Жібектей сұлу жиен қыз
«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі кейіпкері Қазақстанның халық әртісі Нұржамал ҮСЕНБАЕВА «Менің анам Жуалы ауданының қызы. Батыр бауыржан ауылына бала кезімде талай рет қыдырып келгенмін» дейді – Әлі есімде, анам сізді теледидардан көрген сайын «Бұл қыз сол баяғы, осыдан пәленбай жыл бұрынғы сахнаға шыққан талдырмаш Нұржамал қалпын сақтап келеді» деп таңдануын қоймайтын. Енді бүгін байқап отырсам, нәзік болмысымен сахнада жарқырап, нұрын төгіп тұратын аяулы Нұржамал көптің көзіне де солай көрінетін сияқты. Құпия болмаса, әңгімемізді осының сырын ашудан бастасақ қалай болады? – Пікіріңізге рахмет, әрине. Мұның сыры менің меңгерген мамандығымда, Құдай берген талантымда, осы қабілетімді шыңдауға үлес қосқан жақындарымда жатыр. Құрсағында жатқанда-ақ, әнмен әлдилеп, тәрбиелеген Нарша анамда, кейінірек менің өнерімді түсініп, бағыт-бағдар берген, үлкен жолға өзі салып жіберген Пернебек әкемде, арманыма жеткізген оқуымда, шеберлікке шыңдаған ұстаздарымда, жолымыз тоғысып, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан Төлегенімде, ортамыздағы бала-шаға, немерелерімде жатыр ғой. Жүрегімнің қылын шертіп жібердіңіз-ау, айтайын, бұл қалпымның сыры менің өмірге, өнерге деген махаббатымда жатыр. Өзімді кей-кейде өнердің биігінде қалықтап ұшып жүргендей сезінемін. Бәлкім, солай да шығар. – Ол рас. Қалай десек те саф алтындай бекзат опера өнері әркімнің бағына бұйыра бермейтін бақыт. Өнердің биігіне дейінгі балалық шағыңыз қалай өтіп еді? Арман әлдилеген керемет кездеріңізден оқырмандарыңызға сыр шертіңізші? – Мен бұл туралы сағаттап айтуға бармын. Әңгімемді әлгінде сөз еткен анам Нарша мен әкем Пернебектен бастайын. Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс деген қаласында тұратын осы жарасымды отбасында жеті бала тәрбиелендік. Ішінде өнерге бейімі бар мен және Динара әпкем еді. Әкемнің айтуынша, анам да әнші болғысы келіпті. Әсіресе, маған аяғы ауыр кезінде түнімен «Гәккуді» айтып шығады екен. Кім біледі, анам бір кездері өзінің қолы жетпеген бақытқа бір балам жетсе деп армандаған шығар. Әкем мектептің директоры болды, анам сол мектептің кітапханашысы еді. Ата-анамыздың атына кір келтірмеуіміз керек. Тәртіп темірдей қатал. Әкеміздің қатал талабынан асып кетпедік. Мектепте үздік оқушылардың қатарынан көрініп, көзге түсіп жүрдік. Әнге құмар анам мен ақынжанды әкемнен дарыған қасиет болар, менің жаным әдебиетке, өнерге құмар болды. Өлең оқығанымда жан-жағымды ұйытып алатын қасиетім бар еді. Ойынымыздың ішінде концерт ұйымдастыру да жиі болатын. Үлкен әпкем Динара кезек маған келгенде: «Алдарыңызда – Күләш Байсейітова!» деп хабарлайтын. Қазір ойласам қызық екен-ау, мен сонда басыма апамның орамалын орап тағып, сахнаға маң-маң басып шығатынмын. Өзімді бейне бір сахнада жүргендей сезініп, Күләш апамша Үкілі Ыбырайдың «Гәккуіне» басамын. Қалғандары мені қолпаштап, өзімді әртіс сезініп, арқаланып қалатынмын. Менің сонда шынымен әнші болғым келетін. Қиялыммен талай жерді шарладым. Бірте-бірте, әншілік әлем менің асқақ арманыма айналып кетті. Күләш апамыздың радиодан даусы шықса қосыла кететін болдым, одан Эдита Пьеха, Муслим Магомаевтарға пародия жасайтын болдым. Классикалық қазақ әндері мен бірнеше ариялар топтастырылған күйтабақ тауып алып, соны жан серігіме айналдырып алдым. – Есіміңізді кім қойып еді? – Қазақ баланың атын қоюға үлкен мән берген ғой. Сауалыңызды жақсы қойдыңыз. Өзімнің де осыны айтқым келіп отыр еді. Мен дүние есігін ашқанда да ата-анам баланың атын кімге қойғызсақ екен деп көп ойланыпты. Өзімнен үлкен, сол кезде бірінші сыныпта оқитын Берік деген ағам көппен жағаласып «Мен қоямын» деп бой бермепті. Сонда да үлкендер жағы баланың сөзіне мән бермей қойған ғой. Берік болса «Мен әжемнің баласымын. Ол өлгесін мені ешқайсысың тыңдамай қойдыңдар ғой» деп жылапты. Сөйтсе, мені босанардан бір күн бұрын Арысқа «Дала қызы» деген кино келіп, соған үйдегілердің бәрі де бармақ болған екен. Аяқ астынан толғақ қысып, анам перзентханаға кетіпті. «Кеше апам көре алмай қалған кинода Нұржамал деген қыз бар. Әрі сұлу, әрі ақылды. Қарындасымды осылай атаймын» дейді Берік. Әдемі есімді естігесін ешкім бас тарта алмай, мен Нұржамал атаныппын. – Ең алғаш қолыңызға қандай музыкалық аспап ұстадыңыз? Жалпы әнші болсам деген ой қай жасыңыздан басталды? – Қай кезде, қай жасымда екенін білмеймін, бірақ, ес білгелі әнші болам деген арманмен өстім. Соған қарағанда бұл арманым әлгінде айтқан құрсақтағы тәрбиемен, қанмен келген қасиетке қатысты болуы керек.
Өзім оқитын №8 орыс мектебіндегі ұстазым Горячева бірде әкеме маған фортепиано сатып әперуін сұрады. Мұны мұғалім айтып тұрғаннан соң ба, жоқ әлде қызының қабілетін шыңдағысы келді ме әкем маған арнайы тапсырыспен, кез-келгеннің қалтасы көтере бермейтін әжептәуір құны бар су жаңа фортепиано алып берді. Осы бір ғажайып аспаптың үйге келетініне мен сенбеген едім. Алайда, ол рас болып шықты. Қуанышымда шек жоқ. Әлгі күйсандықтың қасына барып, қайта-қайта ұстай беремін. Ал оның қымбат дүние екенін естіген көрші-қолаң үйге келеді ғой ағылып. Олардың арасында бұл аспаптың не екенін түсінбестен: «Мұны алғанша, тағы бір сауын сиыр алып, бала-шағасына ағарған қылып бермеді ме?» деп кетіп жатқандарын да естіп қалдым. Бала болсам да осы сөзге қатты ойландым. Енді, бұл өзіңіз білетін «ағайынгершілік» қой баяғы. Ондайда анам «қыңқ» демейтін. Ал оның көзіндегі «Көресіңдер, менің қызым талайдың таңдайын қақтыратын керемет әнші болады» деген жазуды мен сонда-ақ оқып қойып ем. – Солай болды ғой. – Иә. Содан сол аспаптың әуресімен бәрін ұмыттым. Сабақта отырсам, оны сағынатын болдым. Әуелі бір саусақпен, сосын екі саусақпен пернелерін басып жүріп, бірте-бірте еркін қимылдайтын болдым. Мектепте берген тапсырмаларды орындап, үйренген гаммаларды, Моцарттың, Бетховеннің туындыларынан үзінділер орындай бастадым. – Жас кезіңізде сізге ғашық болғандар көп болған шығар? Ең алғашқы жауһазын сезіміңіздің иесі Колька есімді жігіт болғанын да білеміз. – Ой, журналистердің білмейтіні жоқ екен. Оны қайдан естідіңіз? – Естіген жоқпын, оқып едім. Нәзира Байырбектің «Нұржамал» атты ғұмырбаяндық кітабынан. – Оқысаңыз сол енді... Біздікі тек хатпен ғана байланыс болатын. Әкеміз қатал адам болды. Кешкі тоғызда есік тарс жабылатын. Біздің үйдің балалары оған үйренген. Кешқұрым сұранып әуре болмаймыз. Ата-анамыз не айтса, сол заң. Негізі, әрбір үйде осындай қаталдық болу керек. Одан бала жаман болмайды. Жазғы демалыс кезінде барлығымыз мектепті сырлап, аз болса да қосымша ақша табатынбыз. Сол табысымызға жаңа оқу жылына өзімізге қажетті заттарды сатып алатынбыз. Үйде мал болды. Сиырды падаға айдап, кешке алдынан күтіп алатынбыз. Өзіңіз айтқан жауһазын сезім бұл тәртіпке бағына ма?! Әлгі Колькамен хат арқылы болса да сөзіміз жарасқаны рас. Соны айтайын.
Мен оқыған Куйбышев мектебінде көркемөнерпаздар ұйымы болды. Әпкем Динара сол ұйымның жұмысына қатысып, квартетте ән айтып жүретін. Оған ілесіп мен де өнер көрсететін едім. Оқушылар арасынан шыққан өнерлі отбасылардың ішінде Галия есімді қыз да болды. Ол – пионерлер ұйымының жетекшісі. Бірде осы қыздың ұйымдастыруымен мерекелік кеш өтті. Осы бағдарламаны тамашалауға оның інісі Колька да келді. Өзі өнерлі екен. Гитарада ән шырқайды, биді жақсы билейді. Сол жолы мені көріп, көзі түскен болуы керек. Одан кейінгі кездесулерде де оның маған деген сезімін білмей қалған жоқпын. Он төрт жасқа толғанымда Кольканың бір құшақ гүлі мен хатын алдым. Өзі де қиялға беріліп, ылғи күнделік жазып жүретін. Өзін ханзада қылып, мені ханшайым етіп, талай-талай армандарын жеткізді. Тіпті, бірде «Үйде газет оқып, диванда отырмын. Бір кезде теледидарды қостым. Концерт басталды. «Алдарыңызда – Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева» деп концерт жүргізушілер хабарлағанда селт етіп қарадым. Сол-ақ екен, сахнаға періштедей болып аппақ көйлек киген Нұржамал шықты» деп жазыпты. Мен сонда күліп қана қойып ем. Колька өзінше армандап, қиялдап жүрсе де менің болашағымды болжап жүріпті ғой. Бұл хаттарды мен әлі күнге дейін сақтап қойғанмын. Кейде адамға өзінің балалығын еске алып тұрған да керемет сезімдер сыйлайды екен. Өйткені, балалық тазалықты үлкен өмірде де сақтай білген адам өзін әркез бақытты сезінеді.
Кейінірек Шымкент қаласындағы музыкалық училищеге оқуға құжатымды тапсырдым да, бар зейінімді сабаққа ғана арнадым. Нәтижесі, көз алдыңызда. – Ол жерде жатақханада тұрдыңыз ба? Училищедегі, одан берідегі консерваториядағы студенттік шағыңыздағы естеліктеріңізбен бөліссеңіз... – Өзім бала кезден сүйіп орындайтын әндердің классикалық өнерге жататынын осы училищенің қабырғасына келіп түсіндім. Сөйтсем, менің жаным дәл осы бекзат өнерге құмар екен. Сондықтан бар ынта-шынтыммен оқудың соңғы курсында вокалдан қосымша сабақ алуды бастадым. Оған вокалдық орындаушылық өнер бойынша сабақ беретін ұстазым Магмура Ғалиқызы көмектесті. Бір жыл бойы консерваторияға дайындалдық. Бірақ, менің ойымда оқуға түсе алмаймын ба деген қорқыныштан гөрі, әкем Алматыға жібере қояр ма екен деген күмән басым болды. Теледидардан Бибігүл Төлегенова апамыздың оқуға жібермеген ата-анасынан қашып кеткендігін естіп ем, егер жағдай осылай болса, мен де өнер үшін осы қадамға барсам қалай болады деп ойлап қоям. Бірақ, осы ойымнан өзім шошып кетем. Бірақ, өнер үшін бұлай да жасауға болады деп жігерлене түсем. Енді осыны әкеме жеткізейін деп, ауылға тарттым. Әкем маған өзім оқыған мектептен жұмыс тауып қойыпты. Енді қайттім? Бар күшімді жинап, жігерімді жанып, ата-анамның алдында тұңғыш рет қатулы сөйледім: «Жоқ! Оқуымды жалғастырамын, әнші боламын». Ал әкем: «Қызым-ау, әнші болу – әртіс болу. Олардың жолы кедір-бұдырсыз болмайды. Тұрмысқа шыққан соң, жаныңдағы адам оны түсіне ме?» деп, қиғылық салды. Алайда, олар ақырында ақылға салып, ақ батасын беріп, шығарып салды ғой. Алып ұшып, Алматыға да жеттім. Бағыма орай, әкемнің туған қарындасы Құрбан әпкейімнің құрбысы Нүрипа менің болашақ ұстазым Бекен Жылысбаев ағамыздың зайыбы болып шықты. Сол кісінің алдына барып, дауыс мүмкіндігімді көрсеттім. Училищені үздікке бітіріп барғаннан соң болар, консерваторияның даярлық курсына емес, бірден алғашқы курсына қабылдандым. Төлегенді алғаш сонда кездестірдім. Студенттік ұйымның жетекшісі екен. Екеуміз танысып, араласып кеттік. Пікірлесіп те жүрдік. Кейін мен өзімнен үлкендеу жігіттен бойымды аулақ ұстауға тырыстым. Неге екенін өзім де білмеймін, одан алыстап кеттім.
Кейінірек үшінші курсқа келгенімде өзіммен қатар Әмірханмен тіл табыстым. Ол да консерваторияның музыкалық аспаптар кафедрасында оқитын. Көздеген мұратымыз бір көрініп, қол ұстасып кете бардық. Оқу бітірген соң, асқақ арманымды орындағым келіп, қалада қалуға бел байладым. Осылайша, жолымыз екіге айырлып кете барды. Мені өнерге деген махаббатым жеңді. Бұл тақырыптан қанша айналып өтсем де қаша алмасым белгілі ғой. Сондықтан айтайын, мен сол кезде қолымнан ұшырып алған құсымды қайта қондырғандай болдым. Өнерімді де, өзімді де шын түсінетін Төлегеніммен қайта қауыштым. Бұрынғы сөндіре салғымыз келген тасадағы сезім қайта оянды. Бүгінде екеуміздің тәрбиелеп отырған төрт бала-шағамыз, немереміз бар. – Ақыры бастаған соң, сұрап қалайын. Күләш Ахметованың жұбайы ақын Қайырбек Асанов ағамыздың «Екі ақынның бір үйде тұруы, лаулап жанып жатқан екі пеш сияқты» дегені бар еді. Екі жұлдыздың жарастығы қалай, жалпы? – Дұрыс айтқан екен. Екі өнер адамының бірге тұруы да осы сияқты. Бірақ, Төлеген өте сабырлы, байыпты. Менен гөрі ақылдырақ. Барлық істің оң шешімін тауып отыратын – сол. – Төлеген ағаның мінезі қандай? Өзге отбасылардағыдай ер адамның әйелге дауыс көтеруі, ашу шақыруы шаңырақтарыңызда орын ала ма? – Әрине, болады. Біз де ет пен сүйектен жаратылған адамбыз ғой. Бірақ, жас айырмашылығымыз біраз болған соң ба, Төлегеннің менен артық ақылды екені көрініп тұрады. Көбіне, оған арқа сүйеп кеткенмін. Бәрін жақсылап түсіндіріп берген кезде, мен келісе кетемін. – Гастрольдік сапарларға жиі шығасыз. Төлеген ағамыздың сізді қызғанып қалған кездері бола ма? – Адам қызғана да біледі. Бірақ, оған орынсыз жол бермеу керек. Ол сезім сені жейді, құртады. Менің де оны қызғанып қалатын кездерім болған. Ондай сәттерде жаман нәрсе ойламауға тырысамын. Өзімнің назарымды жақсы нәрсеге аударамын. Ондайда Төлеген кәнігі ақылына салып: «Сені қайда жүр? Кіммен жүр? Не істеп жүр?» деп ойланатын болсам, мен баяғыда жынданып кетер едім» дейді. Сондықтан, біз тек жақсы нәрсені ойлауға тырысамыз. Өзімізді осыған тәрбиелеп қойғанбыз. – Сіз танымал әнші ғана емес, отбасының ұйытқысысыз, анасыз. Отбасын бақытты етуде әйелдің рөлі қандай? – Қазақта «ырыс, қайда барасың?» десе, «ынтымағы жарасқан елге барамын» деген нақыл бар. Жанжал, ұрыс тұрған жерде ырыстың болмайтыны анық. Әйел ақылды болса отбасында береке де, бәрі де болады. Отбасымызда орын алып жатқан кез-келген жайтқа бей-жай қарай алмаймын, барлығына көңіл бөліп отырамын. Бұл менің Нарша анамның сүтімен келген тәлім-тәрбие. Анам өмірден озғанда арыстықтардың қабырғасы қайысып «Нарша десе Нарша еді» десті. Үнемі «Дастарқанымыз жиылмағай, қонақтарымыз тыйылмағай» дегенді аузынан тастамайтын анам. Әкемнің өзі: «Қазақтың дүниежүзілік деңгейдегі дастарқаны – біздің Наршаныкі» деп отыратын. Аралас-құралас жандардың барлығы менің ата-анамнан тәлім алып, тағылымданатын. Әкеден – өсиет, анадан – қасиет алдық. Мен анама ұқсауға тырысамын. Ол өзі осы облысқа қарасты Жуалы ауданының қызы. Қасиетті Жамбыл жерінің жиенімін. Сондықтан Бауыржан Момышұлы ауылын өте жақсы білемін. Бала кезімізде талай қыдырып келіп, кетіп жүрдік. Қазір де оған атбасын бұрмай кетпейміз. – Сіздің бір ерекшелігіңіз әр елдің шығармасын өз тілінде орындайсыз? Жалпы қанша тіл білесіз? – Мен опера әншісімін. Осы саланың кәсіби білімін меңгергендіктен негізінен опералық әндерді аудармасыз, өз тілінде орындаймын. Ол итальян, неміс, француз, орыс және қазақ тілдерінде болуы мүмкін. Консерваторияда оқытқанда итальян тілі міндетті пән болып есептелді. Өйткені, операның отаны – Италия. Ал неміс тілін мектепте, кейіннен арнайы маманнан сабақ алып үйренген болатынмын. Сосын, халықаралық қатынас тілі болғандықтан, ағылшынша да аздап сөйлей аламын. – Әңгімеміз бала Нұржамалдың арманы орындалғандығын айғақтап берді. Енді бүгінгі өнердегі өз биігін бағындырған Нұржамалдың қандай арманы бар екен, соны білгіміз кеп отыр. – Шығармашылығымның 30 жылдығын опералық спектакльдермен, концерттермен өткізсем деймін. Бұл бір жағынан тыңдармандарымның алдындағы есебім де болар еді. – Шәкірттеріңіз бар ма? – Шынымды айтсам, жоқ. Түрлі шараларға қатысып, ылғи іссапарда болатындықтан уақытым өте тығыз, шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндігім аз. Көмек сұрап келген талантты жастардың бетін қайтарған емеспін, үнемі ақыл-кеңесімді айтып, бағыт-бағдар беріп отырамын. – Кезінде операға, жалпы, классикалық өнерге деген қызығушылық керемет болған деседі. Күләш Байсейітова бастаған бекзат өнердің тарландары өмір сүрген қоғамды айтамын. Осындай талғамды ояту үшін не істеу қажет? – Қазақ операсында талантты жастар өте көп. Бізге қарағанда олардың білімдерін шетелдерде жетілдіруге мүмкіндігі көбіректігіне кейде қатты қызығамын. Жиі-жиі гастрольдік сапармен де шыға алады. Дұрыс айтасыз, бұрын мектептерге, училищелерге, зауыт-фабрикаларға барып, әуелі операның қандай өнер екенін түсіндіріп, артынан концерт қоятынбыз. Меніңше, осы дұрыс жол. Осы үрдісті жалғастыру арқылы халықтың қызығушылығын қайта оятуға болады. Дегенмен, классикалық өнерге деген бетбұрыс ептеп болса да жақсарып келеді. Байқаймын, соңғы кездері мұндай концерттердің барлығында залда ине шаншар орын қалмайтын болған. – Өзіңіздің орындауыңыздағы «Қыз Жібек» операсын талай рет тыңдадым. Ғажап орындайсыз. Осы қойылым сізді әнші ретінде зау биікке көтеріп жіберді. Кезінде Ғабит Мүсіреповтің өзі «Менің Жібегім осындай болуы керек» деп маңдайыңыздан сүйген екен. Жібектің партиясы сізге несімен қымбат? – Бұл партиямен мен әртіс ретінде тұңғыш рет сахнаға шықтым ғой. Әрі бірде бар, бірде жоқ, соңғы лектегі рөлмен емес, Қыз Жібекпен шықтым. Мемлекеттік емтиханға дайындалып жүріп, үлкен сахнадан бір-ақ шықтым. Абай атындағы академиялық опера және балет театрының 50 жылдық мерекесіне арналып қойылған «Қыз Жібек» спектаклінде бірден басты рөлді сомдау керемет жаңалық болатын. Ол кездегі қобалжуды, жүрек дүрсілін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бір кездері өзім сүйіп тыңдаған Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Шабал Бейсекова, Бибігүл Төлегенова сынды дүлдүлдердің, көмейіне бұлбұл ұя салған жезтаңдай әншілердің ән салған сахнасына мен де шыққалы тұрмын. Ту-у-у, қатты толқығаным есімде. Маған сол жолы қазақтың тұңғыш опера әншісі Күләш Байсейітовамен бірге талай рет ән салған Байғали Досымжановтың таңдауы түсіп еді. Бір топ үміткердің ішінен осы рөлге мені бекітті. Сөйтіп, ойламаған жерден үлкен мүмкіндікке ие болдым емес пе?! – Әрине, білдей бір оқу ордасын бітірген кәсіби әншілердің өздеріне бірден бас партия сеніп тапсырылмаған ғой. – Міне, міне, менің де айтып отырғаным осы. Мен білетін шетелдік өнер жұлдыздары, тіпті, өзіміздің әншілеріміз де ұстаз тұтып жүрген Ирина Архипова, Галина Вишневскаялар да бірден бұлай кіріспеген. Сондықтан, бұл рөлдің менің еншіме бұйыруы зор жетістік болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілікті қажет ететін сынақ болды. Осы партияны ойдағыдай орындап, ұстаздарымның үмітін ақтасам, көпшіліктің көңілінен шықсам өзіме өнер деген даңғыл жолға жолдама берілетініне сендім, өнер деген ғажайып әлемнің есігі айқара ашылатынына көзім жетті. Бұл жолда маған қолдау білдірген, демеу жасаған ұстазым Бекен ағай Жылысбаев еді. Менің даусым лирикалық сопрано болса да, оны диапазоны, күші жағынан мығым колоратуралық сопраноға дейін көтере білді. Ылғи да маған: «Қызым, есіңде болсын, сахнада жүрек ыстық, ми салқын болуы керек. Бабыңды да, ақыл-есіңді де жоғалтпа. Өзіңнің даусыңа, үніңе саналылықпен қара. Дауыс аппаратыңды салқын мимен ғана басқара аласың, игере аласың» деп отыратын. Сөйтіп не керек, сол жолы Төлегеннің партиясын орындаған, қазақ өнерінің майталманы Әлібек Дінішевпен, Жібектің жанындағы жеңгесі болып ойнаған Шабал Бейсековамен бірге өнер көрсеттім. Бала күнімнен аузымнан тастамаған «Гәккуді» сахнада алғаш рет орындадым. Әсіресе, операның төртінші актісіндегі Төлегенінен айырылған Жібектің жоқтауына үлкен мән берілетін. Жасынан сүйген жігітінен айырылып, күйіктен суға кететін мұңлықтың бейнесін сомдау маған оңайға соққан жоқ. Спектакль аяқталғанда жұрт жаппай орындарынан тұрып, үзіліссіз қол шапалақтарын соғып тұра берді, тұра берді... Мен бұл қошеметті елу жылдан бері өздеріне таныс «Қыз Жібектерінің» бүгінгі орындалуын ерекше ықыластарымен тамашалағанын сезіндім. Осы сәтте операның либреттосын жазған көрнекті қаламгер Ғабит аға Мүсірепов көтерілді сахнаға. «Мінеки, менің Жібегім осындай болуы керек» деген ыстық ықыласын да сол кезде маңдайымды сүйіп тұрып білдірген еді. Бұл сөз әлі күнге дейін менің өнер әлеміне алған ақ батам сияқты болады да тұрады. – Осы батамен қанаттанған Нұржамал әлемдік деңгейдегі опера жұлдызы атанды. Өткенге бір сәт шегініс жасап көрейікші, батыс әлеміне қарай жолыңыз қалай ашылып еді? – Бесінші курста оқып жүріп-ақ, қазақ өнерінің қара шаңырағы – опера театрының солисі болып қабылдандым. Алғаш рет Югославияға гастрольдік сапармен шығатын болдым. Сол жолғы дайындықтардың бірін Нұрғиса аға Тілендиев те келіп көрді. Дайындықтан соң, сахнаға келіп, «Есімі «нұрдан» басталғандардың барлығы талантты болады» деп сұқ саусағын шошайтты. Ұлы маэстродан естіген сөзіме жанымдағылардың барлығы қызығып қарап тұрғаны есімде. Өзім де мұны күтпеп ем, толқып кеттім.
Өстіп жүргенде, мені бір күні театрдың бас хормейстрі Базарғали Жаманбаев аға шақырып алды. Оның сөзінен ұққаным, мен енді қазақ операларын орындаумен ғана шектелмей, еуропалық туындылардың партияларын меңгеруім керек екен. Атақты француз композиторы Жорж Бизенің «Кармен» операсындағы Микаэланың партиясы еншіме бұйырды. Одан кейін осы ағамның ұсынысымен Джорж Вердидің «Травиатасындағы» Виолеттаның бейнесін дайындадым. Ал одан соң, Оффенбахтың «Гоорман ертегісінде» туындысындағы Антония партиясын орындадым. Міне, осылай, осылай батыс әлеміне қарай жол тартып кеттім. – Осы жол сізді Еуропаға аты мәшһүр Элизабет Шварцкофтың шәкірті болуға апарды емес пе? – Мұның өзі күтпеген қуаныш болды. Төлеген ол кезде «Азия даусын» аяғынан тік тұрғызуға атсалысып жүрген. Шығармашылық жұмысымен бірге, баяғыша қоғамдық жұмысын да қолға алды. 1992 жылы болу керек, «Әлемді мәдениет арқылы таниық» атты халықаралық қауымдастығының Қазақстандағы бөлімі құрылып, Алматыда алғаш рет Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өтті. Оны Елбасымыздың өзі ашып берді. Шарадан кейінгі фуршетте өзінің өтінішімен шетелдік журналист қызбен кездестім. Аты Элен екен. Екеуара әңгімеміз жарасып отырып, мен оған еуропалық вокалды меңгергім келетінін айтып қалған болуым керек, ол қуанып кетті. ХХ ғасырдың ең танымал примадонналарының бірі Элизабет Шварцкофтың жақсы танысы екен. Сөйтіп, менің даусым жазылған үнтаспаны өзімен бірге ала кеткен. Бір күні журналист қыздан хабар келді. «Ол кісі сізді қабылдауға келісім берді, тез жетіңіз» деп тұр. Сөйтіп, бір ай тәжірибеден өтуге Швейцарияға тартып отырдым. Өңім бе, түсім бе өзім білмеймін. Әйтеуір жеттім. Швейцариядағы бір айда неміс музыкасын зейіндеумен айналыстық. Штраус пен Моцарттың шығармаларын орындадық. Шыны керек, аты аңызға айналған Мария Калластың өзіне де үлгі болған Элизабет Шварцкофтан алған бір айлық сабағымның өзі сана-сезіміме үлкен сілкініс әкелді. Еуропалық стильге бұрынғыдан бетер құнығып, қызыға түстім десем де болады. – Италиялық опера жұлдызы, ең танымал, ең ұлы үш әншінің бірі Пласидо Доминго қатысатын концертте ән айту қазақ әншілерінің ішінен Әлібек Дінішев пен өзіңізге бұйырды. Бұл сіздің өнердің ең биік шыңын бағындыруыңыз десек бола ма? – Солай десе болады. Өнердегі алғашқы дебюттік қадамымды Әлібек Дінішевпен бірге бастадым. Әлі күнге дейін сахнадағы бірге жүрген әріптесім. Қазақстанның бетке ұстар әншісімен әріптес болу – бақыт. Ал, Пласидо Домингомен бірге Астананың мерейтойына қос дауыста итальяндық «Ұмытпа мені» әнін орындадық. – Жақында ғана «Алтын Еуропа» сыйлығын иелендіңіз. Құтты болсын! Еуропалық өнер одағы тарапынан берілген тартудың дүниежүзінде тек 20 адамға ғана берілгенін естідік. – Рахмет. Мәдени қызмет саласындағы жоғары марапатқа жататын бұл сыйлықты былтыр Прагада өткен қайырымдылық гала-концертінде ән салғаннан кейін алдым. Прагалық Рудольфинумде жаман ауруға шалдыққан балаларды қолдап, олардың заманауи технологиямен жабдықталған ең үздік медициналық мекемелерде емделуіне мүмкіндік беру үшін, қаржы жинау мақсатында өткен концертте операның хас жұлдыздары баритон Филип Банджак, Петр Хромчактар да өнер көрсеткен болатын. Мен де өз кезегімде қарсылық білдірмедім. Қайырымдылықты қайтарымы болсын деп жасамайсың. Өнеріміз осындай қамкөңіл жандарға қолдау болып жатса, одан асқан ештеме жоқ. – Әңгімеңізге рахмет.
Гүлжан Рахман,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді