«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күлдіков мәжіліске неге келмеді? Әмірғалиев қайда?..

Күлдіков мәжіліске неге келмеді? Әмірғалиев қайда?..
ашық дереккөз
Күлдіков мәжіліске неге келмеді? Әмірғалиев қайда?..

Жайма шуақ тірліктің шырқын бұзып, бір демде әбігерге түсіретін төтенше жағдай­лардың болмай тұрып, алдын алған абзал. Бұл бағытта облыста қандай шаралар атқарылды, өңірде осы жылы орын алған төтенше жағдайлардың себеп-салдары неде? Бейсенбі күні өткен облыстық мәслихаттың кезекті жиырма тоғызыншы сессиясының күн тәртібіндегі алғашқы мәселе осы жайды қаузады. Облыстық мәслихат депутаты Қайрат Терлікбаевтың төрағалығымен өткен мәжіліске облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Облыс аумағындағы орын алған төтенше жағдайлар, онымен күрес және алдын алу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бағдат Данилов баяндама жасады. Оның сөзіне сүйенсек, осы жылдың жеті айында өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда өңірде орын алған төтенше жағдайлар саны 33 оқиғаға немесе 7,8 пайызға артқан. Зардап шеккендер саны 22 пайызға азайған. Өрт саны 84 дәйекке кеміген. Биылғы жазда ауқымды орман өрті оқиғасы Меркі ауданында орын алып, қызыл жалынның 2370 шақырым жерді шарпығаны баршаға мәлім. Онда үш адам шығыны болды. «Қазіргі кезде облыс аумағындағы елді мекендердің үштен бірінің ғана мемлекеттік өрт сөндіру қызметінің көмегін дер кезінде пайдалануға мүмкіндіктері бар. Ал қалған 70 пайызға жуығы өртке қарсы қызмет құрылымдары орналасқан жерден едәуір алшақ жатқандықтан дер кезінде оқиға орнына жетуде қиындықтар туындап жатады. Бес мыңнан астам тұрғындары бар 9 елді мекен өз әкімшілік аумақтарында мемлекеттік өрт сөндіру қызметінің құрылымдарын орналастыруды қажет етеді. Облыстың елді мекендерінде орналасқан 5830 өрт гидрантының 1325-і пайдалануға жарамсыз, ал 184 өрт су қоймасының 52-сі істен шыққан» деді Бағдат Жұмаұлы өз сөзінде. Сонымен қатар ол бүгінде облыста 117 су қоймасының бар екендігін де атап көрсетті. Су да тілсіз жаудың бірі. Баяндамашы соңғы бір жарым жыл бедерінде 19 адам суға кетіп, қаза тапқанын, олардың дені жасөспірімдер екендігін айтты. Өткен жыл мен биылғы жылдың 8 айында облыс аумағында 2406 жол-көлік оқиғалары орын алып, онда 452 адам ажал құшқан, 3791 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Қыс мезгілінде облыстың Қордай, Жуалы, Сарысу аудандарының таулы аймақтарының тұрғындары тоқтаусыз соққан қарлы борандардың салдарынан бірнеше тәулік бойы көлік қатынасынан ажырап қалатыны да көптеген қиындықтар тудыратындығын атап көрсетті баяндамашы. Саладағы қордаланған мәселелер халық қалаулыларының көкейіндегі түрлі сұрақты қозғады. Бірінші болып сөз алған депутат Асаубай Майлыбаев: «Сіз, полковник мырза, жаңа өз сөзіңізде бес мыңнан астам тұрғыны бар облысымыздың тоғыз елді мекенінде өрт сөндіретін бекеттер жоқ дедіңіз. Сонымен қатар Меркі ауданында орын алған 2370 шақырым жерді шарпыған орман өрті салдарынан үш адамның қаза тапқандығын да айттыңыз. Баяндамаңызда тек қана осындай деректер келтірдіңіз. Ал өз тараптарыңыздан сол төтенше жағдайлардың алдын алуда не істедіңіздер? Сонда сіздер өртті болдырмау үшін, өртті өшіру кезінде қандай ережелерге сай жұмыс істеу керектігін қарапайым халық арасында және облыстық телеарна мен БАҚ арқылы түсіндірмейсіздер ме?» деді. – Таудағы өртті сөндірудің өзіндік ерекшелік­тері, қиындықтары бар. Біз профилактикалық шаралар өткіземіз, әрине. Бұқаралық ақпарат құралдарына түрлі мақалалар, бейнероликтер береміз. Өрттің көп жағдайда тұрмыстық үйлерде орын алатындығына байланысты халықпен аула жиындарын да жиі өткізіп тұрамыз, – деп жауап берді бұл сауалға Б. Данилов. Бірақ депутат бұл жауапқа қанағаттанған жоқ. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы: «Төтенше жағдайлар мәселесі облыстық мәслихаттың сессиясында арнайы қаралып отыр. Ендеше неге басқарма басшысы М. Күлдіковтің өзі келіп, баяндама жасамайды? Бүкіл депутатты сыйламағаны ма, бұл? Мәселен, қыс кезінде жолаушылардың еркін жүріп-тұруына көп қиындық тудырады деп Қордай, Жуалы және Сарысудың таулы аймақтарындағы жолдар­дың жайын айттың. Облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, сол жолдарды тазалайтын көптеген техникалар алынғанын неге айтпайсың? Қордайдың асуына қатысты Қорғаныс министрлігімен меморандум бар емес пе? Қиындық туа қалған жағдайда солардың техникасы көмекке келеді. Мұны да айтпадың. Облыстағы су қоймалары туралы да сөз қозғадың. Алайда, сен сол су қоймаларының біреуінің басына барып көрдің бе? Мәселен, үш миллион текше метр суы бар «Дарбаза» деген су қоймасының қайда екенін білесің бе? «Қақпатас» қайда? Олардың қаншасы коммуналдық, қаншасы жеке меншікте екендігін де білмейсің? Сол сияқты «Киров» су қоймасында да он үш миллион теңгеге қыруар жұмыстардың жүргізілгенін білесің бе? Сен төтеннен төтенше жағдай орын ала қалса не істейтінімізді, қалай халықты қорғап қалатынымызды, оған облыс қазынасынан қанша қаржы бөлініп жатқанын, алда қандай шаралар атқаруды межелеп отырғанымызды айтсаң халық сөзіңді дұрыс түсінген болар еді. Сендер облыс әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеп қарамағансыңдар. Біреудің жазып бергенін қазір ежелеп оқып отырсың» деп баяндамашыны сын тезіне алды. Облыс әкімі тарапынан қойылған сауалға жауап таппаған Данилов басшысының шұғыл түрде ведомствоаралық комиссия жиынын өткізіп жатқандығын айтып ақталды. Алғашқы мәселе талқыланған жарыс сөзге облыстық мәслихат депутаты Асқар Нәметқұл, Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Серік Қойбақов шығып, өз ойларын ортаға салды. Бұл жолы да халық қалаулылары мінбеден аталмыш басқарма басшысы Б. Әмірғалиевтің көтерілуін күткен еді. Алайда, ол да мәслихат мәжілісіне келмеген болып шықты. Қос басқарманың басшысын сынаған облыс әкімі: «Депутаттардың көкейіндегі түрлі сауалға жауап беру үшін басқарма бастығының орынбасары емес, өзі келуі керек емес пе? Әлде депутаттарды сыйламайды ма?», – деді. Меркі ауданынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты С. Қалмамбетов Меркідегі орман өртінде орын алған қателіктердің алдағы уақытта қайталанбауын қадағалауда сала мамандары ыждаһаттылық танытуын халық атынан сұрады. Ал облыстық мәслихат депутаты М. Берік төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында үйлестіру жұмысын күшейту керек екендігін айтты. Мәслихат сессиясында облыстық мәслихаттың білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдени даму, қоғамдық және жастар ұйымдарымен байланыс, әйелдер істері мен отбасы-демографиялық саясат мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның атқарған жұмысы туралы аталған тұрақты комиссияның төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Д. Қожамжарованың есебі тыңдалды. Сонымен қатар, сессия отырысында басқа да өзекті мәселелер қаралып, тиісті шешім қабылданды.

Фариза Әбдікерімова,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар