен аренаға шығарды. Маған үміт артты. Сол үдеден шықтым деп ойлаймын. Ендігі мақсатым – Олимпиадада Қазақстанның жалауын биікте желбірету. Оған жету үшін алда үлкен рейтингілік жарыстар болады. Соған қатысып, әлемдегі нөмірі бірінші балуан атану керек, – дейді чемпион. Елдос жастар құрамасында өнер көрсетіп жүргенде-ақ, мамандар оған үлкен сенім артатын. Солардың бірі – дзюдодан мемлекеттік жаттықтырушы Ержан Байжұманов: «Жастар арасында дзюдодан тұңғыш әлем чемпионын баптап шығарған Жамбыл өңірінің балуандық мектебі осал емес. Көлденең кедергісінен сақтасын, ендігі Олимпиадада Елдос еліміздің туын желбірететініне сенімдімін», – деген еді Таразға келген бір сапарында. Чемпионның анасы Тоқтагүл баласы Елдосқа балуандық өнер әкесі Бақтыбайдан дарыған дейді. Тоқтагүл Сметованың айтуынша, ол мектепте оқып жүргенінде, кейіннен әскерде де еркін күреспен шұғылданыпты. «Біз Т. Рысқұлов ауданындағы Жалпақсаз ауылында тұрдық. Ол кезде қиын-қыстау кез еді ғой, балалардың болашағын ойлап, Таразға көшіп келдік. Үш ұлымызды да спорт мектебіне бердік. Бірақ, тұңғышымыз өнер жолын таңдады. Елдосым – кенжем. Кеше Алматыдан күтіп алдық, қалаға келген бітіміз осы. Бірден облыс әкімі қабылдап, сый-сияпат көрсетіп жатыр. Қатты риза болдық», – деп ағынан жарылды анасы. Бақтыбай Сметов ұлының спортпен шұғылдануына өзі ықпал еткенін айтады. «Ұлдарым кішкентайында көгалда күресе кететін. Соған қарап, күреске бердім. Елдосты қолынан жетелеп, спорт мектебіне апарғанымда 5-6 жаста еді. Алғашқы жетістігіне 7 жасында қол жеткізді. Содан бері көрсеткіштері жаман болған жоқ. Қажет кезде ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Қалай десек те, әке балаға сыншы ғой», – дейді балуанның әкесі. Спортшы қыз Линариямен де аз-кем тілдесіп үлгердік. Мингазова дайындық жоғары деңгейде өткенін айтады. «Мен өз жеңісіме сенімді едім. Финалға шығуыма тура сол күні аздап сырқаттанып қалғаным кедергі келтірді. Оның үстіне төрешілер де ағаттық жасап, жолымды кесті. Ұпай жағынан басым тұрған едім, бірақ жеңісті Түркменстаннан келген балуанға берді», – дейді ол. «Линария жекелей сында қола жүлдегер атанды. Ал Азиз командалық жарыста күміс медальді иеленді. Елдос пен Азиздің жаттықтырушысы Ғалымжан Жылқышиев», – деп ой бөлісті Мингазованың бапкері Елдос Далабай.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді